ChatGPT кеңесіне сенген туристер тауда қалып қойды

ChatGPT кеңесіне сенген туристер тауда қалып қойды
Фото: El.kz

Польшаның Татра тауында Литвадан келген екі турист ChatGPT ұсынған бағытпен жүріп, қиын жартасты аймақта қалып қойған. Оларды кейін құтқарушылар тікұшақпен эвакуациялады.

Оқиға туралы TVN24 телеарнасының журналисі Мацей Станисньский хабарлады. Оның айтуынша, туристер жорық бағытын жоспарлау кезінде жасанды интеллект чат-ботының кеңесіне жүгінген.

Боттан кеңес сұраған туристер өте күрделі, альпинистерге арналған ашық жартасты аймаққа кетіп қалған. Кейін өз күштерімен шыға алмаған соң TOPR құтқару қызметіне хабарласуға мәжбүр болды, – дейді журналист.

БАҚ мәліметінше, саяхатшылар Бес Польша көлі аңғарына (Dolina Pięciu Stawów Polskich) апаратын жолды қысқартқысы келіп, ChatGPT-ден ең қолайлы бағытты сұраған. Жасанды интеллект оларға Свиницкая Лавка (Świnicka Ławka) арқылы өтуді ұсынған.

Нәтижесінде туристер ресми белгіленген бағыттан шығып кетіп, Свиница шыңының солтүстік беткейіндегі Небеска-Турня (Niebieska Turnia) маңындағы қауіпті жартасты аймаққа тап болған. TOPR құтқару қызметі бұл аумақты қарапайым туристік соқпақ емес, альпинистік маршрут санатына жатқызады. Туристер өздігінен төмен түсе алмаған.

Сол күні ауа райы қолайлы болғандықтан, құтқарушылар оларды тез тауып, тікұшақпен Закопане қаласына жеткізді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Фото: Алматы таулары/El.kz
Фото: Алматы таулары/El.kz

ChatGPT неге мұндай бағыт ұсынды?

Журналистер жасанды интеллекттің не себепті осындай қауіпті бағытты ұсынғанын анықтауға тырысқан. Белгілі болғандай, Свиницкая Лавка шынымен бар. Бұл – шамамен 350 метр биіктіктегі Свиница тауының солтүстік қабырғасындағы жартасты белдеу. Оны тәжірибелі альпинистер қабырға бойымен өту немесе альпинистік бағыттан шығу үшін пайдаланады. Яғни ChatGPT ойдан шығарылған жолды ұсынбаған.

Сарапшылардың пікірінше, нейрожелі туристік және альпинистік ақпарат көздерін шатастырып алған. Альпинистерге арналған сипаттамаларда бұл бағыт «жеңіл» деп көрсетілгенімен, ол тек арнайы дайындықтан өткен, сақтандыру құралдары бар адамдарға қатысты. Тексеру барысында журналистер чат-боттан қатесін мойындаған жауап та алған.

Сіз дұрыс айтасыз. Мен сізге бұл асу арқылы жүруге кеңес бермеуім керек еді, – делінген жауапта.

Құтқарушылар не дейді?

Оқиғадан кейін TOPR құтқару қызметі тауға шығатындарға жасанды интеллектті негізгі ақпарат көзі ретінде пайдаланбауға кеңес берді.

Мацей Станисньскийдің айтуынша, тәжірибелі тау гидтерін немесе сенімді туристік анықтамалықтарды ештеңе алмастыра алмайды.

Фото: Алматы таулары/El.kz
Фото: Алматы таулары/El.kz

Татраны жақсы білетін кәсіби гидтердің орнын ештеңе баса алмайды. Олар маршрутты адамның дайындық деңгейіне қарай таңдайды. Міндетті түрде гид болуы шарт емес, бірақ сенімді қағаз анықтамалықтар мен ресми карталарды қолданған жөн, – деді журналист.

TOPR мәліметіне сәйкес, шілде айының алғашқы аптасында құтқарушылар 55 туристке көмек көрсеткен. Оның ішінде 4 шілде күні ғана 25 құтқару операциясы жүргізілген.

Мамандар тауға шығар алдында бағытты міндетті түрде ресми карталармен салыстырып, маршруттың күрделілік деңгейін, қозғалыс бағытын және жабық учаскелер туралы ақпаратты тексеруге кеңес береді.

Навигация үшін арнайы туристік қосымшаларды пайдалануға болады, бірақ олардың көрсеткен бағытын ұлттық парк әкімшілігінің ресми ақпаратымен міндетті түрде салыстыру қажет.

Сондай-ақ Польшада туристерге төтенше жағдайда құтқарушыларға телефонның нақты координаттарын автоматты түрде жіберетін RATUNEK қосымшасын орнату ұсынылады.

Мұндай жағдай алғаш рет емес

Жасанды интеллект кеңесіне сеніп қиындыққа тап болғандар бұған дейін де болған. Мәселен бір отбасы ChatGPT Ресей азаматтарына Солтүстік Македонияға кіру үшін виза қажет емес деп қате ақпарат бергеннен кейін сапарға шыға алмай қалған. Әуежайда ғана алдын ала рәсімделуі тиіс виза қажет екені анықталған.

Тағы бір жағдайда Испаниядан Пуэрто-Рикоға бармақ болған жұп ChatGPT-ден қосымша рұқсат қажет емес деген жауап алған. Алайда рейске тіркелу кезінде АҚШ аумағына кіру үшін ESTA электронды рұқсатын алдын ала рәсімдеу міндетті екені белгілі болып, олар алғашқы рейске жіберілмеген.

Бұл оқиғалар генеративті жасанды интеллект жүйелері кейде қателесуі немесе маңызды мәліметтерді ескермей қалуы мүмкін екенін тағы бір рет көрсетті. Сондықтан саяхатты жоспарлау, виза рәсімдеу немесе қауіпсіздікке қатысты мәселелерде ақпаратты міндетті түрде ресми мемлекеттік органдардың және профильдік қызметтердің деректері арқылы қайта тексерген жөн.

Оқи отырыңыз