Жаңалықтар

Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 783 млн долларды құрады

Екі ел арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау екі есеге өскен
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі 10.02.2023 23:20 798

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚХР Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо Қазақстан мен Қытайдың агроөнеркәсіптік кешені саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ведомствоға сілтеме жасап.

Атап айтқанда, АШМ басшысы Қазақстаннан Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау, жануарлардың аурулары бойынша шектеулерді алып тастау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларының басқа түрлеріне ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу мәселелерін көтерді.

Елші өз тарапынан күн тәртібі шеңберінде айтылған Қытайдың құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға көмектесуге, сондай-ақ басқа да бағыттар бойынша, оның ішінде жерді мелиорациялау және ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Сондай-ақ Чжан Сяо қазіргі уақытта Қытай COVID-19 бойынша барлық шектеулерді алып тастағанын ескере отырып, қазақстандық делегацияның ҚХР-ға бару мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2 есеге жуық өсіп, 783 млн долларды құрады. Қазақстан Қытайға негізінен күнбағыс майын, зығыр тұқымын және майлы дақылдарды сатады, ал елімізге жемістер, көкөністер мен жаңғақтарды импорттайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға