Жаңалықтар

Былтыр 37 мыңнан астам қазақстандық әскерге барған

Былтыр 37 мыңнан астам қазақстандық әскерге барған
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 12.01.2024 00:15 490

2023 жылы әскер қатарын 37 мыңнан астам азамат толықтырды. 4 мыңнан астам сарбаздың несиесі кейінге шегерілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігіндегілер мәлімдеді, деп El.kz ақпарат агенттігі.

Шақыру шаралары көктем мен күз айларында ұйымдастырылды. Әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенінің арқасында бұл науқандар мерзімінен бұрын аяқталған.

37 мың әскерге шақырылушының 16 мыңнан астамы Қарулы күштерге жіберілді. Қалған 21 мың азамат Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды.

Қорғаныс министрлігінің мүдделі мемлекеттік органдар қолдаған әлеуметтік бастамаларының қатарында кредиттік демалыстар, мерзімді әскери қызметін өткергендерге білім алу жеңілдіктерін беру және сарбаздарды жұмысшы мамандықтарына оқыту секілді маңызды мәселелер бар.

Қазіргі таңда 4 мыңнан астам сарбаздың 1,5 млрд теңге сомасындағы несиелері кейінге қалдырылды. Өткен жылы мерзімді қызметін өтеген 615 адам ҰБТ тапсырмай, азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына оқуға түсті.  Оқу орталықтарында экономиканың нақты секторында сұранысқа ие 15 әскери-есептік мамандық бойынша 1195 әскери қызметші дайындалды.

Бұдан өзге де жеңілдіктер баршылық. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мемлекет есебінен заттай мүлікпен, тамақпен және ай сайынғы ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қызмет көрсету кезеңінде мерзімді сарбаздар медициналық қызметтің толық спектрін алуға құқылы. Жалпы әскери жарғыларда айқындалған тәртіппен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге көтермелеу ретінде қысқа мерзімді демалыс беріліп, жол шығындары мемлекет есебінен төленеді делінген министрлік мәліметінде.

Әскери қызмет мерзімі өткеннен кейін немесе денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан босатылған кезде олар 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын алады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі жәрдемақымен қамтамасыз етіледі.

Оқи отырыңыз: 

Техникалық, кәсіптік, жоғары білімі бар әскери қызметшілер алты ай қызмет өткергеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге құқылы. Өткен жылы бұл мүмкіндікті 852 сарбаз иеленді. Бұл ретте оқуға түсу жылы 24 жасқа толмаса, олар жалпы орта білім базасында жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарына қабылдануы мүмкін.

Айта кетсек, жергілікті әскери басқару органдарын цифрлық трансформациялау шеңберінде 17 жастағы жастарды проактивті форматта әскери есепке алу ұйымдастырылған. Бұл өз кезегінде бір миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Алдын ала мәліметтер бойынша биыл 170 мыңнан астам адам тіркелуге жатады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға