Қытайдың BYD компаниясы Ұлыбритания нарығына арнап шығарған жаңа электр автобусын алғаш рет көпшілікке көрсетті.
Sustainable Bus басылымының мәліметінше, C12 DUO деп аталатын 12 метрлік автобус 3-5 қараша күндері Бирмингемде өткен Euro Bus Expo 2026 көрмесінде таныстырылды. Өндірушінің мәліметінше, Blade Batteries аккумуляторларымен жабдықталған автобус бір қуатта шамамен 547 шақырым жол жүре алады.
BYD жаңа модельді қалааралық және өңірлік бағыттарда пайдалануға арналған II санаттағы автобус ретінде де тіркеуге болатынын айтады. Дегенмен C12 DUO, ең алдымен, жолаушыларға жайлы әрі жоғары деңгейде қызмет көрсетуге бағытталған туристік автобус. Екі осьті, ұзындығы 12 метр болатын көлікке 57 жолаушыға дейін сыяды. Ал жүк бөлігінің көлемі – 4 текше метр.
BYD UK Commercial Vehicles компаниясының басқарушы директоры Фрэнк Торптың айтуынша, экологиялық таза қоғамдық көлікке – көшу енді алдағы күннің жоспары емес, жүзеге асып жатқан үдеріс.
C12 DUO таныстырылымы электр қуатымен ұзақ қашықтыққа қатынау қала ішінде ғана емес, қалааралық бағыттарда да мүмкін екенін көрсетеді, – деді ол.
Автобусқа жалпы сыйымдылығы 429 немесе 495 кВт/сағ болатын литий-темір-фосфатты (LFP) аккумуляторлар орнатылған. Өндіруші батареяларға 15 жыл кепілдік береді. Аккумулятор блогы көлік шассиіне тікелей біріктірілген. Бұл автобустың бұралуға төзімділігін арттырып, алдыңғы буынмен салыстырғанда салмағын 8 пайыз азайтуға мүмкіндік берген.
Фрэнк Торп Ұлыбританияда BYD электр автобустарының саны 3 мыңға жеткенін де атап өтті. Оның айтуынша, компания бұл көрсеткішке британиялық тасымалдаушылармен он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеу арқылы қол жеткізген.
Өндіруші жаңа буындағы автобустарының жүріс қоры мен қуаттау мүмкіндігі өңірлік және шалғай елді мекендерге қатынайтын бағыттарды дамытуға жол ашады деп есептейді, – деп нақтылады ол.
Euro Bus Expo 2026 көрмесіне қатысу BYD компаниясының Ұлыбритания нарығындағы орнын нығайта түскенін де аңғартады. Көрме аясында компания елге арналған 3 мыңыншы электр автобусын шығарғанын атап өтті.
Мерейтойлық автобус – Қытайдың Ханчжоу қаласындағы зауытта құрастырылған B11 моделі. Ұзындығы 10,84 метр болатын көліктің екі есігі бар. Ол доңғалақ күпшегіне орнатылған электр қозғалтқыштарымен, литий-темір-фосфатты аккумуляторлармен және CCS қуаттау жүйесімен жабдықталған.