Қытайлық BYD компаниясы Rolls-Royce көлігіне бәсекелес болатын Yangwang Altior атты жаңа люкс электромобилін таныстырды.
Жаңа көліктің ұзындығы 5,6 метрді құрайды. Бұл Rolls-Royce Ghost моделінен де ұзын. Ал капотына 24 караттық алтыннан жасалған эмблема орнатылған.
Электромобиль салоны да ерекше сән-салтанатымен көзге түседі. Онда жайлылығы жоғары арнайы орындықтар, екі тоңазытқыш және 39 динамиктен тұратын аудиожүйе бар. Сондай-ақ Rolls-Royce дәстүріне сай көлік есіктеріне қолшатырлар жасырылған.
Yangwang Altior-дың басты ерекшеліктерінің бірі – төрт тәуелсіз электрқозғалтқышы. Олардың көмегімен автомобиль танк секілді бір орында айнала алады. Өндірушінің мәлімдеуінше, көлік кездейсоқ суға түсіп кеткен жағдайда да су бетінде қалқып тұра алады.
Салондағы ауа өткізгіштер табиғи жадеит минералынан жасалған элементтермен жабдықталған. Бұл материал ауа ағынын тиімді таратуға көмектеседі әрі температураның өзгеруіне төзімді.
Ал екінші буындағы жаңартылған Blade аккумуляторының арқасында электромобиль Қытайдың CLTC сынақ циклі бойынша бір қуаттаумен 1000 шақырымнан астам жол жүре алады.
Жаңа люкс электромобильдің премиум нұсқасына Қытайда алдын ала тапсырыс қабылдау басталған. Оның бағасы шамамен 311 мың доллар немесе 139 миллион теңге.
Осылайша, BYD компаниясы жаңа моделі арқылы әлемдік люкс автомобильдер нарығындағы Rolls-Royce секілді танымал брендтерге бәсекелес болуды көздеп отыр.