Қытайда әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушілердің бірі BYD автотұрағы өртке оранды.
Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Пиншань ауданында орналасқан өндірістік кластер аумағында өрт шықты. Қалың қара түтін аспанды тұмшалап, инвесторларды алаңдатты, ал әлеуметтік желілерде литий аккумуляторларының қауіпсіздігі тағы да қызу талқылана бастады.
Өрт туралы хабар 14 сәуірге қараған түні түскен. Жалын өндірістік парк аумағындағы көпқабатты паркингті шарпыған. Таңертеңге қарай өрт толықтай оқшауланып, сөндірілді.
Компанияның өзі ресми мәлімдеме жасап, жағдайды түсіндіруге асықты:
Өрт сынақтан өтіп жатқан прототиптер мен утилизацияға жіберілетін көліктер сақталатын арнайы гаражда болды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, негізгі өндіріс процесі зардап шеккен жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, өртке жабдықтарды бөлшектеу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін. Дегенмен нақты себептері әлі анықталып жатыр.
Куәгерлер түсірген кадрларда өрт орнынан көтерілген қою қара түтін аспанды тұмшалағанын көруге болады. Соған қарамастан ресми деректерде ешкімнің зардап шекпегені айтылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Өндіріс пен нарыққа әсері
BYD өкілдері оқиға негізгі өндірістік цехтармен байланысты емес екенін атап өтті. Зауыттың өндірістік желілеріне зақым келгені туралы да ақпарат жоқ, жұмыс қалыпты режимде жалғасып жатқан көрінеді.
Алайда нарық мұндай кезде үнсіз қалмайтыны анық. Компания акциялары Гонконг биржасы саудасында шамамен 1%-ға төмендеп, 109,3 HK$ деңгейіне түсті. Сарапшылардың айтуынша, инвесторлар Қытайдағы ірі технологиялық компанияларға қатысты кез келген оқиғаға қатты мән береді.
Электромобиль өрті неге қауіпті?
Мамандар электромобильдердің жануы іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерден өзгеше екенін айтады. Литий аккумуляторлары ұзақ уақыт жанып, қайта тұтануға бейім келеді, сондықтан мұндай өртті сөндіру әлдеқайда күрделі.
Дегенмен бұл жолы өрттің көршілес цехтарға таралмауы қауіпсіздік жүйелерінің жоғары деңгейде жұмыс істегенін көрсетсе керек.
Компания үшін қиын кезең
Қазір BYD онсыз да қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. 2026 жылдың наурыз айында компания 300 222 электромобиль сатқанына қарамастан, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сарапшылар жалпы сатылымның қатарынан жеті ай бойы төмендеп келе жатқанын айтады.
Енді компания тек өрттің нақты себебін анықтап қана қоймай, бұл оқиғаның сериялық модельдерге деген сенімнің құлдырап кетпеуі үшін де жұмыс істеуі керек.