Жаңалықтар

БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнді атап өтті

БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнді атап өтті
Фото: ҚР СІМ 07.09.2024 14:38 704

Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған дәстүрлі іс-шаралар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СІМ мәліметінше, Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының бірауыздан қабылданған қарарына сәйкес, Бас Ассамблеяның Төрағасы Деннис Фрэнсис жоғары деңгейдегі пленарлық отырысты ашты.

33 жыл бұрын Қазақстанда Семей ядролық полигоны түбегейлі жабылды, онда Кеңес Одағы 456 ядролық сынақ өткізген. Бұл шектеусіз ядролық сынақтарды тоқтату бойынша жаһандық күш-жігердің бұрылыс нүктесі болды. Бүгін біз ядролық сынақтарды толық әрі біржолата тоқтатуға қайта беріктігімізді растауымыз керек, – деп атап өтті Д. Фрэнсис.

БҰҰ жоғары трибунасынан спикерлер Қазақстанның көшбасшылығы мен ядролық сынақтардың ауыр зардаптары туралы хабардарлықты арттыру ісіне бейілдігі үшін алғыстарын білдірді. БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілінің орынбасары Адедеджи Эбо БҰҰ Бас хатшысының ядролық қаруды сынақтан өткізуге мораторийді жариялауға шақыруын қайталады.

Спикерлер Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуінің маңыздылығын атап өтті. ЯСЖТШ ұйымының атқарушы хатшысы Роберт Флойд шартқа 187 мемлекет қол қойғанына және оның 178-і ратификациялағанына қарамастан, шарт күшіне енуі үшін қажетті 44 мемлекеттің тоғызы әлі ратификациядан өткізбегенін еске салды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров ядролық сынақтардың апатты зардаптарын еске түсіре отырып, Қазақстанның ЯСЖТШ-ға берік қолдаушы екенін растады және Ядролық қаруды таратпау туралы шартының (ЯҚТШ) және Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартының (ЯҚТСШ) универсализациясына шақырды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауының үзіндісін келтіріп, онда Мемлекет басшысы еліміздің БҰҰ Жарғысымен қатаң сәйкестікте қарусыздану саласындағы кең ауқымды көпжақты ынтымақтастыққа бейілділігін ерекше атап өтті.

Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруда маңызды рөл атқарды. Бұл қарусыздандыруды жүзеге асыруда өңірлік ынтымақтастықтың күшін көрсетеді және әлемнің басқа өңірлеріне үлгі бола алады. Қазақстан Кирибатимен бірге ядролық сынақтар құрбандарына көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру жобаларын қаржыландыруға арналған Халықаралық қор құруды пысықтауда, – деп атап өтті қазақ дипломаты.

БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінде өткен қабылдауда делегациялар ядролық қаруды таратпау және қару-жарақты жою саласындағы қазіргі қауіптер мен мүмкіндіктер, сондай-ақ ЯҚТШ, ЯСЖТШ және ЯҚТСШ сияқты негізгі халықаралық құқықтық құралдар туралы пікір алмасты. Тұтастай алғанда, қатысушыларының пікірінше, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ядролық сынақтардан азат әлемге қол жеткізу бойынша жаһандық күш-жігерді одан әрі жұмылдыруға арналған мықты алаң.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға