Өзін БҰҰ ұйымының дәрігері ретінде таныстырған белгісіз ер адамға қазақстандық әйел бірнеше жыл бойы ақша аударып келген. Қарызға батып, үйі мен көлігін сатуға мәжбүр болған әйел әлі күнге дейін оның алаяқ екеніне сенбейді.
Бұл оқиға туралы оның қызы Threads әлеуметтік желісінде жазып, көпшіліктен көмек сұраған. Біз мәселенің мән-жайын анықтап, мұндай жағдайда қандай әрекет жасау керектігін адвокаттан сұрадық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Threads қолданушысының оқиғасы
Жақында Threads әлеуметтік желісінде бір оқырман отбасында болып жатқан жағдайды баяндап, көпшіліктен кеңес сұрады. Оның айтуынша, анасы бірнеше жылдан бері Facebook және WhatsApp арқылы өзін шетелдік азамат, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметкері ретінде таныстырған ер адаммен хат жазысып келген.
Оқырманның сөзінше, әлгі адам әйелінің қайтыс болып кеткенін алға тартып, түрлі себептермен қаржылық қиындыққа тап болғанын жеткізген. Бірде еліне қайта алмай жүргенін, енді бірде жалақысын уақытында ала алмағанын алға тартып, ақша сұраған.
Анамның оған: «Осы айда 650 доллар жіберемін, жетеді ме?» деп жазғанын көрдік. Бұл бірінші рет емес сияқты. Бірнеше жыл бұрын осы адам үшін шамамен 7-8 миллион теңге көлемінде кредиттер мен микрозаймдар алған. Сол қарыздарды жабу үшін отбасымыз көлік пен үйді сатуға мәжбүр болды, – дейді оқырман.
Отбасы мүшелері әлденеше рет мұның интернет алаяқтарының классикалық схемасы екенін түсіндіруге тырысқан. Тіпті ер адамның фотосын арнайы іздеу жүйелері арқылы тексеріп, дәл сол суретті алаяқтар туралы сайттардан тапқан. Алайда әйел оған сенуден бас тартпаған.
Бұл тақырыпты қозғасақ болды, ұрыс шығады. Ашуланып кетеді де, оған тұрмысқа шығатынын, шетелге кететінін айтады. Қазір банк операцияларын жасырады, хаттардың бәрін өшіріп тастайды. Жалақысын қайда жұмсайтынын білмейміз, – дейді қызы.
«БҰҰ дәрігері» туралы аңыз
Оқырман анасының жоғары білімді, жасы елуден асқан адам екенін ерекше атап өтеді.
Мұндайға тек аңқау адамдар алданады деген пікірдің қате екеніне көзіміз жетті. Әлгі адам өзін Бернард деп таныстырған. БҰҰ-да дәрігер болып істейтінін айтқан. БҰҰ логотипі бар түрлі құжаттар мен хаттарды жіберген. Телефон нөмірі +1 кодынан басталады. Қазір тағы 4870 доллар туралы хабарламаларды көріп қалдық, – дейді ол.
Ақшаны қайтаруға бола ма?
Ендеше мұндай оқиға біздің қоғамда көп. Сондықтан біз желі қолданушысының жағдайын адвокат Әлімжан Жұбатқановтан сұрап көрдік. Оның айтуынша, интернет арқылы танысқан бейтаныс адамдарға ақша жіберу аса қауіпті.
Бейтаныс адамға ақша жіберуге болмайды. Алаяқтар әртүрлі сылтау ойлап табады. Көбіне жалған аккаунттар пайдаланады, өз аттарына тіркелмейді. Сондықтан оларды анықтау қиын. Оның үстіне мұндай алаяқтар шетелде отырып әрекет етуі мүмкін. Полиция оларды әрдайым таба алмайды. Қазақстанда банк картасы, шот деректері немесе басқа да нақты іздер болған жағдайда ғана күдіктіні анықтау жеңілдейді, – дейді адвокат.
Соңғы жылдары интернет алаяқтық фактілері күрт көбейген. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сенімге кіріп, кейін ақша сұрайтын жағдайлар жиілеп отыр.
Адвокаттың сөзінше, мұндай жағдайда жәбірленуші ақшасын қайтарып алуы мүмкін, бірақ бұл нақты істің мән-жайына байланысты.
Егер адам банкке және құқық қорғау органдарына дереу хабарласса, қаражатты қайтару мүмкіндігі жоғары болады. Ал уақыт өтіп кетсе, ақша бірнеше шот арқылы жүргізіліп немесе қолма-қол шешіліп алынған жағдайда істі тергеу айтарлықтай күрделенеді, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
«Ақшаны үшінші тұлға арқылы алады»
Қазақстанда мұндай қылмыстарды киберқылмысқа қарсы бөлімшелер тергейді. Тергеу барысында банк шоттарының қозғалысы, телефон нөмірлері, IP-мекенжайлар, құрылғы деректері, мессенджерлердегі хат алмасулар мен бейнебақылау жазбалары зерттеледі.
Егер күдікті шетелде болса, халықаралық құқықтық көмек тетіктері іске қосылады. Алайда мұндай істерді тергеу бірнеше айға, кейде бірнеше жылға созылуы мүмкін.
Адвокаттың айтуынша, ақшаны қайтару мүмкіндігі мынадай жағдайларда жоғары болады:
- қаражат дер кезінде бұғатталса;
- алаяқтың жеке басы тез анықталса;
- ақша басқа шоттарға таратылып үлгермесе.
Ал қаражат бірнеше шот арқылы өткізілген, қолма-қол шешілген немесе шетелдік шоттарға аударылған жағдайда шығынды өндіріп алу әлдеқайда қиын.
Соңғы жылдары құқық қорғау органдары ерекше назар аударып отырған мәселелердің бірі – дропперлер. Бұл – өз банк картасын немесе шотын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген адамдар. Алаяқтар ұрланған ақшаны көбіне осындай адамдардың шоттары арқылы өткізеді. Заң бойынша дропперлер де жауапкершіліктен босатылмайды және қылмысқа қатысушы ретінде жауапқа тартылуы мүмкін, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық жасағаны үшін айыппұлдан бастап, ауыр жағдайларда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Интернет алаяқтыққа тап болған адам міндетті түрде ақша аударымдарының түбіртектерін, банк деректерін, хат алмасу жазбаларын, телефон нөмірлерін және өзге де дәлелдерді сақтап, құқық қорғау органдарына ұсынуы тиіс, – дейді ол.
Өйткені мұндай істерде ең маңызды фактор – уақыт. Неғұрлым ертерек әрекет жасалса, соғұрлым қаражатты қайтару мүмкіндігі жоғары болады.
Алаяқтар қандай кейіпке енеді?
Психологтардың айтуынша, романтикалық алаяқтықтың құрбаны болу адамның білім деңгейіне немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты емес. Алаяқтар алдымен эмоционалдық байланыс орнатады, жалғыздық сезімін пайдаланады, сенім қалыптастырады.
Кейін қаржылық көмек сұрап, түрлі сылтаулар айтады. Уақыт өте келе жәбірленуші өзіне жақын адамдардың сөзінен гөрі алаяқтың сөзіне көбірек сенетін жағдайға жетуі мүмкін.
Соңғы жылдары әлемнің көптеген елінде өзін әскери қызметкер, дәрігер, БҰҰ қызметкері немесе шетелде жұмыс істейтін маман ретінде таныстыратын алаяқтардың әрекеті жиілеген.
Олар көбіне әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашып, басқа адамдардың фотосуреттерін пайдаланады.