Жаңалықтар

"Бурабай" ұлттық паркінде жабайы жануарлардың саны өсті

"Бурабай" ұлттық паркінде жабайы жануарлардың саны өсті
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 24.08.2024 21:28 391

"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жабайы жануарлардың саны едәуір артқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жергілікті аң-құстардың тыныс-тіршілігін бақылау, қорғау және азықтандыруды тиімді ұйымдастыру жануарлар санының өсуіне қолайлы жағдай туғызып отыр.

"Бурабай" МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы 5 жылда бұландардың саны 2,5 есеге өсіп, 122 басқа жетсе, сілеусін популяциясы 4 есе ұлғайып, 48 басты құрады. Сонымен бірге, бұғылар 108-ге, елік 25-ке, түлкі 14-ке көбейді. Бұл ұлттық парктің ғылыми мамандары жариялаған негізгі жабайы аңдар санағының нәтижелері.

Соңғы жылдардағы қыстың қаталдығына қарамастан ұлттық парк аумағында жабайы жануарлардың айтарлықтай көбейгені байқалады. Бұл ұлттық парк ұжымы үшін қуанышты жайт. Дұрыс бағытта жұмыс атқарып, табиғи ресурстарды сауатты басқарып, биотехникалық шараларды сапалы жүзеге асырып жатқанымызды көрсетеді. Осынша күш-жігердің арқасында ең қиын климаттық кезеңдерде де жануарлар популяциясын сақтауға болады", – деді "Бурабай" МҰТП жануарлар әлемін қорғау және өсімін молайту бөлімінің басшысы Юрий Зелинский.

Ұлттық парк инспекторлары жануарлар әлемін қорғау және өсімін молайту бөлімінің мамандарымен бірлесіп, жануарлардың ізін мұқият зерттей отырып, жиналған деректерге тұрақты мониторинг, санақ және талдау жүргізеді. Сондай-ақ, фототұзақтар арқылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда визуалды бақылау жасайды. Бұл оларға аң-құстар популяциясын бақылап, биотехникалық жұмыстарды жоспарлау үшін қажет.

Жануарлардың көбейгені – барша әріптестеріміздің күнделікті жұмысының нәтижесі. Біз үшін табиғи мұраны сақтап қана қоймай, оны болашақ ұрпақ игілігі үшін дамыту да маңызды, – деп атап өтті Ю.Зелинский.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға