Жаңалықтар

Бұлбұл, хоккей және пешеней

Спортшының хоббиі
Бұлбұл, хоккей және пешеней
09.01.2017 16:28 5734

Егер сіз жәрмеңкеде пешеней пісіретін хоккейші қызбен кездейсоқ таныссаңыз, бұл – тамаша жүздесу. Егер ол ешкімде жоқ ерекше пешенейлер пісіретін болса, тіпті жолым болды деп есептей беріңіз! Өйткені, дәл мұндай сан қырлы кейіпкер сізге күнде кездесе бермейді.

Елордадағы мерекелік жәрмеңкелердің біріне барғанмын. Сансыз әшекейлер мен орамалдар, қолдан жасалған бұйымдар тағы да алдымнан шықты. Бұлардың бірі де маған таңсық емес еді. Еріксіз назарымды аудартқан жалғыз нәрсе – болжам жазылған пешеней болды.

Ішінде алуан түрлі болжам жазылған қағазы бар пешенейлерді Бұлбұл есімді хоккейші қыз пісіреді. Иә, иә, хоккейші! Бұлбұл – Астана қаласындағы «Томирис» хоккей командасының капитаны. Кейіпкерім өзінің өмірін спортсыз елестете алмайды. Жарайды, бұл жөнінде кейінірек біле жатарсыз. Ал, қазір Бұлбұлдың өзіне сөз берейік:

        Идея қалай туды?

Биыл Астанаға келгеніме 4 жыл болды. Өзім хоккейші болғандықтан, күнімнің жартысы мұз үстінде өтеді. Өткен күзде осыған дейін жаттығудан басқа ештеңеге бас қатырмай келгенімді түсіндім. Бірсарынды өмірімді өзгерту үшін кәсіпкерлік курсына жазылдым. Ол жердегі адамдардың бірінде бос уақыт жоқ, бәрінің басы идеяға толы. Қарап отырып қызығасың! «Мен қандай старт-ап жоба бастаймын?» деп көп ойландым. Бір қарағанда, хоккейден басқа нәрсеге қызығушылығым да жоқ сияқты. Алғашында мәтін басумен шұғылдансам ба дедім. Бірақ, одан тез жалығып кететінімді сездім.

 

Бір күні әлдебір америкалық сайтты ақтарып отырғанымда, қызылды-жасылды пешенейлер көзіме оттай басылды. Біраз ақпаратқа қаныққан соң, кәсіпкерлік курсындағы таныстарыма өзімнің пешеней пісіргім келетінін айттым. Олар менің ойымды қалжың деп қабылдап, күлді де қойды. Мен ғаламторға хабарландыру жазғаннан кейін жұрттан тапсырыс түсе бастады. Пешенейлерім үшінші рет жасағанда ғана тәтті болып шықты. Соның алғашқы он данасын сатқан күнімді ешқашан ұмытпайтын шығармын!

        Болжам

Менің пешенейлерімнің басты ерекшелігі – ішінде жазылатын болжамы. Шетелде мұндай пешенейлер кең таралғанымен, Астанада әзірше менен басқа ешкім пісіре қойған жоқ. Тәттінің қақ ортасына салынған болжамдар адамға көтеріңкі көңіл сыйлайды деп ойлаймын. Өйткені, онда тек жылы сөздер жазылған. Мысалы, «апта соңында сізді керемет демалыс күтіп тұр», «бәрі де уақытша. Кез келген адамның басынан қиын кезең өтеді» және т.б. Болжамдар қайталана берсе де, қызық емес. Сондықтан, ғаламтордан 900-ге жуық болжам, тілекті таңдап алдым.

Менің негізгі аудиториям – жасөспірімдер мен балалар. Жақында бір тұсаукесерге арнап тәттілер пісірдім. Той иелері маған тұсау кесу рәсімімен байланыстырып, он тілек жазып берді. Әдетте тойда мұндай сыйлық таратылмайтындықтан, жиналғандардың бәрі таңғалыпты.

Кейде қыз-жігіттер «мен сені сүйем!» деген жүрекжарды лебіз жаздырады. Ал, жақында бір жігіт өзінің сүйіктісіне «маған тұрмысқа шық!» деген жазуы бар пешеней сыйлады.

          Ерекше құрам

Тәттінің сыртындағы қабына «құрамы 20 пайыз бақыт, 20 пайыз сәттілік, 20 пайыз жылулық, 20 пайыз махаббат, 20 пайыз берекеден тұрады» деп жазғанмын. Әрине, бұл – тұтынушылардың көңілін көтеру мақсатында жасалған нәрсе. Ал, шындығында, пешенейлердің құрамы тым қарапайым. Әдеттегі ұн, сүт, жұмыртқа дегендей. Бірақ, оның жұмсақ, қытырлақ және дәмді болып пісуі үшін қолданатын өзіндік әдісім бар. Ол құпия!

Болжам жазылған глазурлі пешенейлерден бөлек, жай вафли, шоколад қосылған вафли, ірімшік және шұжық қосылған құймақ пісіремін. Жәрмеңкеде тұрған кезде бәрінен бұрын пешенейлеріме сұраныс жоғары екенін түсіндім. Ал, құймақ пен вафлиді дүкендерге апару керек сияқты.

           Табыс

Шағын бизнесімді желтоқсан айында бастадым. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алдым. Өзім қатысқан алғашқы жәрмеңкеде 25 мыңдай (шығындарды есептемегенде) пайда таптым. Бұл – менің алғашқы қомақты табысым.

          Хоккей

Бала күнімнен спортқа жақын өстім. Ата-анам мені күреске жібермей қойған соң, бір жылдай футболға қатыстым. Алтыншы сыныпта оқып жүргенде, хоккейге ауыстым. Таңертеңгі жаттығуға үлгеру үшін ұйқыдан бесте тұратынмын. Алғашында Алматыдағы «Жұлдыз» командасында ойнадым. Сосын жастар құрамасына өтіп, Словакияда, Ресейде өткен әлем біріншіліктеріне бардым. 2011 жылы ұлттық құрамаға өттім. Сол жылы Алматыда өткен Қысқы Азиада ойындарына қатысуға жасым жетпей қалды...

2 жылға жуық уақыт жаттыққан соң, бізді ешкім қаржыландырмайтын болды. Сосын мен регбиге ауысып, сол спорт түрінен спорт шеберіне кандидаттығымды қорғадым. Әне-міне регби құрамасына кірем деп жүргенде, Астанада енді ашылып жатқан «Томирис» хоккей командасына шақырту алдым. Осыдан үш жыл бұрын «Барыс» хоккей құрамасының базасында ашылған құрамамыз жас команда болғандықтан, әзірше тек ел біріншіліктеріне қатысып жүрміз.

   Капитан және «99-нөмір»

«Томириске» келген соң, екі жылдан кейін мені капитан етіп сайлады. Негізі, капитан болуға ешқашан ұмтылған емеспін. Өйткені, әдеттегіден екі есе көп сөз естисің, өзіңе ғана емес, өзгелер үшін де жауап бересің. Алғашында бұл міндет маған қиындау тиді. Командадағы 23 қыздың тілін табу оңай емес екен. Ал, қазір бәрімен жылы қарым-қатынастамын.

Алматыда жүргенде алтыншы нөмірлі ойыншы болдым. Қазір «99-нөмірдің» иесімін. Неге бұл нөмірді таңдадың дейсіз бе? Себебі, өткен ғасырдың ең танымал спортшыларының бірі Уэйн Гретцки ұлттық хоккей лигасында дәл осы нөмірмен ойнаған. Болмасам да, ұқсап баққым келеді.

  Естен кетпес сәт

2015 жылы ел біріншілігінде 0:2 болып жеңіліп жатқанда, қатарынан екі мәрте гол соқтық. Сосын ойынның аяқталуына 14 секунд қалғанда, тағы да айламызды асырып, жеңімпаз атандық. Сондағы әсерімді ешқашан ұмыта алмаспын!

      Бұлбұл және буллит

Қазірге дейін қанша буллит соққаным есімде жоқ. Әйтеуір, жылына кем дегенде 3-4 хоккей таяқшасын сындыратынымды анық білемін.

Арман

Болашақта үлкен наубайхана ашып, сарымсақ, пияз қосылған нандар пісіргім келеді. Олардың бағасы қарапайым халыққа қолжетімді болса екен деймін. Кондитерлік цех ашсам, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәттіні тегін таратар едім. Ең бастысы, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүргеніме қуанамын. Хоккейді қойған соң, жұмыссыз қалмайтынымды білемін.

Ал, спортқа келсек, Қазақстандағы әйелдер арасындағы шайбалы хоккейді дамытуға үлес қосқым келеді. Сондай-ақ, АҚШ немесе Канададағы ұлттық лигада ойнауды армандаймын. Оларға қазақ қыздарының хоккейді қалай ойнайтынын көрсетер едім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға