Жаңалықтар

Бұл мерекенің тарихи тамыры тереңде жатыр – Әскер Пириев

Бұл мерекенің тарихи тамыры тереңде жатыр – Әскер Пириев
Фото: El.kz 28.02.2023 18:00 1046

Ертең 1 наурыз – Алғыс айту күні. Аталған мереке елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келіп, 2016 жылдан бері тойланып келеді. Ол – қазақ халқының репрессия мен жер аудару кезеңінде қиындыққа тап болғандарға көмек көрсетіп, мейрімділік танытқан кезді еске алатын күн. Сол мереке қарсаңына орай Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әскер Пириев El.kz ақпараттық агенттігіне құттықтау сөзін жеткізді.

Әскер Аллабердіұлы Алғыс айту күні өзге елде жоқ, Қазақстандағы ең жас мерекенің бірі екенін атап өтті.

«Мерекені қанша жерден жаңа десек те, оның пайда болу тарихының тамыры тереңде жатыр. Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында түрлі этнос өкілі Қазақстанға жер аударылған сәтте, қазақ халқы қиын жағдайды басынан өткеріп жатқанына қарамастан, көмек сұраған азаматтарға қол ұшын соза білген. 1 наурыз күні дәл сол кезеңдегі жасалған жақсылықты еске алып, қазақ халқы мен өзге этнос өкілдерінің бір-біріне деген алғысын білдіру мақсатында аталып өтіледі», – деді ол.

Қазіргі таңда қазақстандықтар Алғыс айту күнінде тек репрессия кезеңін еске алмай, бір-біріне деген жылы лезбізін білдіреді.

«Пенде болғаннан кейін күнделікті өмірдің тіршілігімен бір-бірімізге алғыс білдіріп тұруды ұмытып кетіп жатамыз. Жылына 365 күн болса, оның бір күнін ғана алғыс айтуға арнамауымыз керек. Күн сайын жақындарымызға жылы лебізімізді білдіріп тұруға себеп көп деп ойлаймын», – деді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі.

Алғыс айту күнінің келешек ұрпағымыздың тарихтан хабардар болып, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізудегі атқарар рөлі мен маңызы зор. Алғыс айтушы да, оны қабыл алушы да эмоциялық тұрғыдан өте керемет сезімге бөленеді. Бір-біріне асқан мейірімділікпен қарап, өзара қарым-қатынасы одан әрі нығая түседі.

«Ауызбіршілік – 20 миллион халқымыздың басты құндылығы. Оны қалыптастыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы талай жұмысты атқарды және әлі де аянбай еңбек ететін болады. Жетістіктеріміздің бірі ретінде мына Алғыс айту мерекесін атап кете аламыз», – деді «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Сөз соңында Әскер Пириев барша қазақстандықтарды атаулы мерекемен құттықтады.

«Бір-бірімізге жақын, мейірімді, жанашыр болайық. Алғыс айтушылардың саны көп болатындай игі істер жасайық. Қазақстанның болашағының жарқын болуына бірге атсалысайық», – деді Әскер Аллабердіұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға