Бүктелетін iPhone: смартфон бағасы көпшілікті таңғалдырды

 Yahoo Tech
Фото: Yahoo Tech

Apple-дің алғашқы бүктелетін iPhone-ы нарықтағы ең қымбат смартфондардың біріне айналуы мүмкін.

Жаңадан тараған мәліметтерге сүйенсек, құрылғының бастапқы бағасы 2400 долларға жуық болады. Бұл Samsung Galaxy Z Fold 7 моделінен де қымбат. Алайда Apple дәстүріне сай компания бұл жолы да премиум сегментті нысанаға алған сияқты.

Fubon Research сарапшысы жеткізу тізбегіндегі деректерге сүйене отырып, бүктелетін iPhone бағасы шамамен 2399 доллар болатынын мәлімдеді. Ал бұл брендтің қазіргі басты бәсекелестердің бірі саналатын Samsung Galaxy Z Fold 7 шамамен 1999 доллар тұрады.

S24

Сарапшылар пікірінше, мұндай жоғары бағаның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, Apple қолданатын икемді дисплей, күрделі топса механизмі және ультражеңіл құрылымдық компоненттер арзан технологиялар қатарына жатпайды. Оның үстіне компанияның дәстүрлі брендтік үстемақысын қосқанда, жаңа құрылғы қарапайым смартфон емес, «флагманнан да жоғары деңгейдегі» өнім ретінде ұсынылмақ.

Apple үшін бұл қалыпты стратегия. Компания жаңа санатқа ешқашан арзан құрылғымен кірген емес. Бұған дейінгі алғашқы iPhone, iPad Pro немесе Vision Pro құрылғылары да бастапқыда өте қымбат болған. Соған қарамастан уақыт өте келе нарық оларды қабылдап, сатып алушылар саны артқан еді.

Бағасы шарықтап тұрғанына қарамастан, сарапшылар Apple-дің жаңа гаджеті жақсы сатылатынына сенімді. Болжам бойынша, құрылғының өмірлік циклі ішінде шамамен 15,4 миллион дана сатылуы мүмкін. Оның 5 миллионнан астамы 2026 жылдың өзінде өткізіледі деп күтілуде.

Әзірге Apple бүктелетін iPhone-ды ресми түрде таныстырған жоқ. Бірақ тараған мәліметтер құрылғының шынымен де технологиялық тұрғыда ерекше болатынын аңғартады.

Сыбыстарға сәйкес, смартфон 7,58 дюймдік ішкі экранмен жабдықталады. Ең бастысы – Apple дисплейдегі бүктелу ізін мейлінше байқалмайтындай етуге тырысып жатыр. Қазіргі бүктелетін смартфондардың негізгі мәселелерінің бірі дәл осы экрандағы қатпар екені белгілі.

Cult of Mac

Егер Купертино инженерлері бұл мәселені шынымен шеше алса, онда бұл бүктелетін смартфондар нарығындағы үлкен серпіліс болуы мүмкін. Себебі әзірге бірде-бір өндіруші экрандағы бүктелу ізін толық жасыра алған жоқ.

Ал сыртқы экран көлемі 5,8 дюйм болады деген ақпарат тарады. Сонымен қатар жаңа iPhone-ға iPhone 17 Pro Max моделінен де үлкен батарея орнатылуы мүмкін екені айтылып жатыр.

Осылайша Apple бүктелетін смартфондар нарығына жай ғана жаңа модельмен емес, технологиялық әрі премиум деңгейдегі ерекше құрылғымен кірмек сияқты.

Оқи отырыңыз