Жаңалықтар

Бүгін Заманбек Нұрқаділов дүниеге келген күн: ұлы тұлғаға туған жерінде ескерткіш орнатылады

Бүгін Заманбек Нұрқаділов дүниеге келген күн: ұлы тұлғаға туған жерінде ескерткіш орнатылады
Фото: Видеодан алынған кадр 15.01.2024 10:14 12665

Заманбек Нұрқаділовтің  құрметіне орай оның туған жері – Алматы облысының Кеген ауылында ескерткіш орнатылмақ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тиісті тапсырма берді.

Заманбек Нұрқаділовті көпшілік 90-жылдардағы танымал саяси тұлғалардың бірі, Алматы қаласы еліміздің бас қаласы болып тұрғанда шаһарды басқарған азамат ретінде біледі. Ал бүгін белді азамат дүниеге келген күн. Тірі болғанда 80 жасқа толар еді.

Қазақтың біртуар ұлының отбасы Алматыда Заманбек Нұрқаділовтің айтулы күнге орай ас беріп, көпшіліктің басын қосты. Жиналғандар саясаткердің рухына тағзым етіп, оның жетістіктері мен жүзеге асып үлгермеген ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қысым-Жомарт Тоқаев пен Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың хаттары да оқылды.

Президенттің хатын баспасөз хатшысы Берік Уәли оқып берді.

Құрметті қауым! Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы - осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз. Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру - ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері - Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын. «Тарих – таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - делінген хатта.

Саяси тұлғаның қызы Құралай Нұрқаділова бастапқыда бұл отбасылық іс-шара болады деп жоспарлағанын айтады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатының арқасында әкесінің аты қайта жаңғыратын болды деп отыр.

Іс-шара осындай ауқымды болады деп ойлаған жоқпыз. Әрине, үкіметке, әкімдіктер мен Парламент депутаттарына, танымал саяси тұлғаларға ресми хат жібергенбіз. Көпшілік келетінін растады. Қуанып қалдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың хаттары оқылды. Президенттің хатының арқасында әкеміздің есімі жаңғырды. Енді бәрі жақсы болады деп үміттенемін, - деді Құралай.

Заманбек Нұрқаділов 1944 жылы 15 қаңтарда туған. 2005 жылдың 12 қаңтарында өз үйінен денесі табылды: кеудесіне екі рет, басына бір рет оқ атылған. Дегенмен ресми нұсқада саяси тұлға өз-өзіне қол жұмсады делінген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға