Жаңалықтар

Бүгін – Сержант күні

Бүгін – Сержант күні
Фото: gov.kz 01.07.2023 20:47 888

1996 жылдың 1 шілдесінде Президенттің "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусын құру туралы" Жарлығымен ел Қарулы Күштерінің кәсіби сержанттық корпусының іргетасы қаланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан әскерінде сержанттық құрамның лауазымдары үштағаннан тұрады. Оның алғашқысы – ең үлкен тактикалық буын сержанттары. Оның құрамына бөлім командирлері, взвод, рота, батальон, бригада сержанттары кіреді. Жедел деңгейдегі екінші буынды Қарулы күштер түрлерінің, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің сержанттары құрайды. Стратегиялық үшінші буын – Қарулы күштер Бас штабының Сержанттық құраммен жұмыс басқармасының мамандары.

Сондай-ақ сержанттық лауазымдардың штабтық құрамдас бөлігі ретінде басқармалардың, бөлімдер мен қызметтердің сержанттарын да айтып өту керек. 

Әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайы және жалпы бөлімшелердің жауынгерлік міндеттерді орындау қабілеті сержанттардың беделіне, олардың тәжірибесі мен біліміне байланысты.

Кіші командир кедергілерді еңсеруде және жауынгерлік жорық жасауда жауынгерге үлгі. Оқ атуда дәл, қоян-қолтық ұрыс дағдыларын меңгерген, аймақты жақсы бағдарлай білетін және алғашқы медициналық көмек көрсете алатын әмбебап.

Кәсіби сержанттарды Астана қаласындағы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде және Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде дайындайды. 

Сержанттардың біліктілігін арттыру жүйесі бригада сержанты, батальон сержанты және рота сержанты курсы секілді бірнеше деңгейден тұрады. 

Сержанттар өздерінің жоғары кәсіби шеберліктерін оқу-жаттығуларда, халықаралық және республикалық жарыстар барысында бірнеше рет дәлелдеді. Олар жеке құрамды тәрбиелеуге, оқытуға және қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосып келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға