Жаңалықтар

Бүгін халықаралық обырға қарсы күрес күні

Бүгін халықаралық обырға қарсы күрес күні
Фото: El.kz 04.02.2024 20:27 388

Жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық обырға  қарсы күрес одағының (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. Мақсаты - халықтың онкологиялық аурулардың профилактикасы және ерте анықтау туралы хабардар болуын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, қолжетімді скринингтік тексерулер туралы хабардар ету, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам обырға шалдығады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық есепте 218 мың қазақстандық тұр, онкологиядан 12 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Қазақстанда ең көп таралған обырдың түрлері: сүт безі обыры, колоректалдық  обыр, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры.

 Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) кіретінін айта кеткен жөн.

Ересектерге онкологиялық көмекті республикалық ұйымдар – "Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" АҚ, "Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық" АҚ, 15 онкологиялық орталық, көпбейінді ауруханалардың жанындағы 5 онкологиялық бөлімше (Ақтөбе қ. М. Оспанов атындағы БҚМУ жанындағы онкология бөлімшесі,  Жезқазған қаласындағы ОА жанындағы онкологиялық бөлімше, Ақмола облысының КОА құрамындағы бөлімше, Түркістан облыстық көпбейінді ауруханасының құрамындағы онкология бөлімшесі, Солтүстік Қазақстан облысындағы көпбейінді аурухананың жанындағы онкологиялық бөлімше) жүзеге асырады. Егер пациентте онкологиялық және гематологиялық ауруға күдік туындаса, МСАК-та пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация және тексеру алуға мүмкіндік беретін "жасыл жол" бағыты енгізілді.

Қазіргі уақытта Қазақстан халқы үшін онкологиялық скринингтің 3 түрі тегін жүргізіледі, олар емханаларда қолжетімді:

1) сүт безі обырына скрининг (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 2 жылда 1 рет)

2) жатыр мойны обырына скрининг (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 4 жылда 1 рет)                           

3) колоректалдық обырға  скрининг (ерлер мен әйелдер 50 жастан 70 жасқа дейін, 2 жылда 1 рет).

2024 жылы Қазақстанда жатыр мойны обырының даму себебі болып табылатын адам папилломавирусына (HPV) қарсы ерікті вакцинациялау басталғанын естеріңізге сала кетейік.  11 жастағы қыздар тегін вакцинация ала алады.

Обырмен күресте әр адам үшін скринингтік тексерулерден уақтылы өту маңызды екенін әрдайым есте ұстаған жөн, ерте диагноз өмірді сақтайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға