Жаңалықтар

Бүгін даңқты спортшы Серік Қонақбаевтың туған күні

Қазақ боксшылары арасынан Серік Қонақбаевқа дейін Еуропа чемпионатын ұтқан ешкім болмаған
Бүгін даңқты спортшы Серік Қонақбаевтың туған күні
Фото: kk.birmiss.com 26.10.2022 12:15 2696

Бүгін – қазақтың мақтанышына айналған даңқты боксшы, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевтың туған күні, деп хабарлайды El.kz.

Серік Керімбекұлы Павлодар облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институты, Халықаралық Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетін бітірген. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және медальдармен марапатталған, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. 

Қазақ боксшылары арасынан Серік Қонақбаевқа дейін Еуропа чемпионатын ұтқан ешкім болмаған. 1979 жылы ГФР-дың «Кельн» қаласында өткен Еуропа чемпионатында Серік Қонақбаев қазақ боксшылары арасынан тұңғыш рет еуропа біріншілігін ұтты. 

Алты бірдей Олимпиада чемпиондарын баптаған, ХХ ғасырда әлем боксын мойындатқан майталман поляк жаттықтырушысы Феликс Штамм Серік Қонақбаевтың шаршы алаңдағы өнеріне қарап: «Мына баладан бокс генийі шығады»,-деп бағасын берген. 

1981 жылы Дүниежүзі боксының майталман мамандары Серік Қонақбаевты әлемнің үздік әуесқой боксшысы деп мойындаған. 

1984 жылы КСРО құрамасы сапында төрт қазақ боксшысы чемпион атанды. Олар Серік Қонақбаев, Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов және Асылбек Қыйлымов. Бұл жолғы төрт қазақ боксшысы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы олимпиада ойындарына қатысу керек еді. Өкінішке орай КСРО спортшылары саяси себептерге байланысты төрт жылда бір рет өтетін олимпиада ойындарынан тыс қалды. Әтпегенде Серік Қонақбаевтың Мәскеу төріндегі күмісін алтынға айырбастайтындай әлеуеті бар еді.  

Серік Қонақбаев бокспен 14 жасынан бастап айналысып, небәрі 24 жасында бокс қолғабын шегеге ілді. Осы он жыл уақыт ішінде қазақ боксының аңызына айналды. 

Серік Керімбекұлы еңбек жолын Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасынан бастады. Алматы үлкен каналының салынуына байланысты құрылған республикалық комсомол-жастардың екпінді құрылысына жетекшілік еткен етті

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға