Бүгін алаңға Месси мен Мбаппе шығады: күннің басты матчтарына шолу

 Reuters
Фото: Reuters

Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында топтық кезеңнің 12-ойын күні басталады. Назарымызда I және J топтарындағы ойындар болады.

1-турдан кейін-ақ айқын фавориттер анықтала бастаса да, плей-офф жолындағы күрес енді ғана күшейіп келеді. Франция мен Норвегия сәтті бастамасын жалғастыруды көздесе, Аргентина мен Аустрия топ көшбасшысы болу үшін кездеседі, ал Иордания мен Алжир үшін бұл – шешуші, «өмір үшін күрес» матчы болмақ.

Аргентина – Аустрия (22 маусым, 22:00)

Күннің ең басты ойыны J тобында өтеді. Аргентина чемпиондық атағын қорғауды Алжирге қарсы сенімді жеңіспен бастады (3:0). Бұл кездесуде Лионель Месси хет-трик жасап, турнирдің басты жұлдызына айналды.

Аустрия да алғашқы турды сәтті бастап, Иорданияны 3:1 есебімен жеңді. Сондықтан бұл матч топтағы көшбасшыны анықтайтын маңызды кездесу болуы мүмкін.

Екі командада да 3 ұпайдан бар, бірақ Аргентина доп айырмасы бойынша жоғары тұр. Бұл ойында жеңіске жеткен команда плей-оффқа шығуға бір қадам жақындайды.

Аустрия құрамында жақсы жаңалық бар, яғни қорғаушы Штефан Пош жарақатына қарамастан арнайы маскамен ойнауға дайын. Ал бапкер Ральф Рангник Аргентинаға қарсы ең үздік ойынды көрсету қажет екенін айтты.

Дегенмен Месси, Хулиан Альварес және Лаутаро Мартинес бар Аргентина шабуылына қарсы тек батылдық жеткіліксіз.

Франция – Ирак (23 маусым, 02:00)

Франция топтық кезеңнің 2-турына айқын фаворит ретінде шығады. Бірінші ойында Дидье Дешам командасы Сенегалды 3:1 есебімен жеңді. Килиан Мбаппе бірден голдар бәйгесіне қосылды.

Ирак болса, Норвегиядан 1:4 есебімен жеңіліп қалды, дегенмен ойын мазмұны нәтижеден жақсы болған.

Қазір I тобында Норвегия көш бастап тұр, Франция 2-орында. Франция үшін бұл матч плей-оффқа жол ашатын мүмкіндік.

Ирак бапкері Грэм Арнольд команда тек қорғаныста отыруды жоспарламайтынын айтты. Бұл тәуекелді шешім болғанымен, басқа жол жоқ. Енді олар тек нәтиже үшін ойнауы керек.

Норвегия – Сенегал (23 маусым, 05:00)

Норвегия 1-турда үлкен сенсация жасап, Иракты 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Эрлинг Холанд екі гол соғып, әлем чемпионатындағы дебютін жарқын өткізді.

Енді олар Сенегалмен кездеседі. Африка құрамасы Франциядан жеңіліп, бұл матчта жеңілсе, жағдайы күрделенеді.

Сенегалдың басты қаруы – жылдам шабуыл мен физикалық күш. Ал Норвегия қателікті кешірмейтін команда ретінде көрініп отыр.

Иордания – Алжир (23 маусым, 08:00)

Күннің соңғы матчы – алғашқы ойындарын жеңіліспен басталған командалардың кездесуі.

Иордания Аустрияға 1:3 есебімен есе жіберді, бірақ әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы голын соқты. Ал Алжир Аргентинадан 0:3 есебімен жеңілді. Ол ойында Мессидің хет-тригі шешуші рөл атқарды.

Бұл матч екі команда үшін де «өмір үшін күрес» болмақ. Себебі жеңіс – плей-оффқа үмітті сақтайды, жеңіліс – турнирден ерте шығуға жақындатады.

Оқи отырыңыз