Корей мәдениетінің жаһандық ықпалы жыл сайын күшейіп келеді. Бүгінде дорама көрмейтін, K-pop тыңдамайтын немесе корей өнімдерімен таныс емес жасөспірімді кездестіру қиын. Бұл – мәдени индустрияның ел имиджі мен экономикасына әсер ететін қуатты құралға айналғанының айқын дәлелі.
«Жұмсақ күш» саясаты қауіпті ме? Оңтүстік Кореяның мақсаты не? El.kz интернет порталы осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
«Корей толқыны» қашан басталды?
«Корей толқыны» немесе «Халлю» құбылысы өткен ғасырдың 90-жылдарында Оңтүстік Кореяда қалыптаса бастады. Алғашында оның ықпалы Қытай мен Тайваньда байқалса, кейін Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне таралып, уақыт өте келе жаһандық мәдени феноменге айналды. Бұл құбылыс корей киносы, телехикаялары, музыкасы, ұлттық тағамдары, сән индустриясы мен жекпе-жек өнері арқылы ел мәдениетін әлемге танытуды көздейді.
Бастапқы кезеңде батыс сарапшылары мен мәдениеттанушылар «Халлюды» уақытша тренд немесе кезекті мәдени ағым ретінде бағалаған еді. Алайда жылдар өте келе корей мәдениетінің халықаралық ықпалы әлсіреудің орнына күшейіп, оның тұрақты әрі ұзақмерзімді құбылыс екенін дәлелдеді. Бүгінде «Корей толқыны» көптеген елдің мәдени кеңістігіне еніп, Оңтүстік Кореяның жұмсақ күшінің маңызды тетігіне айналды.
Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің айтуынша, BTS мысалы креативті индустрияның ел экономикасына қандай ықпал ете алатынын анық көрсетеді.
BTS әлдеқашан жай ғана музыкалық топ болудан қалды. Бұл – креативті индустрияның тұтас бір елдің экономикасын қалай алға сүйрей алатынының айқын мысалы. Оңтүстік Корея BTS үшін арнайы жеңілдіктер немесе ерекше экономикалық аймақтар құрған жоқ. Бірақ музыка, бейнебаяндар мен мәдениет арқылы топ корей өнімдерін, косметикасын, сән индустриясын, ұлттық тағамдарын және туризмін әлемге таныта білді, – дейді депутат.
Оның айтуынша, бір ғана табысты мәдени өнім жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты дамытуға, елдің халықаралық имиджін күшейтуге және экономикаға миллиардтаған доллар кіріс әкелуге қабілетті.
Біз барлық адамды тек зауыттар салу арқылы жұмыспен қамти алмаймыз. Ал креативті индустрия жастарға музыка, кино, цифрлық технологиялар, ойын индустриясы, сән және контент арқылы жаһандық ықпалға ие өнім жасауға мүмкіндік береді, – дейді Олжас Құспеков.
Оңтүстік Кореяны дағдарыстан алып шыққан
Музыкатанушы Мерей Сембайдың айтуынша, бұл жетістіктің артында мемлекеттің жүйелі қолдауы жатыр. Корея үкіметі кезінде Samsung пен LG сияқты ұлттық компаниялардың дамуына жағдай жасаған болса, кейін мәдени индустрияны да стратегиялық бағыт ретінде қолға алған. Нәтижесінде ірі бизнес өкілдері музыка, кино және ойын-сауық салаларын қаржыландыруға тартылып, корей поп-мәдениетінің әлемдік нарыққа шығуына ықпал етті.
Кореяның K-pop индустриясы – Soft power саяси терминін өте жақсы жүзеге асырғанының дәлелі. Бұл термин 1980 жылдары америкалық саясаткер Джозеф Найдың бірінші рет қолданғанынан кейін зерттеле бастады. Бұл туралы өте көп дисертациялық жұмыстар әлемнің түкпір-түкпірінде жазылған. Ал Корея жұмсақ күш саясатын өте жақсы қолдана білді, – дейді музыкатанушы.
Оның пікірінше, Оңтүстік Кореядағы экономикалық дағдарыстан кейін 1997 жылы олар бір ғана фильм арқылы экспорт жасалатынын, құндылықтарын жақсы көрсетіп, қызығушылық оята алатынын түсінді. Корея дағдарыстан кейін K-pop индустриясын, мәдени жобаларды қаржыландыра бастады.
BTS сияқты топтар Қазақстандағы сияқты жеке талпыныстармен пайда болып жатқан жоқ. Оларды кәдімгідей мемлекет қаржыландырады. Музыканы, кино мен сериалды экспорттауды үкімет қолдайды. Корей тілін де, ұлттың ішкі мәдениеті мен дәстүрін де шетелде насихаттап бастады. Шығармашылық индустрияға инвестиция салды. Жалпы айтқанда, мәдени өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға көмектесті, – дейді музыкатанушы Мерей Сембай.
BTS Кореяға қанша табыс әкеледі?
K-pop индустриясы Оңтүстік Корея экономикасына жыл сайын шамамен 5 миллиард доллар кіріс түсіреді. Бұл табыс тек музыкалық өнімдерден ғана емес, концерттерден, сериалдардан, фильмдерден, комикстерден, вебтундардан, жарнамалық келісімдерден және туризмнен құйылады.
Нарықтағы ең ірі ойыншылардың бірі – BTS тобымен жұмыс істейтін HYBE компаниясы. Компанияның жылдық табысы шамамен 1 миллиард долларға жетеді. Ал BTS мүшесі Шуга жылына 57 миллион доллар табыс тапса, танымал TWICE тобының жылдық кірісі 54 миллион доллар көлемінде бағаланады.
Жақында Оңтүстік кореялық BTS тобының кезекті камбэгі Netflix платформасында 18,5 миллион көрермен жинап, әлеуметтік желілерде бір тәуліктің ішінде 2,5 миллиард рет аталды. Бұл көрсеткіштер BTS-тің жай ғана музыкалық топ емес, әлемдік мәдени және экономикалық құбылысқа айналғанын көрсетеді.
«Әрбір әртіс өзін мемлекет насихаттаушысы ретінде ұстайды»
Мемлекет K-pop топтары арқылы экономикасын көтеруде. Өйткені BTS концертіне миллиондаған көрермен келеді. Туристер билет алып, альбомдарын тыңдап, сериалдарын көреді. Осы арқылы корей техникасының, косметикасының тұтынушылары да көбейеді, – дейді Мерей Сембай.
Музыкатанушының айтуынша, Қазақстандық 91 тобының «Бәрі біледі» деген әні болды. Бұл ән экологияны қолдауға әсер етуші үлкен күш еді. Бірақ олар бұл тақырыпты ары қарай дамытпады. Ал BTS тобы осындай ән арқылы үлкен экологиялық қозғалыс жасады.
Біздің елімізде продюсерліктің мектебі де қалыптаспаған. Негізі мықты продюсер мемлекеттің имиджін де шетелге таныта алады. Әлем Кореяны саясат арқылы емес, музыкасы мен киносы арқылы таниды. «Корея заманауи, техникасы дамыған, адамдары өте жақсы киінеді, мәдениеті мол, шығармашылығы жоғары» деген пікірді Оңтүстік Корея BTS сияқты топтары арқылы қалыптастырды. Әрбір әртіс өзін мемлекет насихаттаушысы ретінде ұстайды. Бұл инвестиция тартуда, халықаралық серіктестікке көмектеседі, – дейді Мерей Сембай.
Дорамаларда эмоционалды байланыс күшті
Сарапшылардың айтуынша, Корей контентін ілгерілету стратегиясы үздіксіз жаңа контент ұсынуға негізделген. Релиздер, шоулар, стримдер, сахна сыртындағы видеолар аудиторияның қызығушылығын тұрақты ұстап тұрады. Бұл жай ғана музыка емес, ондаған жыл бойы қалыптасқан тұтас медиаөнім. Мұнда визуалды эстетика, кәсіби хореография, жанкүйерлермен тікелей байланыс бар. Барлығы аудиторияны эмоциялық тұрғыдан тартуға бағытталған.
Бүгінде корей мәдениеті Оңтүстік Кореяның жалпы ішкі өнімінің шамамен 0,3 пайызын құрайды. Бұл кейбір ірі ұлттық компаниялардың экономикаға қосатын үлесімен шамалас көрсеткіш.
Сонымен бірге корей мәдениетінің ықпалы музыкамен ғана шектелмейді. Netflix пен Disney+ платформалары корей дорамаларын жаһандық аудиторияға ұсынса, «Паразиттер» фильмі әлемдік киноиндустриядағы беделді марапаттарды жеңіп алды. Осылайша «халлю» деп аталатын корей мәдени толқыны халықаралық брендке айналды.
Корей мәдениеті ғаламдық феноменге айналды. Корей эстетикасы: перформанс, режиссура, драматургия, актерлік ойын, операторлық өнер, дыбыс режиссурасы, монтаж өнері, суретшілік, костюм мен мейкап, яғни креативті индустрияның барлық аспектісі сапалы жасалады. Сондықтан да визуалды тұрғыдан тартымды ғана емес, экспрессивті, әсерлі. Көтерілетін тақырыптарын қараңыз, ескі жүйемен күрескен батыр қыздар болсын, заманауи бай мен кедейдің арасындағы тартыс болсын, өзінің кім екенін білмей күмәндану, тамырына үңілу болсын, бірнеше буынға жалғасқан травмаларды игеру болсын – бәрі адамзатқа тән мәселелер, – дейді киносыншы Әсия Бағдәулетқызы.
Оның айтуынша, корей дорамаларында көрсетілетін кейіпкерлер арасындағы эмоционалды байланыс күшті. Әркім өзінің виртуалды әлеміне сүңгіген, фрагменттелген, адамдар арасы ажырай бастаған бүгінгі дәуірдің адамы өз өміріне жетіспеген күшті эмоцияларды кино кейіпкерлерінен алады. Тартымдылықтың бір сыры осында.
Маркетингтік жарнама көп
Сонымен қатар Оңтүстік Корея «халлюмен» байланысты тауарды экспортқа шығару арқылы жылына миллиондаған доллар қаражат табады екен. Бұл ел экономикасына айтарлықтай оң өзгеріс әкелетіні айтпаса да түсінікті. Нақтылап айтсақ, Корей дорамаларында маркетингтік жарнама көп. Мысалы, бір ғана «Кальмар ойыны» арқылы олар өздерінің соңғы шыққан смартфондарын жарнамалаған. Оны көріп отырған адам ол телефонға міндетті түрде қызығады.
PR маман Саида Сержанқызының пікірінше, K-pop табысының бір сыры – корей индустриясының брендтермен белсенді жұмыс істеуінде.
Бүгінде McDonald's, Samsung, Louis Vuitton, Dior секілді әлемдік брендтер корей айдолдарымен жұмыс істеуге мүдделі. Корей мәдени индустриясы мұндай серіктестіктерге әрдайым ашық. Сонымен қатар елдегі ірі корпорациялар мен ойын-сауық компаниялары өзара тығыз байланыс орнатып, біртұтас экожүйе ретінде әрекет етеді. Бұл K-pop-тың әлемдік нарықтағы ықпалын күшейтуге мүмкіндік беріп отыр, – дейді PR маман.
«Жұмсақ күш» саясаты қауіпті ме?
Музыкатанушы Мерей Сембайдың айтуынша, Soft power-дің қауіпті жағы да бар. Себебі біз поп индустрияның алдына түсіп, өз дәстүріміз бен танымымызды жастарға дәріптемесек, олар басқа мәдениетті қолдап кетуі мүмкін. Онда ол Оңтүстік Кореяның экономикасын қолдайды дегенді білдіреді. Ресей ғалымдары да «жұмсақ күш» саясатын қауіпті деп санайды.
Біз де отандық Q-pop-ты дамытып, өз мәдениетімізді насихаттауымыз керек. Қазір бұл бағытта Димаш Құдайберген, 91 тобы музыканы тасымалдап жүр. Бірақ бұл өте аз. Әрбір өнер иесі жастарға үлгі болуы керек. Өз мәдениетімізді танытатын фильмдерді көп түсірсек, әлем бізге қызығар еді. Көшпенді мәдениеттің эстетикасы, қазақ мифологиясы, домбыра мен ою-өрнек шетелдіктерге таңсық. 3-5 жас аралығындағы балаларға көрсететін интернеттегі контенттер де өте аз. Біз мәдени индустрияны насихаттау арқылы, турист тарта аламыз, – дейді музыкатанушы.
Мерей Сембайдың пікірінше, кейбір батыс әндерінің мәтінінде жастарға теріс әсер етуі мүмкін идеялар мен даулы мазмұндар кездеседі.
Мысалы, біз жиі тыңдайтын әндерде «ібіліске жанымды бердім» деген сияқты сөздер мен бір жынысты некені насихаттайтын тіркестер айтылады. Жасөспірімдер осы музыканы тыңдап, ашық пропаганданың құрбаны болуы мүмкін. Мен жастарға әлем музыкасын тыңдамау керек деп айтпаймын. Тек жақсы жағын алып, ал мазмұны мен мәнін өзіміздің төл мәдениетімізден сіңірсе деймін, – дейді музыкатанушы Мерей Сембай.