Жаңалықтар

Брюссельде Ауғанстан бойынша арнайы өкілдердің отырысы өтті

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Брюссельде Ауғанстан бойынша арнайы өкілдердің отырысы өтті
Фото: ҚР СІМ 21.01.2023 16:10 959

Еуропалық одақ астанасында Орталық Азия мемлекеттерінің және Еуроодақтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілдердің үшінші отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Іс-шараның күн тәртібінде Ауғанстандағы өзекті жағдай мәнмәтініндегі өңірлік қауіпсіздік сын-қатерлеріне шолу жасау және ауған халқына үздіксіз көмек көрсету бойынша тараптардың ынтымақтастығын талқылау болды. Отырысқа қатысушылар Ауғанстандағы тұрақты бейбітшілік пен орнықты дамуға жан-жақты қолдауын растады. 

Кездесуге қатысушылар Ауғанстандағы әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын қорғау жағдайының нашарлауына байланысты алаңдаушылықтарын білдірді. 

Ауғанстанда ұзақ мерзімді тұрақтылық орнату мен ауған халқына халықаралық гуманитарлық көмекті тиімді жеткізуде Орталық Азия елдерінің өсіп келе жатқан рөлі ерекше атап өтілді.

Қазақстандық делегацияны СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев бастап келді. Отырыста сөйлеген сөзінде ол Қазақстан тарапының ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету бойынша алған ұлттық міндеттемелерін толық жүзеге асыруды көздейтінін хабарлады. Бұл тұрғыда қазақстандық аграрлық кәсіпорындардың БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен өзара іс-қимылы атап өтілді. Мәселен, осы іспеттес ынтымақтастық аясында 2022 жылдың бірінші жартысында Ауғанстанға 456 мың тонна қазақстандық ұн жеткізілген. 

Т.Қалиев отандық жоғары оқу орындары ЕО қаржыландыратын және БҰҰ Даму бағдарламасы іске асыратын Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарламасына белсенді қатысуын жалғастыратынын растады. 

Қазақстандық дипломат БҰҰ қамқорлығымен Орталық Азия мен Ауғанстанда орнықты дамудың өңірлік орталығын құру жөніндегі қазақстандық бастаманы қолдауға шақырды. 

Сапар аясында қазақстандық делегация Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің және Еуропалық комиссияның ауған халқына көмек көрсету бағытындағы жалпыеуропалық саясатты жүзеге асыруға жауапты өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізді. Пікір алмасулар тараптардың Ауғанстан бағытындағы гуманитарлық, саяси және сауда-экономикалық бірлескен іс-қимылдарын егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға