Британия жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануды шектейді: бұл шара тиімді ме?

 ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізуді жоспарлап отыр.

Билік өкілдерінің мәліметінше, жаңа талаптар 2027 жылдың басынан бастап күшіне енуі мүмкін.

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бұл бастама балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын айтып, әлеуметтік желілерді шектеу ел үшін дұрыс шешім екенін мәлімдеді.

Жоспарға сәйкес, шектеу Snapchat, TikTok, YouTube, Instagram, Facebook және X сияқты платформаларды қамтиды. Алайда тыйым салынатын сервистердің нақты тізімі әзірге жарияланған жоқ. Үкіметтің түсіндіруінше, ең алдымен пайдаланушылар арасында әлеуметтік байланыс орнатуға және контент жариялауға мүмкіндік беретін платформаларға басымдық беріледі.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен ойын платформалары балалардың тікелей эфир жүргізу мүмкіндігін шектеуге міндеттелуі мүмкін. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған қолданушыларға бейтаныс адамдардың хабарлама жіберуіне немесе байланыс орнатуына тосқауыл қойылады. Бұл шектеулер пайдаланушы 17 жасқа толғанға дейін автоматты түрде сақталады.

Жаңа ережелер аясында 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді түнгі уақытта пайдалануға да шектеу қойылуы ықтимал. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарға романтикалық сипаттағы диалог жүргізуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект чат-боттарын қолдануға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Алайда бұл талаптар WhatsApp және Signal секілді мессенджерлерге қатысты болмайды.

Жасты анықтау қалай жүзеге асады?

Ұлыбритания билігі жаңа ережелерді жүзеге асыру үшін пайдаланушылардың жасын анықтайтын сенімді жүйелерді енгізуді жоспарлап отыр. Ол үшін жеке куәлікті тексеру, биометриялық сәйкестендіру және бет-әлпетті тану технологиялары қолданылуы мүмкін.

Бұл бағыттағы тиімді тәсілдерді анықтау үшін елдің байланыс саласын реттеуші Ofcom ұйымына арнайы зерттеу жүргізу тапсырылған.

Соған қарамастан, билік өкілдері VPN қызметтері арқылы шектеулерді айналып өту қаупі бар екенін де жоққа шығармайды. Дегенмен премьер-министр Кир Стармер заңды бұзудың мүмкіндігі бар екен деп одан бас тартуға болмайтынын айтты.

Ата-аналар қолдайды, технологиялық компаниялар қарсы

Үкіметтің дерегінше, ата-аналардың шамамен 90 пайызы балаларға қатысты әлеуметтік желілерге қойылатын қатаң шектеулерді қолдайды.

Әсіресе кибербуллингтен немесе интернеттегі қауіпті контенттің салдарынан балаларынан айырылған отбасылар бұл бастаманы қолдап отыр. Олар әлеуметтік желілердің жасөспірімдердің психологиялық жағдайына кері әсерін азайту қажет деп санайды.

Ал кейбір сарапшылар мен ата-аналар мұндай толық тыйым мәселені шешпейді деген пікірде. Олардың айтуынша, балалар әлеуметтік желілерден шеттетілсе, қауіпсіздігі төмен және бақылаусыз платформаларға ауысуы мүмкін.

Жасөспірімдердің өздері де бұл бастамаға әртүрлі көзқарас танытып отыр. Бірі әлеуметтік желілердің достарымен байланыс орнатуға көмектесетінін айтса, енді бірі шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде бағалайды.

Ал YouTube және Meta компаниялары толық тыйым салу балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолы емес екенін мәлімдеді. Компания өкілдері мұндай шектеулер жасөспірімдерді реттелмейтін платформаларға итермелеуі мүмкін деп есептейді.

Аустралия тәжірибесі не көрсетті?

Ұлыбритания бұл бастаманы жүзеге асыруда Аустралияның тәжірибесіне сүйеніп отыр. Аустралия 2025 жылдың соңында 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған алғашқы ел болды.

Алайда кейін жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, 12-15 жас аралығындағы аустралиялық жасөспірімдердің басым бөлігі әлеуметтік желілерді пайдалануды жалғастырған. Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы қойылған шектеулерді айналып өту оңай болғанын айтқан.

Сондықтан Ұлыбритания үкіметі Аустралиядағы тәжірибені жан-жақты зерделеп, жіберілген қателіктерді қайталамауға ниетті.

Айта кетейік, балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі Испания, Франция, Аустрия сияқты Еуропаның бірқатар елінде де талқыланып жатыр. Ал Индонезия биыл наурыз айында 16 жасқа толмаған балалар үшін әлеуметтік желілерге қатысты шектеулер енгізген болатын.

Мамандар пікірінше, интернет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі алдағы жылдары әлем елдерінің күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі болып қала бермек.

Оқи отырыңыз