Бразилияда 35 жылдан астам уақыт бойы құлдыққа ұқсас жағдайда өмір сүрген 59 жастағы әйел құтқарылды. Ол осы уақыт ішінде ешқандай жалақы алмай жұмыс істеп, иттермен бір бөлмеде еденде ұйықтауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға Бразилияның Сан-Паулу штатындағы Эмбу-дас-Артис қаласында болған. Әйел 35 жылдан астам уақыт бұрын кішкентай баласымен бірге осы қалаға көшіп келген. Алайда содан кейін оның өмірі түбегейлі өзгеріп, жақындарымен байланысы үзілген.
Осы жылдар бойы ол үй шаруасымен айналысып, базарда сауда жасаған. Бірақ еңбегі үшін бірде-бір рет жалақы алмаған.
Әйелдің тұрмыстық жағдайы да өте ауыр болған. Ол иттер ұсталатын бөлмеде еденге төселген матраста ұйықтаған. Сонымен қатар жануарларды күтіп-бағуға міндеттелген. Ал дәретхана ретінде тек қирауға жақын тұрған ескі нысанды пайдалануға рұқсат берілген.
Ұзақ жылдарға созылған оқшаулану салдарынан әйел туыстарымен байланысын жоғалтқан. Сан-Паулуға көшкеннен кейін ағасының қамқорлығына қалдырылған ұлын да көп жылдан бері көрмеген.
Бразилия билігінің мәліметінше, әйелдің сауатсыздығы мен әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайы оның ұзақ уақыт бойы қанауға ұшырауына әсер еткен.
Мемлекеттік органдар араласқаннан кейін әйел құтқарылып, қауіпсіз жерге орналастырылды.
Жұмыс берушілер оған 1,7 миллион бразилия реалы көлемінде өтемақы төлеуге келіскен. Бұл шамамен 150 миллион теңгені құрайды.
Қазір әйел арнайы баспанада әлеуметтік қызметкерлердің көмегін алып жатыр. Мамандар оның қалыпты өмірге қайта бейімделуіне және отбасымен байланысын қалпына келтіруге жәрдемдесуде.
Бразилияның Еңбек министрлігі 35 жылдан астам уақыт оқшауланған адамның қоғамға қайта бейімделуі күрделі әрі ұзақ процесс болуы мүмкін екенін атап өтті.