Жаңалықтар

БҚО-да қарияны өлім аузынан құтқарған азамат марапатталды

БҚО-да қарияны өлім аузынан құтқарған азамат марапатталды
Фото: © Polisia.kz 03.08.2023 14:47 886

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев жуырда ғана жоғары қабаттан секірмекші болған қарияны құтқаруда полиция қызметкерлерімен қатар жүріп, көмекке келген қала тұрғынына алғыс білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, қайсарлығы мен жанқиярлығы үшін департамент бастығының бұйрығымен Шыңғыс Аубакировке алғыс хат және қол сағаты тарту етілді.

Сондай-ақ БҚО ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері Әлішер Ғайсин, Сәндібек Мурзағалиев “Қазақстан полициясына 30 жыл” медалімен, ал Дархан Ғалымов алғыс хатпен марапатталды.

Естеріңізге сала кетсек, шілденің 31 күні күні Орал қаласындағы Зашаған кентінде полицейлер көлікпен өтіп бара жатып, көп қабатты үйлердің бірінде төртінші қабаттың терезесінен аяғын салбыратып отырған ер адамды байқап, дереу көлікті тоқтатып, ер адамды құтқаруға жүгірген. Құтқару кезінде жиналған адамдардың ішінен көлікті сүйретуге арналған шынжыр арқаны бар жас жігіт полицейлерге көмекке келген. Бірлесе отырып, адам өмірін өлім аузынан арашалап қалған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға