Жаңалықтар

Борышкердің құқығын бұзған 34 жеке сот орындаушысы жазаланды

Борышкердің құқығын бұзған 34 жеке сот орындаушысы жазаланды
Фото: © ОКҚ 07.06.2023 21:26 700

Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Айдос Иманбаев жеке сот орындаушыларының қазіргі таңдағы жұмысы туралы есеп берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде кез келген азаматтың конституциялық құқығын сот арқылы қорғау сот актісін міндетті түрде орындау арқылы жүзеге асырылады. Өндіріп алушының мүдделерін қамтамасыз ету үшін сот орындаушыларға берілген түрлі мәжбүрлеп орындату құралдарын пайдаланғанда жеке сот орындаушы борышкердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу, яғни тепе-теңдікті сақтауы керек. 

Борышкердің табысы мен мүлкі болмаған жағдайда сот шешімі дәлел себептермен орындалмай, өндіріп алушының құқықтары бұзылады. Өкінішке орай мұндай мысалдар аз емес және бұл көбіне халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тікелей байланысты, – деді сала өкілі. 

Атқарушылық өндірістің екінші жағы – борышкердің құқықтарын сот орындаушылары тарапынан бұзу фактілері анықталған жағдайда, ондай сот орындаушыларына қатысты шаралар қолданылады. Өйткені, палата төрағасының мәлімдеуінше, Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы өзін-өзі басқаратын кәсіби ұйым ретінде арамызда өз міндеттерін тек адал атқаратын сот орындаушыларының болуына мүдделі. 

Өрескел бұзушылықтар расталған жағдайда жеке сот орындаушыларды институтымыздан шығарамыз. Мысалы, өткен жылы 34 жеке сот орындаушы осы республикалық палата мүшелігінен шығарылған болатын, – деді А. Иманбаев. 

Ол жеке сот орындаушыларының кадрлық құрамын жақсарту үшін 2020 жылдан бастап заңнамалық деңгейде емтихансыз лицензия ала алатын тұлғалар қатары шектелгенін айтты. Мысалы, егер бұрын судья мен прокурордан басқа кез келген құқық қорғау органдарының қызметкері лицензия ала алатын болса, енді тек қана тергеушінің ондай құқығы сақталып қалған. 

Жеке сот орындаушылары тарапынан этика нормаларын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылады, сондықтан орталықта және өңірлерде әдеп жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Нәтижесінде өткен жылы жеке сот орындаушыларына қатысты шағымдар 33 пайызға төмендеген, деп нақтылады төраға.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға