Болат жолдың шежіресі: Астанада теміржол тарихын тірілткен жаңа мұражай ашылды

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Елордадағы «Нұрлы жол» вокзалында ашылған «Жібек жолынан бастап болат магистральдарға дейін» музейі алғашқы күннен-ақ көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Қазақстан темір жолдарының тарихын заманауи технологиялар арқылы таныстыратын бірегей мәдени нысанға Еl.kz тілшісі арнайы барып, экспозициялармен танысып қайтты. Назарларыңызға теміржол шежіресін баяндайтын музейден дайындалған фото-репортажды ұсынамыз.

Аумағы 3200 шаршы метрді құрайтын кешен – жай ғана экспонаттар қойылған көрме емес, еліміздің көлік саласының өткенін, бүгінін және болашағын біріктірген заманауи танымдық орталық.

Фото: El.kz

Қазақстан аумағы ежелден Ұлы Жібек жолының маңызды тармақтарының бірі болғаны белгілі. Ғасырлар бойы керуендер жүрген бағыттарды ХХ ғасырда теміржол желілері алмастырды. Бүгінде ел экономикасының негізгі артериясына айналған теміржол жүйесінің қалыптасу тарихын осы мұражайдан толық көруге болады.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Мұражай төрт тақырыптық залдан тұрады. Алғашқы бөлім Түрксіб құрылысы мен қазақтың тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың өмір жолына арналған. Бұл залда Қазақстандағы теміржол саласының алғашқы қадамдары мен инженерлік мектептің қалыптасу кезеңі көрсетілген.

Фото: El.kz
Фото: El.kz
Фото: El.kz
Фото: El.kz

Екінші зал локомотивтердің даму эволюциясын баяндайды. Мұнда әр дәуірде пайдаланылған техника үлгілері қойылған. Келушілер бу пойыздарынан бастап қазіргі заманғы локомотивтерге дейінгі өзгерістерді салыстырып көре алады.

Фото: El.kz
Фото: El.kz
Фото: El.kz
Фото: El.kz
Фото: El.kz

«Кәсіптер мен инновациялар» залында теміржолшылардың еңбегі мен жаңа технологиялардың енгізілу барысы таныстырылады. Бұл бөлім жасанды интеллект, цифрландыру және автоматтандырудың көлік саласына ықпалын көрсетеді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz
Фото: El.kz

Ал «Қазақстан темір жолдарының тарихы» залы ел тәуелсіздігі жылдарындағы саланың даму жолын қамтиды. Мұнда архивтік құжаттар, фотосуреттер, марапаттар мен сирек техникалық бұйымдар қойылған.

Фото: El.kz
Фото: El.kz
Фото: El.kz
Фото: El.kz

Мұражайдың басты ерекшелігі – дәстүрлі көрменің цифрлық технологиялармен ұштасуы. Интерактивті панельдер, мультимедиялық экрандар, AR және VR жүйелері келушілерге тарихи оқиғаларды жай ғана оқып қоймай, олардың қатысушысы ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Виртуалды технологиялар арқылы локомотив басқару процесімен танысып, теміржол әлеміне тереңірек үңілуге болады.

Экспозициядағы ең қызықты нысандардың бірі – шынайы локомотивтер мен вагондар. Олардың қатарында ЧМЭ3 және 2ТЭМ10 сериялы маневрлік тепловоздар, ВЛ80 жүк электровозы, ТЭП70 жолаушылар тепловозы бар. Бұл техникалардың барлығы Қазақстан темір жолдарының даму тарихында маңызды рөл атқарған.

Көпшілік назарын аударған тағы бір экспонат – CR200J жаңа буындағы жолаушылар вагоны. Оның интерьері қазіргі теміржол көлігінің жайлылығы мен технологиялық мүмкіндіктерін көрсетеді. Келушілер вагон ішін аралап қана қоймай, кейбір локомотивтердің кабинасына көтеріліп, машинист жұмысымен таныса алады.

Фото: El.kz

Мұражай қорында 250-ден астам бірегей жәдігер сақталған. Олардың арасында теміржол шамдары, байланыс және белгі беру құралдары, рельстік инфрақұрылым элементтері, түрлі кезеңдердегі техникалық құрылғылар, жұмыс құралдары мен архивтік құжаттар бар. Әрбір экспонат теміржол тарихының белгілі бір кезеңінен сыр шертеді.

Алғашқы келушілер үшін экскурсияны кәсіби гидтермен қатар Астана локомотив пайдалану депосының машинист-нұсқаушысы Жігер Сейітов жүргізді. Ол машинист симуляторының жұмысын көрсетіп, локомотивті басқарудың қыр-сыры туралы тәжірибелік мысалдар келтірді. Мұндай формат балалар мен жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Фото: El.kz

Мұражайдағы ерекше орындардың бірі – вагон форматындағы дәмхана. Мұнда келушілер өзін ұзақ сапарға шыққан жолаушыдай сезінеді. Терезе орнына орнатылған экрандардан қазақ даласының көріністері көрсетіліп, пойыз қозғалып келе жатқандай әсер қалыптастырады. Бұл кеңістік келушілерге тарихи атмосфераны сезіндіре отырып, демалуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары әлемде теміржол мұражайлары тек тарихи нысан ретінде емес, ғылыми-ағартушылық орталық ретінде дамып келеді. Астанадағы жаңа кешен де осы үрдістен шет қалмаған. Болашақта мұнда көлік, инженерия, өнеркәсіп және заманауи технологиялар тақырыбындағы уақытша көрмелер ұйымдастырылмақ.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Ашылғанына бірнеше күн ғана болғанына қарамастан, мұражай оқушылардың, студенттердің және қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып үлгерді. Бұл нысан теміржол саласының жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның индустриялық тарихын жаңа форматта таныстыратын маңызды мәдени орталыққа айналуы мүмкін.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Теміржол – ел экономикасының күретамыры. Ал «Жібек жолынан бастап болат магистральдарға дейін» мұражайы сол күретамырдың қалай қалыптасқанын, оны дамытуға мыңдаған маманның қандай үлес қосқанын көрсететін бірегей шежіре іспетті. Бүгінде ол өткен мен болашақты жалғаған жаңа танымдық кеңістікке айналып отыр.

Фото: El.kz

 

 

Оқи отырыңыз