Жаңалықтар

Болашақтың қаласы: қиял және шындық

Болашақтың қаласы қандай болады?
Болашақтың қаласы: қиял және шындық
Фото: i.ytimg.com 20.10.2022 17:09 3528

Мыңжылдықтар көшінен адамзат соңғы екі ғасырда қарқынды дамығанын көруге болады. ХІХ ғасырда басталған бірінші өнеркәсіптік революция екі сатыға жоғарлап, біз үшіншісінде ғұмыр көшудеміз. Бүгінде төртінші өнеркәсіптік революцияның табалдырығанда тұрмыз. Оның айқын дәлелі, ақылды қалалардың өмірге келе бастауы. Соның бірі – Neom.

 

Алдымен өнеркәсіптік революция қалай басталды? Жалпы өнеркәсіптік революция дегеніміз не?

Сарапшылар экономикалық жүйе мен әлеуметтік құрылымда жаңа бетбұрыс бастаған кезеңдерді өнеркәсіптік революцияға жатқызады.

Мыңжылдықтар жылнамасынан адамзат өркениетінің өрісі Азияның кіндігінен тарағанын белеміз. Оған жылқыны қолға үйретуі, металды игеруі және т.б айтуға болады. Алайда Азия өндірістік технология заманында көштен қалды.

Еуропа мен АҚШ-та адамзат өркениетінің дамуына серпін берген бу қозғалтқышы негізінде өнертабыс өндіріске енгізді. Соның салдарынан еңбек қатынасы, өндіріс жүйесі мен экономика өзгерді. Осы сәттен бастап капитализм басым жүйе ретінде тарады.

ХІХ ғасырдың басында американдық Роберт Фултон алғашқы пароход құрастырды, 50 жылдары бу кемелері Атлант мұхиты арқылы тауар тасымалдай бастады. Бу кемесінің пайда болуы, паравоз құрастырылуына серпін берді. Сөйтіп теміржол желісін құрауға ұмтылыс басталып, британдық инженер Ричард Тревитик алғашқы теміржол локомотивін жасады. 1830 жылы Ливерпуль-Манчестер бағытында темір жол желісі құрылып, жолаушыларға қызмет көрсету басталды.

Бұл жаңалық өндірістің көлемін арттырып, энергияға деген сұранысты арттырды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында екінші индустриялық революция кезеңі басталды. Бұл кезеңде байланыс құралдары тұрмыстық қолданысқа еніп, ақпарат таратудың тың тетіктері дүниеге келді. Мысалы, 1876 жылы Грэм Белл телефонды ойлап тапты. 1901 жылы Гуглиэлмо Маркони радио толқындарын Атлант мұхитының ар жағына жіберді.

Сонымен қатар қағаз жасау саласында жаңа өзгерістер орын алды. Бумен жүретін ауыр техникалар мұнай өнімдерін қолданысқа енгізіп, электр энергиясы пайда болды. Осы өнертабыстардың арқасында өңдеу өнеркәсібі жаппай өндіріске кірісті.

Үшінші өнеркәсіптік революция екі саладағы жаңа табыстарға негізделді. Біріншісі, ақпараттық-коммуникациялық технология, екіншісі, тұрақты энергияны іздеу.

Расында, интернет және интернеттен жасалған барлық өнертабыстар ғаламшар үшін ең үлкен өзгеріс әкелді. Бастысы, автоматтандырылған өндірістер мен қызмет ету саласын жетілдіруге деген талпыныс жасанды интеллектінің дамытуға негіз болды.

Енді төртінші индустриялық революцияның табалдырығында тұрмыз. Бұл кезең қалай, қашан, қайтіп жүзеге асады? Негізгі элементтері не? Сұрақ көп...

Дүниежүзілік экономикалық форумының негізін қалаушы және президенті, белгілі экономист Клаус Шваб IV индустриалдық революцияның басталуы 2025 жылға қарай жүзеге аспақ.

Төртінші индустриялық революция физикалық, цифрлық және биологиялық салалар арасындағы шегараны бұзатын технологиялардың бірігуімен сипатталады екен.

Басты сипаты – адамзаттың ақылды қалалардағы өмір салтын жатқызуға болады.

Бүгінде энергияның жаңа көздерін қолдана отырып, экологиялық таза, адамзатқа мейлінші тиімді заманауи шаһар құруға әлемнің озық елдері ұмтылуда.

Соның бірі жоғарыда атаған Сауд Арабия. Бұл ел болашақтың қаласы ретінде «NEOM» жобасын ұсынып, кешенді жұмысты бастап кетті. Бұл туралы алдағы уақытта кеңірек тоқталатын боламын.

Сауд Арабияның солтүстік-батысындағы арнайы экономикалық аймақта іргесі қаланған «болашақтың қаласы» әлем назарын өзіне аударды. Алдымен арабия түбегіндегі алып елдің өткені мен бүгінін бағамдап алсақ. Әлемде бір әулеттің атымен аталатын үш мемлекет болса, соның бірі – Сауд Арабия.

ХVІІІ ғасырда Мұхаммед ибн Сауд және оның ұрпақтары батыс және шығыс Арабия түбегін бағындырып, елдіктің негізін қалайды. Бұл «Бірінші Сауд мемлекеті» кезеңі.

Саудиттер билігі кеңейе түсіп, 1803 жылы Меккені, 1804 жылы Мединені өзіне қаратады. Бірақ Сауд үстемдігі Арабияда ұзаққа созылмады.

1811 жылы Осман сұлтаны II Махмұттың пәрменімен Сауд билігі әскери күшпен тоқтатылды. 1821 жылы Турки ибн Абдуллаһ османдарға қарсы көтеріліп, елдің жаңа астанасы ретінде Эр-Риядты таңдайды.

Бүгінде Саудтер елдегі тікелей басқарушы жалғыз отбасы. Үкіметтегі және аймақтардағы басшыларды патша тағайындайды.

БҰҰ мәліметі бойынша, 2020-2021 жылғы әлем елдерінің экономикалық рейтингісінде Сауд Арабиясы 18 орында тұр. Бұл елдің ЖІӨ көлемі – 700 млрд доллор (Қазақстандікі – 170 млрд).

Ақпарат көздерінде Сауд Арабиясында туған баланың есеп шотында 10 мың доллор, баспаналы болуға 80 мың доллор, жоғары оқу орнын тәмамдаған түлекке 13 мың доллор берілетіні жөнінде ақпарат көп. Әрі біздің жер асты-үсті ресурстық байлықпен салыстырып, Арабиядан қай жеріміз кем дейтіндер де көп...

Саудтықтар 100 жылға стратегиялық жоспар құрып, мұнайсыз дамудың жолын қарастыруда. Соның бірі – туристерге арналған «Болашақтың қаласы».

Neom жобасы ресми түрде Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бен Салман экономиканы модернизациялау және мұнайдан әртараптандыру үшін әзірлеген Vision 2030 жобасының бөлігі болып табылады.

Заманауи шаһардың негізгі сипаты – ғылыми зертханалар, инженерлік шеберханалар, шығармашылық кеңістіктен тұрады.

Әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымы жетілген Neom толығымен жасыл энергенияны тұтынады. Онда биотехнология, нанотехнология, цифрлық медицина, мобильді-коммуникация, cондай-ақ, сандық ұялы желілерге арналған алтыншы сымсыз буын 6G технологиясының игілігі тұрмыстық қолданысқа енеді. Пилотсыз жерүсті көлігі, түрлі әлеуметтік сервистік қызмет көрсететін роботтар мен дрондармен ерекшеленетін болады. Тіпті роботтар саны адаммен тең немесе одан да көп болуы ықтимал.

Кәдімгі фантастикалық кинодағы сюжеттер ойыңызға келді ме?

Иә, солай! Бұған еш таңқалуға, таңдануға болмайды, алдағы онжылдықтан өмір салтына енетін құбылыс...

Міне, төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміз осы!

 

P.S.: Айтайын дегенім, өркениет жолын табуда Жапония, Сингапур, Оңтүстік Кореяны үлгі етуге болады. Бұл елдер индустриялық революцияның негізгі қозғаушы күші болмаса да, шикізаттың қоры болмаса да өркениет көшіне ілесудің жолын тапты. Ал, біздікі әзірге ұраннан аспай тұр. Ұрандаумен қанша жерге шабады екенбіз, ә?!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға