Қазақстандық 184 азамат биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Сонымен қатар 51 қазақстандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Telegram-дағы парақшасында хабарлады.
Республикалық комиссияның шешімі бойынша «Болашақ» бағдарламасы аясында 137 азамат магистратурада, 10 азамат докторантурада білім алады. Ал 37 маман шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Бұдан бөлек, «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы арқылы 51 қазақстандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарына барып, өз саласы бойынша тәжірибе жинақтайды.
«Болашақ» бағдарламасының негізгі мақсаты тек қазақстандықтардың шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасау емес. Бағдарлама арқылы Қазақстанға аса қажет салалар бойынша білікті мамандар даярлау көзделіп отыр, – деді министр.
Қандай сала мамандары?
Олардың қатарында атом өнеркәсібі, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика және биотехнология сияқты жоғары технологиялық бағыттар бар.
Бұл бағыттардың маңызы соңғы жылдары арта түсті. Себебі әлемде технологиялық даму жылдамдап, жасанды интеллект, жаңа энергетика, биотехнология және инженерлік шешімдер экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді.
Сондықтан шетелде білім алған мамандардың елге тек дипломмен емес, жаңа технология, тәжірибе және халықаралық кәсіби байланыстармен оралуы маңызды.
Саясат Нұрбек те осыған назар аударып, Қазақстанға шетелдік университеттердің жай ғана түлектері емес, елдің технологиялық және экономикалық дамуына үлес қоса алатын кадрлар қажет екенін атап өтті. Яғни «Болашақ» бағдарламасының нәтижесін тек қанша адамның шетелде оқығанымен емес, олардың алған білімін Қазақстанда қалай қолданғанымен бағалауға болады.
Мысалы, жаңа өндіріс ашу, заманауи технология енгізу, ғылыми зерттеу жүргізу немесе жоғары технологиялық жаңа бағыттарды дамыту – бағдарламаның ел экономикасына беретін ықпалының нақты көрінісі.
Отандық ғылымға үлесі
Министр жаңа стипендия иегерлерін құттықтап, алған білімдері мен идеяларын Қазақстанның дамуына жұмсауға шақырды.
Биылғы көрсеткішке қарасақ, «Болашақ» арқылы білім алатын және кәсіби тәжірибе жинайтын мамандардың басым бөлігі Қазақстанға қажетті стратегиялық салаларға бағытталмақ. Ал ғылыми тағылымдамадан өтетін 51 ғалымның шетелдік зерттеу орталықтарындағы тәжірибесі отандық ғылымның дамуына үлес қосуы мүмкін.
Осылайша, шетелде білім алу жеке адамның кәсіби өсуімен қатар, елдің адами капиталына салынған инвестиция ретінде қарастырылады.