«Болашақ ойындары – 2026» турнирінің трансляциясы 453 миллионнан астам қаралым жинады, ал жарыстың медиақамту аудиториясы 7,68 миллиардтан асты. Астана мұндай ауқымды іс-шараны алғаш рет қабылдағанын ескерсек, бұл көрсеткіш елорданың халықаралық спорт астанасы мәртебесіне бір қадам жақындағанын көрсетеді.
29 шілде мен 9 тамыз аралығында 12 күнге созылған турнир қарапайым жарыстан гөрі үлкен мерекеге көбірек ұқсасты. Елорда әлемнің 50-ден астам елінен келген спортшылар мен жанкүйерлерді қарсы алды. Ал жарыс алаңдарындағы қызу атмосфера соңғы матчқа дейін қаланың тынысын өзгертті.
Мұндай ауқымдағы іс-шараны ұйымдастыру кез келген елдің қолынан келе бермейді. Қазақстан бұл міндетті жоғары деңгейде атқарып, жарыстың 12 күнін де ешбір іркіліссіз өткізді. Турнирдің барлық кезеңінің сенімді ұйымдастырылуы еліміздің кез келген күрделіліктегі халықаралық жарыстарды өткізуге дайын екенін көрсетті.
Қазақстандық спортшылар да тек қатысушы рөлінде қалып қоймай, өз мүмкіндіктерін барынша көрсетті. Олар турнирдің барлық сегіз дисциплинасы бойынша бақ сынады. Ал Team KZ командасының өз жанкүйерлерінің алдында Phygital Shooter CS2 дисциплинасында жеңіске жетуі ел спорты үшін ерекше мақтанышқа айналды.
Турнир трансляциясы әлемнің 150-ден астам еліне таралып, миллиондаған көрерменге заманауи Астананы жарыс қонақтарының көзімен көруге мүмкіндік берді. Мұндай ауқымды медиақамту спорт саласымен ғана шектелмейді. Ол Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырып, елдің халықаралық аренадағы танымалдығына қосымша серпін берді.
«Болашақ ойындары – 2026» бір реттік қызығушылық тудырған іс-шара ғана емес, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі жарыстарды тұрақты түрде қабылдай алатынын, Қазақстанды прогрессивті орта держава ретінде көрсеткен маңызды жоба болды. Келер жылы еліміз киберспорттан әлем чемпионатын қабылдайды. Осы тұрғыдан алғанда, өткен турнирді алдағы ауқымды дода алдындағы маңызды сынақ әрі тәжірибе ретінде қарастыруға болады.
Фиджитал форматтың өзі Қазақстандағы цифрландыру үдерісінің өзіндік көрінісіне айналды. Бұл форматта виртуалды жарыстар нақты алаңдағы физикалық бәсекемен ұштасады. Осындай турнирді өткізу Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды тек спорт үшін ғана емес, елдің жалпы технологиялық ортасын дамытуға және халықаралық имиджін нығайтуға бағыттап отырғанын көрсетті.