Жаңалықтар

Болашақ дәрігерлер еріктілер қозғалысын жандандырмақ

Болашақ дәрігерлер еріктілер қозғалысын жандандырмақ
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 05.12.2023 16:41 549

Бүгін бүкіл әлемде 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында құрылған Халықаралық еріктілер күні атап өтіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еріктілер қарапайым адамдардың мүддесі үшін мейірімділіктің, шынайылықтың,  батырлықтың символына айналды. Еріктілік-нағыз патриотизм, - деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы ерікті қызметтің құндылығын.

Соңғы жылдары Қазақстанда еріктілер қозғалысы белсенді дамып келе жатқаны және ол мектеп пен студент жастарының арасында танымал трендке айналғаны қуантады. Әсіресе пандемия кезінде еріктілердің ынта-жігері мен жанқиярлығының арқасында қоғамда және мемлекет деңгейінде қуатты қолдау тапқан бірқатар әлеуметтік жобалар іске асырылды.

Биыл Халықаралық еріктілер күні "Ұжымдық іс-қимыл күші: егер әркім өз үлесін қоса алса" ұранымен өтеді.

Біздің медицина студенттері де қоғамның денсаулығын нығайту жобаларына қатыса отырып, еріктілікті дамытуға өз үлестерін қосуда.

Кеше Астана медицина университетінің қабырғасында Y-PEER KAZAKHSTAN халықаралық еріктілер желісі, Астана медицина университетімен және Әйелдер Күштері Альянсымен әріптстікте Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған форум өтті.

"Қарағанды медицина университеті" АҚ "Әр жүректе жақсылық бар" дәрістерін, "Мен – еріктімін", "NEXT ұрпағы таңдайды" тренингтерін, "Менің таңдауым" семинарын, сондай-ақ еріктілер ұйымын марапаттау рәсімін өткізуді жоспарлап отыр. "Мен – еріктімін" бейнеакция, "Мен – еріктімін" бейнеконкурс өткізілді.

С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қабырғасында "Дені сау студент", "Мен еріктімін", "Менің үлесім баға жетпес" тақырыбында акциялар мен тренингтер өткізіледі. Еріктілер қозғалысына қатысқандардың барлығына тектілік, жақсы импульстар, жоғары азаматтық жауапкершілік үшін, күш пен шабыт тауып, өмір мен жанның бір бөлігін әсіресе қолдауды қажет ететіндерге көмектесу үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға