Жаңалықтар

«Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтетіндердің санаттары бекітілді

«Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтетіндердің  санаттары бекітілді
Фото: stan.kz 18.01.2023 12:23 1100

2023 жылы денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм, агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері, мектеп, колледж педагогтері, инженер-техниктер, мемлекеттік қызметішлер, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері үшін тағылымдама бағдарламасына 110 «Болашақ» стипендиясы бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, құжат қабылдауды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ жүргізеді.

«Биыл тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді олар конкурсқа қатысу үшін шет тілі бойынша емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Бұл «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар үміткерлердің жалпы жұмыс өтілі үш жылдан кем болмауы керек. Соңғы 12 айда таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге тиіс. Сондай-ақ қабылдаушы шетелдік ұйымнан шақыру және кемінде В1 деңгейіндегі мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы сертификат талап етіледі», деп хабарлады Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ләззат Әділова.
Биыл «Болашақ» бағдарламасының басым мамандықтар тізімі тағылымдамадан өтуге арналған 162 мамандықты көздейді. 2023 жылы тізімге «Бұлтты сервистер», «Ғарыш жүйелері мен инженерия», «Гидрогеология», «Прецизионды медицина», «Тестология» және басқа да сұранысқа ие мамандықтар енгізілді.
 
Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелге тағылымдамаға жіберілетін стипендиаттар кепілге мүлік қоймайды. Міндеттемелерді орындау үшін екі гарант ұсыну ғана жеткілікті. Соңғы 12 айда тұрақты табысы бар, жасы 50-ге толмаған ҚР азаматы үміткерге гарант бола алады.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға