Болашақ әке зиянды әдеттерден қашан бас тартуы керек?

Болашақ әке зиянды әдеттерден қашан бас тартуы керек?
Фото: AI көмегімен жасалды

Темекі, алкоголь, вейп пен энергетикалық сусындардың зияны туралы сөз қозғалғанда, «өмір бойы ішімдік ішсе де, балалы болған адамдар бар» деген пікір жиі айтылады. Андролог Азамат Сандыбайұлы ер адамның өмір салты ұрпақ денсаулығына қалай әсер ететінін және жүктілікті жоспарлау кезінде зиянды әдеттерден қашан бас тарту керегін түсіндірді.

Әлеуметтік желіде темекі, алкоголь, вейп пен энергетикалық сусындардың зияны туралы айтылса, оған қарсы пікір білдіретіндер аз емес. Бірі өмір бойы алкоголь ішкен көршісінің бес баласы барын айтса, енді бірі энергетикалық сусынды күнделікті тұтынатын танысының да әке болғанын мысалға келтіреді.

Алайда дәрігердің пікірінше, мұндай мысалдар зиянды әдеттердің адам денсаулығына әсер етпейтінін дәлелдемейді. Андролог Азамат Сандыбайұлы кей адамдардың денсаулығы сырттай жақсы көрінгенімен, зиянды әдеттердің ұрпақ денсаулығына ықтимал әсерін ескермеуге болмайтынын айтады.

Әлеуметтік желіде вейп тарту, энергетикалық сусын зиян деп айта қалсақ, оқырмандар міндетті түрде қарсы пікір жазады. «Көршім өмір бойы алкоголь ішкен, бес баласы бар», «Досым энергетикалық сусынды күнде ішсе де аттай, екі баласы бар» деп айтып жатады. Бірақ генетика деген түсінік бар. Кейбір адамдардың ағзасы белгілі бір зиянды факторларға төзімдірек болуы мүмкін. Алайда адамның балалы болуы оның денсаулығына қауіп төнбегенін немесе ұрпағының денсаулығына ешқандай әсер болмағанын білдірмейді. Бұл – өте үлкен мәселе, – дейді маман.

Дәрігердің сөзінше, ер адам болашақ баласының денсаулығын ойласа, ең алдымен өз өмір салтына назар аударуы керек. Әке болу мүмкіндігінің сақталуы мен ұрпақ денсаулығы бір ұғым емес.

Темекі түтініндегі улы заттар, алкогольді шамадан тыс тұтыну және басқа да зиянды факторлар ер адамның репродуктивті денсаулығына әсер етуі мүмкін. Мысалы, темекі шегу сперматозоидтардың сапасына, олардың қозғалысына және ДНҚ тұтастығына кері әсер етуі ықтимал. Ал алкогольді шамадан тыс тұтыну гормондық жүйенің жұмысына және ұрық сапасына ықпал етуі мүмкін.

Сондықтан зиянды әдеттері бар адамның балалы болғанын мысалға келтіріп, бұл факторлардың қауіптілігін жоққа шығару дұрыс емес.

Зиянды әдеттерден қашан бас тарту керек?

Дәрігердің айтуынша, болашақ әке жүктілікті жоспарлау кезеңінде-ақ денсаулығына көңіл бөлгені жөн. Бұл тек бала көтеру мүмкіндігін арттыру үшін емес, жалпы репродуктивті денсаулықты сақтау үшін де маңызды.

Жүктілікті жоспарлаған кезде зиянды әдеттерді уақытша тоқтатып, жүктілік болған соң қайта бастау деген сөз емес. Шама келсе, барлығынан шектелу керек. Үш ай немесе жарты жыл бұрын зиянды заттарды шектеп, салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс. Бұл – баланың денсаулығына жасайтын үлкен инвестиция, – дейді Азамат Сандыбайұлы.

Сперматозоидтардың қалыптасуы мен жетілуіне шамамен үш ай қажет. Осы кезеңде ер адамның өмір салты ұрық сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан жүктілікті жоспарлау кезінде темекіден бас тарту, алкогольді тұтынуды тоқтату, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін сақтау және жеткілікті ұйықтау маңызды.

Дегенмен үш ай немесе алты ай бұрын зиянды әдеттерден бас тарту барлық ықтимал қауіптің толық жойылуына кепілдік бермейді. Нәтиже адамның денсаулығына, зиянды заттарды қанша уақыт және қандай мөлшерде тұтынғанына байланысты болуы мүмкін. Сондықтан жүктілікті жоспарлаған ер адам дәрігермен кеңесіп, қажет болған жағдайда тексеруден өткені жөн.

«Зиян екенін білу жеткіліксіз»

Темекі қорабындағы ескертулер мен алкогольдің денсаулыққа зияны туралы ақпарат көпшілікке таныс. Соған қарамастан, зиянды әдеттерден бас тарту оңай емес. Әсіресе никотинге тәуелділік адамның өз бетінше темекіні тастауын қиындатуы мүмкін.

Андролог Азамат Сандыбайұлы зиянды әдеттердің салдарын түсіну адамның өмір салтын өзгертуіне ықпал ететінін айтады.

Күнделікті шегетін темекісін тастау, тәуелділіктен арылу қиын. Бірақ қоямын деген адамға барлық жол ашылады. Оның жолдары да көп. Зиян екенін барлығы біледі. Бірақ оның не үшін зиян екенін түсінетіндер аз. Осыны толығырақ зерттесе, зиянды әдеттерінен тезірек арылады, – дейді маман.

Темекіден бас тарту қиын болса, дәрігердің немесе тәуелділікпен жұмыс істейтін маманның көмегіне жүгінуге болады. Никотинге тәуелділікті жеңудің дәлелді тәсілдері бар, сондықтан бұл мәселені тек ерік-жігердің әлсіздігімен байланыстыру дұрыс емес.

Оқи отырыңыз