Болашағы бар мамандықтар: профориентолог түлектерге кеңес берді

 коллаж El.kz
Фото: коллаж El.kz

Мамандық таңдауда көптеген түлек грантқа, трендке немесе ата-анасының қалауына сүйенеді. Халықаралық бағыт-бағдар берушілер бірлестігінің мүшесі Динара Оспанова El.kz интернет порталына берген сұхбатында жастар жиі жіберетін қателіктер, болашақ мамандықтары және жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері туралы айтты.

Өз арманын баласына таңатын ата-аналар бар

– Оқу жылы аяқталды. Түлектерді алаңдататын келесі кезең – мамандық таңдау. Жастар мамандық таңдауда қандай қателіктерді жиі жібереді?

– Мамандық таңдау – жастардың болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешім. Осындай жауапты кезде талапкерлер мен олардың ата-аналары жиі қателік жасап жататыны бар. Солардың ішінде кең тараған қателіктерге тоқталайық:

Бірінші, мамандықты қоғамдағы беделді мамандық деп немесе сұранысқа ие мамандық деп қарауында. Яғни, баланың қабілеті мен қызығушылығына назар аудармай, көп жағдайда ата-аналардың «табысы жоғары мамандық», «беделді жұмыс» деген түсінікпен балаларды өзі қаламаған салаға итермелеп жататыны бар. Осы жерде айтарымыз, адамдар өз ісіне қызықпаса, олар күйзеліске ұшырап, мамандығына да немқұрайды болуы әбден мүмкін. Сол себепті, ең алдымен талапкерлердің қабілеті мен бейіміне назар аудару қажет. Көп ата-ана баласына «осы мамандыққа барып түс, келешекте жоғары еңбекақы аласың» деп нұсқау береді. Өкінішке қарай, бұл таңдаудан нәтиже болмайтынын түсініп жатқаны шамалы.

Ата-аналардың арасында бұрынғы өздерінің орындалмай қалған армандарын балалары арқылы іске асырып жататындары да аз емес. Осындай жайттардың салдарынан студенттер оқуларын жарты жолда тастап кетеді. Немесе оқуын аяқтап, дипломын алып, әке-шешесінің қолына тапсырып, өз қалаған мамандықтарына түсіп, армандарын жалғастырып жатқандар да бар. Тіпті оқуға деген зауқы болмай, беті қайтып қалған білім алушылар да аз емес. Олар оқудан біржола қолүзіп кетеді. Өз тәжірибемде баланың өміріне балта шауып жатқан осындай ата-аналарды кездестірдім.

Олай жасамағандары жөн еді. Себебі, бала өзінің 4 жыл өмірін босқа өткізіп, бөтен адамның ғұмырын кешеді. Жақсы табыс пен бақыт баланың өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандықты таңадағанда ғана келеді.

Екінші, ел ішіндегі еңбек нарығын зерттемей мамандық таңдау. Кей талапкер мамандықтардың болашағын, оның мүмкіндіктерін, сұранысын және даму бағытын толық сараламай, шешім жасайды. Соның салдарынан, оқуларын аяқтаған соң, жұмысқа орналасуда қиындыққа тап болады. Сондықтан мамандық таңдаған кезде еңбек нарығының алдағы бірнеше жылына болжам жасаған абзал.

Үшінші, мектеп түлектері оқу орны мен мамандықты шатастырып жатады. Яғни білім беру мекемесін таңдап алып, ішіндегі мамандықтың өзіне сай ма, сай емес пе екеніне назар аудармайтындар кездеседі. Сондықтан оқу орнының аты мен атағына емес, білім алушының болашақ кәсібіне назар аударылуы керек. Себебі дипломнан бұрын маманның кәсіби білігі және тәжірибесі өте маңызды.

Қорыта айтсам, мамандық таңдау бір сәттік шешім болмауы қажет. Ол – адамның өмір бойғы бағытын анықтайтын қадам. Сол себепті аталмыш мәселеде эмоцияға емес, саналы түрдегі талдау мен дұрыс бағыт-бағдарға сүйену керек.

Мамандық таңдаған талапкердің үлкені 46 жаста

– Шыны керек, көптеген түлек грант бар мамандыққа ғана құжат тапсырады. Бітірген соң мүлдем басқа салада жұмыс істейді. Сылтау көп. Бірі грант көп салада жұмыс жоқ десе, енді бірі жан қалауым емес еді дейді. Сонда елімізде грант еңбек нарығын ескермей бөліне бере ме?

– Мұны тек қана грант бөлінісімен байланыстарған дұрыс емес деп ойлаймын. Әрине, мемлекеттік гранттар еңбек нарығының сұранысына қарай жоспарланады. Бірақ еңбек нарығы үнемі өзгеріп отырады, ал студенттің қызығушылығы мен кәсіби бағыты да оқу барысында өзгеріп отыратынын ескеруіміз қажет. Сол себепті де біраз түлектер диплом алғаннан соң, басқа салаға кетіп жатады.

Сонымен қатар мәселе тек жұмыс орнының санында ғана емес. Кейбір жастар грант санына байланысты мамандық таңдайтынын жасырмауымыз керек. Оқу кезінде сол студенттер мамандықтың өздеріне сай емес әрі қызықсыз екенін, қабілеті мен қызығушылығына тура келмейтінін түсініп жатады. Соның салдарында өзін басқа бағытта іздей бастайды. Міне, сол себепті грант бөлу кезінде еңбек нарығының сұранысын ескерумен қатар, талапкерлердің мамандықты саналы таңдауына да көбірек көңіл бөлгені маңызды.

– Осыдан 5-10 жыл бұрын профориентация ұғымы біздің қоғамға мүлде таныс емес еді. Қазір профориентологтың қызметіне сұраныс артты ма? Жылына қанша адамға кеңес бересіз?

– Иә, соңғы жылдары осы профориентацияға деген қызығушылық артты. Бұрынғы кезде түлектер ата-анасы мен туған-туысқандарының, таныстарының пікіріне құлақ асатын, грант санына көбірек назар аударатын.

Ал қазіргі кезде ата-аналар да, оқушылар да мамандық таңдаудың болашақ мансабына тікелей әсер ететінін түсіне бастады және бұл қуантарлық жағдай. Сол себепті жыл сайын осы профориентолог мамандардың қызметіне деген сұраныс арту үстінде. Бағыт-бағдар берушілерге тек мектеп түлектері ғана келмейді, сонымен бірге оқу орны мен мамандығын ауыстырамын дейтін студенттер және ересектер де жүгініп жатады. Жылына жүздеген адамға кеңес береміз. Олардың жас ерекшеліктері де әрқилы. Менен кеңес алған азаматтардың үлкені 46 жаста болды. Университеттегі оқуын қандай да бір себеппен жалғастыра алмаған адамдар да келді. Олар бағыт алғаннан кейін университетке қайта тапсырып та жатыр. Сондағы біздің негізгі мақсатымыз – талапкердің саналы әрі өзіне сәйкес мамандық таңдауына көмектесу.

Жасанды интеллект адамды толық алмастырмайды

– Кәсіби маман ретінде мектеп бітірген түлектерге қандай кеңес бересіз? Мамандық таңдғанда нені ескеруі тиіс?

– Біріншіден, мамандық таңдағанда, тек грант санына немесе қоғамдағы танымал бағыттарға ғана сүйенбеу керек деп айтқым келеді. Әр адамның болашақ мамандығы оның қабілетіне, қызығушылығына, икемділігіне және құндылықтарына сай болуы керек. Оқу орнына түсуге дайындалып жатқан түлектерге негізгі үш нәрсеге назар аударыңыздар деп айтқым келеді:

  • біріншіден, қызығушылық пен бейімділік,
  • екіншіден, қабілет пен дағдылар,
  • үшіншіден, еңбек нарығының сұранысы.

Осы көрсетілген үш фактор арасында үйлесімділік болса, тағдау да дұрыс болатыны хақ!

– Алдағы 5-10 жылда сұраныс артатын мамандықтар қандай? Ал жойылып кететіндері қайсы?

– Болашақта (5-10 жылда) еңбек нарығына технологиялық өзгерістер, жасанды интеллекттің дамуы, цифрландыру үлкен ықпал етеді. Сол себепті  жасанды интеллект, ақпараттық технологияларға деректерді талдау, робототехника, киберқауіпсіздік, биотехнология және денсаулық сақтау салаларының мамандарына сұраныс артады. Осыған қоса, цифрлық маркетинг, білім беру технологиялары, креативті индустрия сияқты бағыттар да қарқынды дамиды.

Соның ішінде толықтай жойылып кететін мамандықтар бар. Бірақ көп емес. Мысалы, қайталанатын, стандартты жұмыстардың біршама бөлігі автоматтандырылуы мүмкін. Оларға қарапайым есеп жүргізу, кассалық жұмыстар, мәліметтер мен ақпараттарды қолмен енгізу, әкімшілік қызметтердің бір бөлігін технология алмастырады. Бірақ та бұл мамандықтар толықтай жоғалып кетеді деген сөз емес, ол мамандықтардың мазмұны өзгеріске ұшырап, құрамына жаңаша дағдыларды талап ететін болады.

Сондықтан қазір бір мамандықты емес, өмір бойы оқып, дамитын, үйренуге құрылған қабілет маңызды екенін ескерткіміз келеді. Келешекте технологияны меңгерген, сыни ойлау дағдысы дамыған, тез бейімделгіш әрі жан-жақты, байланыс (коммуникациялық) қабілетіне ие адамдар жоғары сұраныста болады.

– Соңғы кезде жасанды интеллектінің пайда болуы кейбір мамандықтарды трансформацияға ұшыратады деген пікір жиі айтылып жүр. Келісесіз бе? Қай мамандықтарды ЖИ алмастырады?

– Осы пікірмен келіспестен бұрын, «алмастырады» деген сөзді «өзгертеді» деген сөзбен алмастырғым келеді. Жасанды интеллект қайталанатын жұмыстарды автоматтандырады. Соның ішінде мәтін құрастыру, есептер шығару, құжаттарды сұрыптап, деректерді енгізу сияқты жұмыстардың бір бөлігін жасанды интеллект орындап жатыр.

Сондықтан кей мамандықтар толық жойылмайды, тек мазмұнын ғана өзгертеді. Оларға, есепші (бухгалтер), қарапайым аударма өңдеу, байланыс орталықтарының жауап беру жұмыстары, электронды жүйе арқылы хат алмасу жұмыстары жатады. Жасанды интеллект адамды толық алмастырмайды, ол адаммен бірлесе жұмыс істеп, оның жұмыс құралына айналады. Жасанды интеллектіні адам басқарады, ол адамды басқармайды. Сондай-ақ шығармашылық, жауапкершілік, күрделі шешім қабылдау, эмоцияны түсіну, адаммен қарым-қатынас сияқты қабілеттерді жасанды интеллект толықтай қайталай да, алмастыра да алмайды.

Танымал болуды қаласаң жетістікке жетпейсің

– Блогер, мобилограф, SMM-маман болуды армандайтын жастар көбейді. Бұл уақытша тренд пе, әлде толыққанды кәсіп пе?

– Бұл үрдісті тренд деп айта алмаймын, уақыт келе бұл салалар сұрыпталып, толыққанды кәсіби бағытқа, мамандыққа айналады деп ойлаймын. Блогерлер тек контент түсіріп қана қоймай, жеке бренд құру, аудиториямен жұмыс істеу, маркетинг, аналитикамен айналысады.

Мобилографтар жай видео түсіріп қана қоймай, визуалды коммуникация, монтаждық өңдеу, сценарий, жарық сияқты дағдыларды талап етеді. SMM-мамандар тек пост салып отырмайды, аудиторияны талдап, саралайды, жарнама жүргізеді, стратегиямен жұмыс істейді. Соның нәтижесінде бизнесті белгілі бір деңгейге көтере алады.

Бұл сала жақсы дамығанымен, бәсеке өте жоғары, ал тұрақты табыс бола бермейтінін ескерген жөн. Ең шыңында кәсіби деңгейге шыққан адамдар ғана қалыптаса алады. Сол себепті танымал болу үшін емес, нақты дағды мен құзыреттілік қалыптастыру үшін жүрген адамдар ғана ұзақ уақытта жетістікке жете алады дегім келеді.

Тәжірибе дипломнан да маңызды

– ҰБТ-дан төмен балл жинаған оқушы өзін өмірден қалып қойғандай сезінеді. Оған не айтар едіңіз?

– ҰБТ деген өмірдің соңғы шегі де, үкімі емес. Төмен балл жинап қалған оқушылар өзін «қалып қойдым» деп сезінбеуі керек. Өмірде бір есік жабылса, екінші есік ашылады. Грантта оқу ғана оқу емес, ақылы бөлімде де оқып, одан әрі озат оқығаны үшін грантқа ауысу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар колледжде оқып та тамаша маман болып шығуға болады.

Кей салаларда тәжірибе жоғары білім дипломынан да маңызды болатынын айта кетейін. Ең бастысы, адам өзін бір емтихан нәтижесімен өлшемеуі керек. Қоғамда табысқа жеткен адамдардың ішінде ҰБТ-дан төмен балл алған, бірден оқуға түспегендер де көп екенін ұмытпау керек. Ол адамдар сол жағдайдан кейін бір орында тоқтап қалмай, әрі қарай еңбектенуін тоқтатпаған.

Өмірде ең маңыздысы – «мен өте алмадым» деген ой емес, «мен не істей аламын?» деген сауал. Осы сұраққа жауап іздеп, өзін дамыта алған адам нәтижеге жетеді.

– Еуропада «Диплом алмай-ақ табысқа жетуге болады» деген пікір қалыптасқан. Бұл үрдіс Қазақстанға да келген сияқты. Бұған қалай қарайсыз?

– Бұл пікір, бір жағынан рас, екінші жағынан, дұрыс емес деп ойлаймын. «Диплом қажет емес» деп түсініп қалмайық. Еуропа мен АҚШ елдерінде «дипломсыз табысқа жету» сияқты мысалдар көбінесе технология, кәсіпкерлік, шығармашылық индустрия салаларында шығады. Ол жерде адамдар нақты дағды, тәжірибе, нәтиже арқылы мансап құрады. Осы үрдіс Қазақстанда да байқалып келеді. Олар: SMM, IT, дизайн, мобилография салалары. Бұл салаларда практикалық қабілет дипломнан маңызды болып келеді.

Бұл барлық салаға сәйкес келмейді, сонымен шатастырмайық. Медицина, инженерия, білім беру, құқық салаларында диплом қажет. Ол тек қана қағаз емес, кәсіби рұқсатнама, жауапкершіліктің кепілдік құжаты. Аталған салаларда білімсіз, дипломсыз жұмыс істеу мүмкін емес әрі істей де алмайсыз.

Сондықтан «маған диплом керек немесе керек емес» деген сөзді айтпай, «маған қай жол тиімді, менің қабілетім қай салаға керек, мен не істей аламын?» деп сұрақ қойған дұрысырақ болар. Бір адамдарға жоғары білім міндетті түрде қажет болса, ал бір адамдарға тәжірибе мен өзін дамыту маңызды болуы мүмкін. Осы әлемде диплом – дамудың жалғыз жолы емес, бірақ ол – басқа салаларда маңызды құрал. Соны ұмытпайық.

– Соңғы сұрақ болсын, ауылдағы оқушы мен қаладағы оқушының мамандық таңдау мүмкіндіктері тең бе?

– Менің ойымша, қазір ауыл мен қала оқушыларының мамандық таңдау мүмкіндіктері теңесіп келеді. Себебі, қазір онлайн білім беру, тегін курстар, бейнесабақтар арқылы байланыс орнап, айырмашылық азайып келеді. Көптеген ауыл түлектері еңбегі мен табандылықтарының арқасында ҰБТ-ны жоғары көрсеткішке тапсырып, мықты маман болып шығып жатыр.

Негізгі айырмашылық – мүмкіндік емес, сол мүмкіндікті пайдалана білуде.

– Әңгімеңізге рақмет!

Оқи отырыңыз