Жаңалықтар

«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

Биыл магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінді
«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды
Фото: news.arsu.kz 01.09.2022 14:38 1812

Биылғы іріктеудің екінші легінде стипендия 84 қазақстандыққа тағайындалды. Оның ішінде 78-і магистратураға, 6 адам әлемнің үздік жоғары оқу орындарының докторантурасына түсті, деп хабарлайды El.kz «Халықаралық бағдарламалар орталығының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Осы жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында стипендияларды тағайындау туралы шешім қабылданды.

Биыл «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер», «Биотехнология. Биоинженерия. Биомедицина. Биохимия», «Көлік технологиялары. Көлік инженериясы. Логистика», «Білім беру саласындағы басқару», «Үлкен деректерді талдау. Салалар бойынша предиктивті талдау» және басқа да мамандықтар сұранысқа ие болды», - делінген аталған орталық мәлімдемесінде.

«Болашақ» стипендиясын тағайындауға үміткерлерді іріктеу бойынша конкурс жылына 3 рет өтеді. Қорытынды шілде, тамыз және желтоқсан айларында шығарылады. Жыл соңына дейін республикалық комиссияның тағы бір отырысы өтпек.

Жалпы алғанда, биыл магистратура мен резидентураға 385 стипендия, докторантураға 60, тағылымдамадан өтуге 110 стипендия бөлінді.

«Болашақ» стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар қабылдау биылғы жылғы 23 мамырда басталды және 14 қазанға дейін жалғасады.

5 қыркүйекте тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау басталып, 2022 жылғы 14 қазанда аяқталады.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сайтында жарияланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға