Жаңалықтар

Бокстан халықаралық «Елорда кубогы» басталады

Бокстан халықаралық «Елорда кубогы» басталады
Фото: Қазақстан бокс федерациясы 26.06.2023 14:53 870

27 маусым мен 2 шілде аралығында Астанадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында бокстан ІІ халықаралық «Елорда кубогы» турнирі өтеді.

Дүбірлі додада 12 елден 200-ден астам спортшы бақ сынайды. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және басқа елдердің өкілдері бар.

Ерлер 13 салмақ дәрежесінде (46-48 кг, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг, +92 кг), ал әйелдер 12 салмақ дәрежесінде (45-48 кг, 50 кг, 52 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63 кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 81 кг, +81 кг) бақ сынайтын болады.

Жүлде қоры:

 - Бірінші орын - 700 USD

 - Екінші орын - 400 USD

 - Үшінші орын – 200 USD (әрқайсысы).

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тиісті дәрежедегі медальдармен және дипломдармен марапатталады.

Халықаралық турнир IBA жарыстарының техникалық ережелеріне сәйкес өтеді. Жекпе-жек 3 минутқа созылатын үш раундтан тұрады, раундтар арасында бір минуттық үзіліс болады. 10 ұпайлық IBA ұпай жүйесі қолданылады.

Қазақстан құрамасы сапында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, әлем, Азия және басқа да халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері қатысады.

Жалпы, турнир алты күнге созылады. Жекпе-жекті Qazsport телеарнасы мен «QAZAQ RING» YouTube платформасы тікелей эфирде көрсетеді.

Күнделікті жарыс сессиясының басталуы 14:00-де.

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін.

Жарыстың ашылу салтанаты 27 маусым сағат 16:00-ге жоспарланған

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға