Ал Сабыржан Аққалықов 75 келіге дейінгі салмақтың финалына шығу үшін Үндістан өкілі Никхил Дубейге қарсы айқасты. Жекпе-жек тең дәрежеде өтті. Алайда Сабыржан Аққалықов үшінші раундта басымдық танытып, жеңісті суырып алды. Осылайша, отандасымыз Әлем кубогының алтын медаліне таласуға мүмкіндік алды.
Астанада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогы кезеңінде қазақстандық боксшылар финал жолдамасын сарапқа салып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бүгін тағы үш спортшымыз алтын үшін айқасуға мүмкіндік алды.
Финалға шыққандар
75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Надежда Рябец жартылай финалда түркиялық Бусра Исильдарды айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды.
Бұған дейін 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова да ақтық сынға шыққан болатын. Сондай-ақ ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Махмұд Сабырхан болгариялық Ясен Радевті жеңіп, алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік алды.
Қола жүлдегерлер
Ал 57 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Айдана Забынбекова үндістандық Жайсминге есе жіберіп, жарысты жартылай финалда аяқтады. Осылайша, ол Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салды.
Сол секілді 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ертуған Зейнуллинов та жартылай финалда қарсыласынан ұтылып, қола жүлдеге ие болды. Оның қарсыласы үндістандық Абхинаш Джамвал болды.
Бұған дейін Сағындық Тоғамбай (90 келіге дейін) да жартылай финалда сүрініп, қола жүлдегер атанған еді.