Астанадағы «Қазақконцерт» концерт залында «Coupe Mondiale 79» халықаралық баянистер мен аккордеоншылар байқауы аясында қазақстандық баянист, аталған доданың 2021 жылғы жеңімпазы Олжас Нұрлановтың жеке концерті өтті. Кеште әлемдік классика мен қазақ композиторларының шығармалары орындалып, баян аспабының көркемдік және техникалық мүмкіндіктері таныстырылды.
Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық додаға әлемнің әр елінен музыканттар жиналды. Биыл байқауға қазақстандық жас орындаушылар да көптеп қатысты. Олжас Нұрлановтың айтуынша, мұндай деңгейдегі доданың елде өтуі отандық баян және аккордеон мектебі үшін үлкен мүмкіндік болды.
Қазақстаннан 40-тан астам қатысушы келді
Олжас Нұрланов «Coupe Mondiale» додасына өзі де қатысып, 2021 жылы бірінші орын иеленген. Сондықтан бірнеше жыл бұрын қатысушы ретінде шыққан байқау сахнасына бұл жолы жеке концертімен оралудың жауапкершілігі бөлек болғанын айтты.
Осында келгеніме өте қуаныштымын. Дегенмен кез келген әртіс білетіндей, аздап қорқыныш та бар. Бұл – үлкен жауапкершілік. Өйткені мұндай байқау Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азияда алғаш рет өтіп жатыр. Қазақстандық баянистердің мұндай халықаралық байқауларға баруға мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Шетелге шығу өте қымбат әрі алыс. Бұрын Қазақстаннан бір-екі немесе үш адам ғана қатысатын. Ал бүгін Қазақстаннан 40-тан астам қатысушы келіп отыр. Бұл – біздің сала үшін үлкен жетістік, – деді Олжас Нұрланов.
Музыкант халықаралық байқауларға қатысудың қаржылық тұрғыдан да оңай емес екенін өз тәжірибесінен біледі. «Coupe Mondiale» додасына барған кезде оның сапарына достары мен сол кездегі әріптестері көмектескен.
Ол кезде Нұрланов Мәскеудегі Людмила Зыкина атындағы мемлекеттік ансамбльде жұмыс істеген. Ансамбль жетекшісі оның байқауға қатысуына қаржылай қолдау көрсеткен. Музыканттың сөзінше, сол кездегі жол ақысы, виза мен қонақүй шығынын қосқанда сапарға шамамен 100 мың рубль жұмсалған. Ал байқауда жеңіп алған сыйақысы 800 еуроны құраған.
«Жеңемін деген ой болған жоқ»
Олжас Нұрланов «Coupe Mondiale»-ге алғаш қатысқанда басты мақсаты міндетті түрде бірінші орын алу болмағанын айтады. Ол бастапқыда басқа байқауға дайындалғанымен, дода онлайн форматқа ауысқан соң жоспары өзгерген. Кейін ұстазымен ақылдасып, «Coupe Mondiale»-де бақ сынауға шешім қабылдаған.
Әрине, әр байқауға жеңу мақсатымен бару керек. Бірақ дәл осы байқауға қатысқанда міндетті түрде жеңемін деген ой болған жоқ. Өйткені оған алғаш рет қатысып тұрдым. Негізгі мақсатым – тәжірибе жинау, жаңа адамдармен, шетелдік музыканттармен танысу еді. Нәтижесінде жеңіс бұйырды, – деді ол.
Қазір музыкант байқауларға қатысуды тоқтатқан. Ол түрлі халықаралық додаларда қазылар алқасының мүшесі ретінде жұмыс істеп, концерттік қызметке ден қойған. Олжас Нұрланов өткен жылдың желтоқсанында Мәскеуде бес жылда бір рет өтетін халықаралық байқауда жеңіске жеткеннен кейін байқаулық мансабын аяқтауға шешім қабылдағанын жеткізді.
«Дайындықты жоғары деңгейде жүргізу керек екенін түсіндім»
Халықаралық дода кәсіби музыканттармен қатар, үлкен сахнаға енді қадам басқан жас орындаушылар үшін де тәжірибе алаңына айналды.
Солардың бірі – Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледждің үшінші курс студенті, 17 жастағы Сафуан Досханұлы. Баянды төртінші сыныптан бері тартып келе жатқан жас музыкант осындай ауқымды халықаралық байқауға алғаш рет қатысты. Ол бұған дейін аудандық және қалалық деңгейдегі жарыстарда ғана өнер көрсеткен.
Сафуан бірінші кезеңнен кейін жарысты жалғастыра алмады. Соған қарамастан ол байқауға қатысудың өзі үлкен тәжірибе болғанын айтады.
Бұл байқау маған үлкен мотивация берді. Қарсыластарымды, мықты орындаушыларды көрдім. Жалпы, дайындық деңгейімді арттыруға үлкен үлес қосты. Дайындықты өте жоғары деңгейде жүргізу керек екенін түсіндім, – деді ол.
Жас баяншы байқауға небәрі бір ай дайындалған. Бастапқыда денсаулығына байланысты додаға қатыса алмаймын деп ойлаған. Байқауға бір ай қалғанда жаңа баян сатып алып, ұстазының ұсынысымен дайындықты бастаған. Сафуан екінші кезеңге өте алмауына қысқа дайындық мерзімі де әсер еткен болуы мүмкін екенін жасырмады.
«Бір ай дайындалу жеткіліксіз»
Олжас Нұрланов жас орындаушылардың осындай халықаралық байқауларға қатысуының өзі маңызды тәжірибе екенін айтады. Алайда нәтиже көрсету үшін жүйелі әрі ұзақ дайындық қажет.
Мұндай байқауға бір ай дайындалу жеткіліксіз. Дегенмен оның қатысқанының өзі дұрыс. Өйткені ол мұнда келіп, басқа музыканттармен танысады, оларды тыңдайды және өзін сынап көреді. Бұл – жақсы тәжірибе. Бірақ жеңіске жету үшін бір ай өте аз. Мен өзім байқауға төрт ай бұрын дайындала бастадым. Үш ай қалғанда бағдарламам толығымен дайын болды. Қалған үш ай бойы оны қайталап, тәжірибеден өткіздім, – деді ол.
Музыканттың пікірінше, үлкен сахнаға дайындалған орындаушы күн сайын аспаппен жұмыс істеуі керек. Бір-екі сағаттық дайындық кәсіби деңгейдегі дода үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Оның өзі күніне кемінде төрт-бес сағат дайындалу қажет деп есептейді.
Дайындықтан кейінгі тағы бір маңызды фактор – сахнадағы сенімділік. Олжас Нұрлановтың өзі де кезінде «Coupe Mondiale» сахнасында қателескенін жасырмады.
Біздің ең үлкен қателігіміз – шатасқан кезде бірден тоқтап қалу. Тоқтамау керек. Ішкі күшіңді жинап, дем алып, ары қарай жалғастыру қажет. «Құламаған адам қайта тұруды білмейді» деген сөз бар. Құлағаннан кейін қайта көтерілу керек, – деді баяншы.
«Алғашқы үштікке кіремін деп ойлаймын»
«Coupe Mondiale 79» байқауында әлемнің әр елінен келген жас музыканттар да бақ сынады. Солардың бірі – Қытайдың Шэньчжэнь қаласынан келген 14 жастағы Гао Цихан.
Ол аккордеонда жеті жылдан бері ойнайды. Бұған дейін Қытайдағы ұлттық байқауда алтын жүлде алған жас музыкант Астанаға анасымен бірге келген. Байқау алдында Гао өз мүмкіндігін жоғары бағалап, жүлделі орыннан үмітті екенін айтты.
Жеңіске жететініме 80 пайыз сенімдімін. Чемпион атансам деп үміттенемін. Алғашқы үштікке кіремін деп ойлаймын. Қазақстан маған өте ұнады. Мұндағы орта да, ауа райы да жақсы, – деді Гао Цихан.

Кадрда оң жақта – Гао Циханның анасы / Фото: Сырым Рахимбеков
«Музыкант үнемі ізденісте болуы керек»
Олжас Нұрланов алты жасынан бері баян тартады. Музыкамен айналысқанына 21 жыл болған орындаушы кәсіби музыканттың білімі бір оқу орнын немесе диплом алумен аяқталмайтынын айтады.
Музыкант Қазақстанда, кейін Ресейде білім алған. Ресейде магистратура мен ассистентураны аяқтап, қазір Германияда магистратурада оқып жүр.
Кейбір адамдар музыканттың жай ғана отырып, аспапта ойнайтынын көреді. Бірақ олай ойнау үшін 20 жыл білім аласың. Маған тек диплом немесе мәртебе үшін емес, жаңа білім алу үшін оқу қажет. Өйткені бір оқу орнында білім алып, бәрін толық меңгеру мүмкін емес, – деді ол.
«Қазақ мәдениетін насихаттағым келеді»
Бірқатар ірі халықаралық байқауда жеңіске жеткен Олжас Нұрланов енді жарыстарға қатысудан гөрі ұстаздық пен концерттік қызметке басымдық бермек. Сонымен бірге ол концерттік жобалар арқылы қазақ мәдениетін кеңінен танытуды жоспарлап отыр.
Музыканттың айтуынша, жеке концерт өткізіп қана қою жеткіліксіз. Бағдарламаның мазмұнына мән беріп, түрлі аспапта ойнайтын өнерпаздарды бір сахнада тоғыстыратын шығармашылық жобалар қажет.
25 тамыздағы концертте де әлемдік классикамен қатар қазақ композиторларының шығармалары орындалды. Бағдарламаға С. Абдинуровтың «Фараб-Отырар», «Арыстанбаб» туындылары мен Н.Меңдіғалиевтің «Поэма-легенда о домбре» шығармасы енді. Сондай-ақ концертте Иоганн Себастьян Бах, Доменико Скарлатти, Сергей Рахманинов, Петр Чайковский және өзге де композиторлардың туындылары ұсынылды.
Олжас Нұрланов көрерменнің қолдауы музыкант үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, тыңдарман бір ғана танымал орындаушымен шектелмей, түрлі музыканттардың концертіне барып, жас өнерпаздарға да қолдау көрсетуі қажет.
Айта кетейік, 23-27 тамыз аралығында Астанада ұйымдастырылған «Coupe Mondiale 79» халықаралық байқауы Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет өтті. Байқаумен қатар Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы делегаттарының 156-конгресі ұйымдастырылды. Халықаралық дода 27 тамызда жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мен жабылу салтанатымен аяқталмақ.