Жаңалықтар

Бізге бәсекеге қабілетті білім керек - Асхат Аймағамбетов

Бізге бәсекеге қабілетті білім керек - Асхат Аймағамбетов
Фото: Amanat 07.02.2023 11:47 1170

Партия мүшелері бірқатар мәселерді көтеріп, назар аудару керектігін баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының бұрынғы депутаты Еділ Жаңбыршин съезде сөз алып, ауылды дамыту мәселесіне назар аударды.

Айтуынша, әділ мемлекет, әділ экономика құру үшін ең бірінші ауылды дамытудан бастау қажет деді.

«Біздің өсіп-өнген ауылымыз соңғы жылдары құлазып, тозып барады. Қазір қолдауды қажет етеді. Жердің киесі мен елдің иесінің қаншалықты маңызды екенін Президентіміз жақсы біледі. Ауылдың мәселесін үнемі көтеріп, назарда ұстау керек. Бүгінгі қазақтың салт-дәстүрі, қолөнері мен әдет-ғұрпы рухани асыл қазынасы ауылда сақталған. Ауыл мықты болса, Қазақстан ұлт болады. «AMANAT» партиясы әрқашан ауылға көңіл бөліп, ондағы ағайынның мұң-мұқтажын шешуге қызмет етеді. Ұлттық болмысымызды сақтаудың, халқымызды тарыдай шашып алмаудың бір жолы – ол ауылдардың инфрақұрылымын дамыту. Осы мақсатты іске асыру үшін алдағы бес жылда жүйелі жұмыс істейді», - деді экс депутат.

Білім саласының жанашыры Асхат Аймағамбетов болашақ жарқын болу үшін бәсекеге қабілетті болу шарт екенін айтты.

«Ол үшін саяси реформаларды, білім мен ғылымды дамыту қажет. Бізге бәсекеге қабілетті білім керек. Әділетті Қазақстан дегенде, кейде оған тұтынушы ретінде қараймыз. Өзімен өзі бір заң немесе шешім арқылы Әділеттілік пен заңдылық пайда болатын сияқты. Ол тек Президент, Үкімет, Әкімдіктің жұмысы сияқты болып тұрады. Анығында олай емес. Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамның барлығы түгел жұмылдыруы қажет», - деді.

Сондай-ақ, ол биылғы жылы депутаттыққа қатысатындардың 75 пайызы жаңадан сайланатынын тілге тиек етті.

«Олар өз ісінің білікті мамандары. Осы адамдар біздің елімізді әріқарай көтереді деп ойлаймын. Жаңадан келген депутаттар халықтың мұң-мұқтажын айту қажет. Күрделі мәселелерді көтерсе, еліміздің дамуына септігі тимек. Партия, қоғам, заң өзгеріс үстінде», - деді экс-министр, партия мүшесі Асхат Аймағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға