459.92
505.77
6.57

Бізге әлеуметтік мәселелерді көтеретін қоғамдық телеарна керек – журналист

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының сарапшысы, журналист Ғалия Әженовамен сұхбат

Ғалия Хәкімқызы Әженова - «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының Ақпараттық және құжаттамалық дауларды сараптау қоғамдық орталығының жетекшісі.

Ол қазақ телевизиясында «Қазақ киносы», «Деректі кино», «Билингвизм», «Изучаем казахский язык», «Шежіре», «Қазақтар мен Казактар», «Так жить нельзя!», «Теңге туралы этюдтер» тележобаларының авторы, редакторы әрі жүргізушісі, «Таңшолпан» ақпараттық-сауықтық бағдарламасының телевизиялық тобында және «Хабар» агенттігінде жауапты редактор, сондай-ақ «Astana Motors», «Бутя» компанияларының, «Үміт» зейнетақы қоры сияқты мекемелердің жарнамалық-имидждік фильмдерінің редакторы.

Ғалия Әженова Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің ресми сапарларында «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі болып қызмет еткен.

Ғалия Хәкімқызы мәтіндерді сараптамалық зерттеу маманы, қазақ және орыс тілдерінде құқық және лингвистикалық қауіпсіздік бойынша журналистерге арналған тренингтердің баяндамашысы.

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Әділет органдарының қоғамдық қызметіне белсене қатысқаны үшін» Құрмет грамотасымен, Сорос-Қазақстан қоры, қазақстандық жоғары оқу орындары басшылығының, телеарналардың және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған.

«Мемлекеттік тілдегі үздік БАҚ адвокаты» сыйлығының 2010-2011 жж. иегері.

 

– Сәлеметсіз бе, Ғалия апай! Сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Көп жас журналистер сізді Ресейде туған ба дейді? Сіз Кеңес кезінде Санкт-Петербург Мемлекеттік университетінің  Журналистика жоғары мектебі және бұқаралық коммуникация институтын бітірген екенсіз. Соған қарап ойлап жүрген сияқты.

– Ресейде оқу бітіргенім рас, бірақ Ресейде туды дегендері дұрыс емес. Мен Қазақстанда туғанмын, атамекенім - еліміздің батысындағы Атырау қаласы. Батыстың қызымын. Қаланың ортасында, қазағы бар, орысы бар көп ұлтты ортада туып-өстім, тәрбиелендім. Орыс тілі мен қазақ тілін бірдей алып жүрген соң ба, біреулер мені Ресейде туған шығар деп ойлайды екен. Ондай қате ақпарат менің өмірбаянымда жоқ. Орысшам жақсы, себебі туған жерімде орыстар көп, достарымның бәрі орыстар болды, солармен қоян-қолтық араласып өстім. Достыққа, сөзге берік болған өзге ұлттар менің жанымнан табылды. Неге екені белгісіз мен үшін бұл психологиялық құбылыс болды. Кейін мен Мәскеуге жоғары оқу орнына түсуге бардым. Сол жақта конкурстан өте алмай жүргенде бір қызық оқиға болды. Жатақханада жатқанда Қазақстаннан келген екі қыз, менен орысшалап «Сіз қазақсыз ба, Қазақстаннан келдіңіз бе?» деп сұрады. Мен «Иә» деп жауап бердім. Олар біз Шымкенттен, Жамбылдан деп танысты. Сол кезде солар үшін емтиханнан өтуге көмектескенім бар. Бет әлпетіміз, түріміз бір азиат болған соң, мәскеуліктерге бәрібір ғой. Емтиханға қатысуға рұқсат қағазы болған, соған қарады, бірақ аса мән бермеді. Ішімнен «ұстап алса біттім ғой» деп ойладым. Себебі менің өзімнің емтиханым әлі басталмаған еді. Ал ана қыз Шымкенттен алтын медальмен келген, бірақ қазақ тілді, қазақ мектебінде оқыған. Қорықпай Мәскеуге оқуға келіп тұр екен. МГУ-ге. Содан біріншісін, екіншісін мен тапсырдым, ал үшіншісін ол өзі тапсырып, құлаған ба, нақтысын білмедім. Айтқым келгені сол жерде қазақ емес, орыс болса да «сен маған ұқсайсың, мен үшін емтихан тапсырып берші десе», мен көмектесер едім. Яғни бұл тек таза менің тарапымнан кісілік көмек, кейде күліп қоям, жай жүрмей студент кезімде де солай істеппін ғой деп.

Мен МГУ-ға конкурстан өте алмай қалдым. Содан кейін Москва өзенінің жағалауында жүріп, кілең беске оқыған «отличник» болған мен, елге не деймін, мұғалімдерімнен ұят болды, олардың көздеріне қалай қараймын деген ой-сезімде жүрген кездерім болды.

Ол оқиға негізі былай болды. Конкурста менен басқа екі орыс жігіті болды. Біреуі мәскеулік, екіншісі ресейдің басқа бір жерінен келген. Сол кезде мен аппеляцияға бардым. Олар маған жағдайды былай айтты. Сізге плюстар мен минустарды түсіндірейін деді. Мына мәскеулік жігітке жатақхана керегі жоқ, ол өз үйінде тұрады. Ал екіншісі ол резервте тұр, біреу оқымай шығып қалса, соның орнына түседі. Себебі ол мына жақын жерде тұрады. Ал Сіз алыстан келдіңіз. Сіз оқуға түссеңіз біз сізге жатақхана беру керекпіз, ол бізге тиімсіз. Сондықтан сіз келесі жылы келіңіз деп шығарып салды.

Содан елге қайтып, бір жыл газетте корректурада жұмыс істеп, мақала жазып, сосын алдымен ағылшын тілі бойынша дайындық курсына, кейін журналистикаға Ленинградқа оқуға түстім. Питерде алты жылға жуық оқып, бітірдім.

Ол кезде қайдан келдің, сол жаққа қайтасың деген түсінік жоқ. Жолдамамен қай жер бұйырады, сол жаққа барасың. Маған «Ғалия, саған Астрахань бар, Красноярск, Биробиджан деген қала бар» деді. Биробиджан деген Қиыр Шығыстағы қала екен, ешқашан көрмеген жер, барсам ба екен деп ойладым. Бірақ мен студент кезімде тұрмысқа шығып кеткенмін. Жолдасым қазақ, бетіме қарап, «Қайдағы Биробиджан, жәй ма, мен Алматыдан келдім, үйге қайтамыз деді». Ол да студент. Оның әлі бір жылы қалған болатын. Содан төртінші курста елге бір студенттік шаруалармен келдік. Сол уақытта Алматыға келіп телевиденияға кіріп-шықтым. Онда бастық Камал Сейітжанұлы Смаиловқа жолықтым. Ол кісі керемет жан ғой. Бастапқыда ол кісіге бата алмай, әрең деген де «Ағай мен Ленинградта оқимын» дедім, «Қай факультетте оқисың?» деді. «Менің жолдасым бір жылдан кейін Алматыға қайтамыз деп отыр, менің мәселем шешілу керек» дедім. Ол кісі айтты «Жарайды, мен «вызов» жіберемін» деді. Содан бір жылдан кейін ол кісі ұмытпай кафедраға шақырту жіберді. Мен таң қалдым. Қандай заман, қандай адамдар?!

Содан кафедраға кірсем, өзімнің жақсы көретін мұғалімдерім Осинский, Ковтун деген кісілер «Галия, Вам пришел вызов из Алма-Аты» деп маған таңдана қарап тұр. Басқаларға да шақырту келіп жатыр ғой деп, мен түк түсінбей тұрмын. Сөйтсем «Вообще удивительно, Галия. Это же очень закрытый город» деді. Кейін білдім, біздің қалаға КГБ-ның шектеуі бар екен. Яғни Алматы халқының санын арттырмау. Оның ар жағында оқыған-тоқыған қазақты өсірмеу, оларды үлкен қалаларға жібермеу деген құйтырқы саясат жатқанын кейін білдім.

Міне, содан бері мен осы Алматыдамын. Телевидениенің орысша хабарларында қызмет еттім. Шынымды айтсам қазақ тілімді осында келген соң жөндедім. Мені қамшылаған құрбым Аршагүл Тойбаева болды.

– Сіздер Ленинградта журналистиканы жалпылама оқыдыңыздар ма? Әлде белгілі бір бағытты таңдадыңыздар ма?  

– Мен телерадиожурналистикада оқыдым. Қолымызға микрофон, басымызға дәу репортерді беріп қоятын. Соны көтеріп алып жүретінбіз. Парктердегі адамдармен сұхбаттасатынбыз. Ол кезде халықтың көңілі тыныш, бәрі жаймашуақ жүретін кез. Ертеңге деген сенім мол еді. Журфактағы студенттік кезіміз көңілді болатын. Мен ол жерде жалғыз қазақ болдым. Тек үшінші курста жүргенімде алматылық Раиса Майтанова деген бір қазақ қыз келді. Ол кейін көп жыл «Рахат ТВ» арнасында орыс тілінде жақсы жұмыс істеген болатын.

Біз өкінішке қарай қазақша сөйлемеген буыннанбыз ғой. Тек үйде ғана аздап сөйлескеніміз болмаса.

Мен кілең орыстардың ішінде жүріп, осында келген соң қазақшадан біршама қиналдым. Психологиялық қиналу болды. Яғни адамдардың көзқарасы, сыртыңнан пыш-пыш етіп «Бұлай сөйлегенше сөйлемей-ақ қоймай ма. Осындай шала қазақтар шаршатты» деген сөздер қатты әсер етті. Бірде менің құрбым бір отырыста «осыдан  тұра тұрыңдар, ертең кімнің озғанын көреміз» дегендей мағынада «сіздер бірінші Ғалия сияқты орыс тілін біліп алыңдар, сосын мақтанасыңдар» деді. Содан маған айтты «Ғалия, сен ұялма. Сөйлей бер, сөйлей бер, қателессең де сөйлей бер, білмесең сұрай бер» деді. Содан кейін отырып алып газеттерді дауыстап оқимын, сөздерді түсінейін деп. Одан қалса көшеде келе жатсам, ілулі тұрған көшедегі көрнекі ұрандатқан жазуларды жаттап жүріп үйрендім. Осы қылығыма қазір өзімнің күлкім келеді (күледі).

– Біз жақындаға ғана Америкада (Нью-Йорк киноакадемиясында) бір жыл білім алып келдік. Онда теориядан гөрі практикаға көңіл бөлінеді екен. Сіз де шет елде білім алдыңыз. Сіздер қалай оқыдыңыздар?

– Бізде практика мен теория бірдей жүрді. Осы күні мен салыстырамын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы журфакта және СДУ-да (Сүлеймен Демирел университеті) сабақ бердім. Соңғы жылдары Атырау университетінде журналистика кафедрасында да ара-тұра дәріс беремін. Салыстыруға мүмкіндік бар. Қызым, маңайымдағы жиендерім оқыды, олардың ой-өрісі, конференцияларда айтылатын әңгімелер, осылардың барлығын салыстыра келе біраз нәрсені байқадым. Байқағаным, біздің мұғалімдер «жанып тұрған» сонау кеңес заманында, КГБ қарап тұр деп қорықпай, еркін сөйлегеніне таң қаламын. Мәселен біздің мұғалімдер архивтерде отыратын. Олар сабаққа келеді де бір орнына қақиып отырмай, аудиторияның ішінде өздерін еркін ұстайтын. Құпия архивтерден ел білмейтін жағдайлар жайлы айтып беретін. Олар «Журналистер ешқашан партияға өтпеңдер. Саясаттың ішіне кіріп кетпей, сырттан нейтралды түрде бақылаңдар» дейтін.

– Сізді көбіне журналист құқығын қорғаушы ретінде жақсы танимыз. Осыған қатысты қосымша білім алдыңыз ба?

– Мен «Қазақстан» телеарнасында жүргенде біраз нәрсені айтып үлгердім. Айтуға болмайды дегенді де, тонын айландырып, басқа қырынан келтіріп айтатынмын. Мені орыс тілді аудитория жақсы білді, себебі мен көбіне орыс тілінде хабарлар дайындадым. Қазақша анда-санда интервью сияқтыларды ғана жасадым. Себебі мен ол кезде қазақша көсіліп сөйлей алмадым. Сондықтан қазақ тілді аудитория мені тани бермейді.

Екі мыңыншы жылдары жаңа басшы келді де бізге басқаша көзқарас танытты. Орысша оқығандардың санасы уланған деген түсінік қалыптасты. Қанша жұмыс істесек те біздің жұмысты дұрыс бағаламады. Хабарларымызды жаба бастады. Жүзге жуық адамдай бір күнде жұмыстан кеттік: бірі - өз еркімен, басшыға ұнамаған көбі – реструктуризация, оңтайландыру, қайта құру деген қитұрқы кадр саясатымен күрестен шаршағаннан (күледі).

Көп ұзамай бұрын телевидениеде бірге істеген құрбым хал жағдайымды сұрап хабарласты да «Иә, бірте-бірте бәрі құлдырап барады. Алайда сен сияқты тәжірибелі...», әрі қарай мақтап-мақтап, жаңа, мен үшін тіпті жаңаша салада өзімді сынауға ұсыныс жасады. Қорқа-қорқа батыр болдым демекші, «Әділ сөз» қорының сынағынан, тапсырмаларды орындап, өттім. Теледидардағы тәжірибем пайдаға асты.

Көбісі «Әділ сөз» десе газет не арна деп ойлайды. «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры.  Офисі Алматыда орналасқан. «Бұл ұйымның пайдасы неде?» деп сұрауыңыз мүмкін. Журналистердің жұмысына қандай да бір тосқауыл қойылып жатса, біз құқықтық, сарапшылық және кеңес  арқылы қолдау көрсетеміз.

Қордың басшысы Тамара Калеева өзі де тәжірибелі журналист, алдында радиода, кейіннен «КазПравдада» жұмыс істеген мықты адам, көз тимесін. Еліміздің Конституциясының 20 бабына сәйкес кепілдігі берілген сөз бостандығын жүзеге асыру үшін, прогрессшіл журналистиканы қалыптастыру арқылы азаматтық қоғамды тірбиелеуге үлес қосу үшін еңбек етудеміз.

«Әділ сөз» қорында қызмет істеу үшін заңгерлік білімнің міндетті түрде қажет екенін ұғынып, «Әділет» құқықтың жоғары мектебінде екі жыл оқыдым. Керемет ұстаздармен таныстым. Өте демократиялы мектеп болатын.

Кейін сол ұстаздардың Нарықтың заңдарына байланысты ма әлде «Мыналар тым еркінсіп кетті» деген ойлар біреудің ойына келді ме білмеймін, уақыт өте келе «Әділет» жоғары мектебі басқа бір университетпен қосылды ма, ахуал мүлдем өзгеріп кетті. Мен таң қалдым. Менің жеке пікірім, алайда бұрыңғы оқытушылардың санасының соншалықты төмен түскені, кейбірі тоталитарлық режимнің насихатын жүргізе бастағанда, жағамды ұстадым.

Осыдан бірнеше жыл бұрын біз ұлтараздыққа, конфессияаралыққа байланысты әдістеме жасау үшін бұрынғы мұғалімдеріме барғанда көрдім, жер мен көктей. Желтоқсанды еске түсіріп, жасамағаны жоқ деп анау-мынау дегенде құсқым келді.

– Әлеуметтік желілер қазір қоғамдық ойды жеткізуде алдыңғы орынға шығып кетті деуге болады. Бірақ кейде кибербуллинг орын алып жатады. Бұған Сіздің пікіріңіз қандай?

– Ең бірінші менің айтатыным, алдымен Аллаға ризашылық білдіріп, Цукербергке, басқасына, жалпы осы әлеуметтік желі - интернетті ойлап тапқан тұлғаларға рақмет айту керек.

Себебі осы әлеуметтік желі арқылы жұрттың реніші, айқайы, ашуы-ызасы, іштегі буы, бүкіл психологиялық 100-1000 жыл бойы жиналып қалған шері шығып жатыр. Адам ішіндегісін айтса жеңілдеп қалады. Интернетті енді ешқашан өшіруге болмайды. Ол қауіпті. Ол мемлекет үшін қауіпті. Билік керсінше әлеуметтік желіде айтылған түрлі ой-пікірді қадағалап отырып, керектісін мемлекет мүддесіне пайдалану керек. Әлеуметтік желідегі халық өзін-өзі тәрбиелеу керек және халыққа жол көрсетіп отыратын қыз-жігіттер заң-құқық бар екендігін ескертіп отыруы тиіс.  

Әлеуметтік желідегі кибербуллинг, жеккөрініштік туғызуға тосқауыл қоюдың бірден бір жолы – заңгерлердің қорқытпай-үркітпей түсіндіруі немесе білетін адамның, білмейтін адамға үйретуі. Жалпы қорқыту-үркіту адамды дұрыс тәрбиелемейді, керсінше, адам түсінбей, ренішін одан сайын ұлғайтады.

– Кәсіби БАҚ-тың болашағы туралы не айтасыз?

– Жасы үлкен кісілер кеткенше телевидение керек. Ауылға интернет жеткенше радио мен телевидение керек. Радионың тиімділігі әлі де өміршең. Себебі өз тәжірибемнен айтар болсам, қазір теледидарды айына бір-екі рет қарасам жақсы, бір фильмді тауып алып сол үшін ғана көремін. Ауылдық жерде радио тыңдау ыңғайлы әрі тиімді. Осы тұрғыда көрші елдің жеккөрушілік насихатына тосқауыл қою үшін Коғамдық телеарна керек тікелей эфирімен. Көрермен көз алмай телевизордың алдында отыратындай бағдарлама жасауымыз керек.

Ал, әлеуметтік желі – бұл бәрі! Қолыңдағы смартфон арқылы естіп, көріп, емін-еркін жүресің. Тікелей эфирде әлеуметтік мәселелер көбірек көтерілетін болса телевидениені халық қарайды, сонда ғана оның өміршеңдігі артады.

– Жас журналистерге не айтасыз? Олар дұрыс дамуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Журналистиканың жолы өте күрделі. Адамның өмірімен, қоғамның мәселесімен айналысса, ол жол ешқашан жай, қарапайым болмайды. Жастарға айтайын дегенім, журналистика келгенде телевидениеге шығып күлімдеп, әдемі киініп, «Сәлеметсіздер ме!» деп, отырамын деп ойламасын.

Журналистің жолы - білім, үнемі өзін дамыту, сауатын ұлғайту. еңбектену. Көп оқу керек. Көп тіл білу керек. Өйткені күндердің күнінде тікелей эфирге шығасың. Ол жерде өте маңызды мәселелер айтылады. Тікелей эфирге шығарда кеше не болды, оның алдында не болды, осыдан жүз жыл бұрын не болды, содан хабарың болуы керек. Яғни журналист көп нәрсені білуі керек! Журналистің кәсіби қызметінде объективті, демократиялық принциптер мен қоғамдық ұстанымына берік болуы және әлеуметке ең қажетті деген мәселені қадағалап, көтеріп, олардың шешілуіне үнемі үлес қосып отыру керек екені айтпаса да түсінікті.

– Салмақты жауаптарыңызға көп рахмет. Сізге табыс тілеймін!

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Жаңалықтар