Астанада Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың мүшелері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Жиында Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелеріне тоқталса, Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров бауырлас халықтардың тарихи байланысы мен стратегиялық серіктестігін атап өтті.
Сондай-ақ Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның арнайы видеоқұттықтауы көрсетілді.
«Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған ел – Түркия»
Салтанатты қабылдауда сөз сөйлеген Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу алдымен қазақстандықтарды 25 қазанда атап өтілген Республика күнімен құттықтады. Дипломат екі елдің қарым-қатынасы тек саяси және экономикалық мүдделермен шектелмейтінін, оның негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи және рухани жақындық жатқанын жеткізді.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін небәрі бірнеше сағат өткенде оны әлемде бірінші болып таныған мемлекет Түркия Республикасы болды. Бұл жай ғана дипломатиялық шешім емес, ғасырлар өткен соң бір-біріне қайта қол созған екі бауырлас халықтың қауышуының символы еді. Өйткені ортақ тарих біздің қайдан шыққанымызды көрсетсе, ортақ мұрат қайда баратынымызды айқындайды, – деді Мұстафа Капуджу.
Елшінің айтуынша, Қазақстан мен Түркияны ортақ тіл, мәдениет, салт-дәстүр және рухани құндылықтар біріктіреді. Географиялық тұрғыдан алшақ орналасқанымен, екі халық тарихи байланысын ешқашан жоғалтпаған.
Біздің тамырымыз ортақ, жүрегіміз жақын, болашағымыз бір. Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластық түркі әлемінің келешегін байланыстыратын ең берік көпірлердің бірі болып қала беретініне сенеміз, – деді дипломат.
Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 10 миллиард долларға жетті
Мұстафа Капуджу екі елдің экономикалық ынтымақтастығына қатысты бірқатар маңызды деректі жариялады.
Оның сөзінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 10 миллиард долларға жеткен. Ал алдағы мақсат – бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін ұлғайту.
Бүгінде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 5 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Біздің тікелей инвестицияларымыз 6 миллиард доллардан асты. Түрік мердігерлері Қазақстанда жалпы құны 30 миллиард доллардан асатын жобаларды жүзеге асырды. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм салаларында да бірқатар жобалар жалғасып жатыр. Қазақстандық компаниялар да Түркияға инвестиция құюда, – деді елші.
Дипломат екі елдің экономикалық байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті. Әсіресе Орта дәлізді дамыту, энергетика, жасанды интеллект, көлік және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларға басымдық берілмек.
Елшінің сөзінше, 2027 жылы да жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен экономикалық байланыстардың қарқыны сақталады деп күтілуде.
Түркияда 13 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатыр
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – білім беру және мәдени байланыстар.
Мұстафа Капуджудың айтуынша, 1992 жылдан бері Türkiye Bursları халықаралық стипендиялық бағдарламасы арқылы Қазақстаннан 7 мыңға жуық студентке қолдау көрсетілген.
Жыл сайын 300-ге жуық қазақстандық студентке шәкіртақы ұсынамыз. Қазіргі уақытта Түркия университеттерінде Қазақстанның 13 мыңға жуық азаматы білім алып жатыр. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген түлектер саны 100 мыңнан асты, – деді ол.
Елші Қазақстанда 2010 жылдан бері Юнус Эмре түрік мәдени орталығы табысты жұмыс істеп келе жатқанын да айтты.
Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында Түркияның Maarif қорының екі мектебін ашу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Түркия әлемдегі ең ірі 16 экономиканың қатарына енді
Салтанатты шарада Мұстафа Капуджу Түркия Республикасының 103 жыл ішіндегі даму жолына да тоқталды.
Оның айтуынша, 1923 жылы республика құрылған кезде ел халқының саны 12,5 миллион болған. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен тәуелсіздік жолындағы күрестен кейін мемлекет күрделі экономикалық жағдайда қалған.
Ал бүгінде Түркия халқының саны 87 миллионға жуықтап, ел әлемдегі ірі экономикалардың біріне айналған.
Қазір Түркия номиналды жалпы ішкі өнімі 1,82 триллион доллар болатын әлемдегі ең ірі 16 экономиканың қатарында. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша бұл көрсеткіш 4,3 триллион долларға жетіп, әлемде 11-орынға ие болып отыр. Жан басына шаққандағы ұлттық табыс шамамен 21 мың долларды құрайды, – деді дипломат.
Елші Түркияның туризм, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы және қорғаныс технологиялары салаларында да елеулі жетістіктерге жеткенін айтты.
Мәселен, 2025 жылы Түркияға 64 миллионға жуық турист барған. Олардың 763 мыңы Қазақстан азаматтары болған.
Сондай-ақ соңғы 20 жылда елдегі қорғаныс өнеркәсібі жобаларының саны 60-тан 1400-ге дейін өскен. Ал осы саладағы экспорт көлемі 200 миллион доллардан шамамен 10 миллиард долларға дейін ұлғайған.
Мұстафа Капуджу республикалық басқару жүйесінің қоғамдағы мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етудегі рөліне де назар аударды. Атап айтқанда, 1934 жылы түрік әйелдері жалпыұлттық сайлауда дауыс беру және сайлану құқығына ие болғанын еске салды.
Режеп Тайип Ердоған Түркияның болашағына қатысты мәлімдеме жасады
Мерекелік қабылдау барысында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Республика күніне арналған видеоқұттықтауы көрсетілді.
Мемлекет басшысы Түркия Республикасының құрылуын түрік халқының тәуелсіздікке деген ұмтылысы мен өз болашағын өзі айқындауға деген жігерінің нәтижесі деп бағалады.
Біздің республикамыз – тарихы даңқты жеңістер мен күреске толы түрік халқының тәуелсіздікке деген ерік-жігерінің, еркін өмір сүруге деген табандылығының және өз тағдырын өзі шешуге деген ұмтылысының ең айқын белгісі. Осыдан 103 жыл бұрын халқымыз көрсеткен батылдық пен қайсарлық бүгін де бізге күш-жігер беріп келеді, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Түркия Президенті соңғы 24 жылда елдің қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, көлік және дипломатия салаларында айтарлықтай ілгерілегенін атап өтті.
Оның айтуынша, Түркия өз технологиясын дамытып, өндірістік әлеуетін арттыру арқылы болашаққа сенімді қадам басып келеді.
Түркия бүгінде кешегіден де қуатты. Ертең бұдан да күшті, халықаралық беделі жоғары әрі барлық салада ықпалды мемлекет болатынына сенеміз. Біз бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігерімізді жалғастырамыз, – деді Түркия басшысы.
Ердоған әлемнің түрлі аймақтарында қақтығыстар мен саяси дағдарыстар жалғасып жатқан кезеңде Түркия тұрақтылықты сақтаумен қатар, халықаралық келіспеушіліктерді реттеуге де атсалысып отырғанын жеткізді.
«Біз тек стратегиялық серіктес емес, бауырлас халықтармыз»
Қазақстан Үкіметі атынан құттықтау сөз сөйлеген Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Түркия Республикасының 103 жылдығын түрік халқының тарихи жолын, бірлігі мен жасампаздық рухын айшықтайтын маңызды мереке деп атады.
Министр Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың терең тарихи тамыры бар екенін атап өтті.
Қазақстан мен Түркияны ортақ тарихымыздан, мәдениетімізден, тілімізден және рухани мұрамыздан бастау алатын ерекше қарым-қатынастар байланыстырады. Біз тек стратегиялық серіктес қана емеспіз. Біз шынайы достық, өзара сенім мен ортақ мақсаттар біріктірген бауырлас халықтармыз, – деді Әлібек Қуантыров.
Ол Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындағанын екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасы тарихындағы айрықша оқиға ретінде бағалады.
Түркия Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте әлемде бірінші болып таныды. Берік бауырластықтың символына айналған бұл іргелі қадамды біз ешқашан ұмытпаймыз. Түркия тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның жанынан табылды, – деді министр.
Әлібек Қуантыров екі мемлекет арасындағы жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын да атап өтті.
Атап айтқанда, биыл мамыр айында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған сапары және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазан айының соңында Анкараға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызын жеткізді.
Президенттеріміз биыл қабылдаған Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларация халықтарымыздың ажырамас бірлігін айқындайды. Біз оны елдеріміздің ортақ болашағына жасалған кезекті маңызды қадам ретінде қабылдаймыз, – деді ол.
Министр екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы одан әрі нығаятынына сенім білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан мен Түркияның халықаралық ұйымдар аясындағы өзара қолдауы мен түркі интеграциясын дамытудағы ортақ ұстанымына тоқталды.
Оның айтуынша, Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммиті түркі елдерінің бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
2027 жылы екі ел дипломатиялық қатынастың 35 жылдығын атап өтеді
Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу 2027 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын еске салды.
Екі ел 1992 жылы дипломатиялық байланыс орнатып, 2009 жылы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Ал 2022 жылы бұл қатынастар кеңейтілген стратегиялық серіктестік мәртебесіне ие болды.
Биыл мемлекет басшылары қол қойған Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларация өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңіне жол ашты.
Салтанатты қабылдау барысында Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік пен ел тәуелсіздігі жолында күрескен азаматтардың еңбегі еске алынды.
Астанадағы мерекелік кеш «Тұран» этно-фольклорлық тобының музыкалық бағдарламасымен жалғасты.