Жаңалықтар

Роза Бағланованың келіні: «Біздің амандығымызды тілеп отыратын еді»

Парижде Роза Бағланованың мерейтойы аталып өтті
Роза Бағланованың келіні: «Біздің амандығымызды тілеп отыратын еді»
Фото: caravan.kz 13.10.2022 12:49 4066

Қазақтың маңдайына біткен жезтаңдай бұлбұл әнші, КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, Роза Бағланованың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

2021 жылдың 23 қарашасында ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы бұйрығымен 2022-2023 жылдарға арналған атаулы күндер күнтізбесі қабылданды. Оған әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы енгізілген еді. Осыған орай, қазақ бұлбұлының 100 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде ғана емес, ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Бірнеше күн бұрын ғана Париж төрінде күміс көмей әншінің әні әуеледі.

Іс-шараны ұйымдастыруға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйытқы болды. Париж сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексенұлы, Медет Шотабаев, Нұржамал Үсенбаева сынды өнер жұлдыздары Роза Бағланованың орындауындағы әндерін өнер сүйер қауымға қайта ұсынды.

Роза Бағланованың келіні: «Біздің амандығымызды тілеп отыратын еді»

Ол өзі өмірден өтсе де, артында өшпес мұра қалдырып, ән өнерімен қатар сахна мәдениетін де қалыптастырып кеткен әнші. Көптеген халықаралық фестивальдерде өнер көрсетіп, ұлт өнерін насихаттап, сан мәрте лауреат атанған болатын.

Сондай-ақ Роза апамыздың дауысына лайықтап Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақтың ұлы сазгерлер бірнеше ән жазғаны белгілі.

Шет тіліндегі әндерді де өзінің сыңғырлаған даусымен нақышына келтіріп орындайтын. Заманында Әміре Қашаубаевтың дауысы әуелеген Париж аспанын енді қазақ бұлбұлының әндері сазды әуенге бөледі.

Роза Бағланованың келіні Марал Бағланова апамыздың 100 жылдығы еліміздің әр қаласында, тіпті ауылдарда да тойланып жатқанына ризашылығын білдіріп, Парижге барған сапары туралы үлкен тебіреніспен айтып берді.

«Апамыздың өмір жолы мен еңбегі бағаланып жатқанына өте қуаныштымыз. Артынан бізге яғни, болашақ ұрпаққа баға жетпес мұра қалдырды. Қазақ халқының кішкентай ғана қызы 1949 жылы Будапешт қаласында өткен Халықаралық Жастар фестивалінен бас жүлдені қанжығасына байлап келген еді. Міне, енді ЮНЕСКО деңгейінде тағы да қазағымыздың атын әлемге танытып отыр. Бұл өте ғажап сезім. Біз апамыздың ұрпағы болғанымызды мақтан етеміз. Париждегі Елшілігіміз Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы мен Роза Бағланова апамыздың 100 жылдығына келген делегацияны жылы қарсы алды», - дейді Марал Бағланова.

Сондай-ақ, ЮНЕСКО залында Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылған.

Роза Бағланованың келіні: «Біздің амандығымызды тілеп отыратын еді»

«Қонақтар көрмені тамашалап, таңданыстарын жасыра алмады. Бұл өте керемет іс-шара болды. Кештің соңы біздің эстрада жұлдыздары мен «Сазген сазы» ансамблінің сүйемелдеуімен тамаша концертпен аяқталды. Тәжен екеуміз көз жасымызға ерік беріп, қуаныштан көңілді болып қайттық», - дейді келіні Марал.

Әншінің жүріп өткен жолы мен өнерінің дәріптеліп жатқаныдығына ризалығын жеткізген Марал Бағланова мұндай біртуар тұлғалар ұмытылмауы керек деп санайды.

Роза Бағланованың келіні: «Біздің амандығымызды тілеп отыратын еді»

Келіні көзі тірісінде ана ретінде бізге тату-тәтті өмір сүруді, ұрпағына дұрыс тәрбие беру өсиетін жиі айтатын, деп еске алды.

«Жол жүрсек те, үйдің сыртына шықсақ та біздің амандығымызды тілеп, көргенше асығып отыратын еді», - дейді.


Халықтың құрметіне бөленген дара тұлғаның есімі мен өлмес әндері ұрпақ есінде мәңгі сақталмақ!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға