Жаңалықтар

Біз жастарға туған елдің қадірін ұғындыра алмай жүрміз – Жабал Ерғалиев

Менің көзқарасымда туған жерін, елін жамандау – ездік!
Біз жастарға туған елдің қадірін ұғындыра алмай жүрміз – Жабал Ерғалиев
22.10.2022 16:20 3907

Өркениетті ұлт, ең алдымен тарихы, мәдениеті, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен мақтанады. Ал, өмір өнегесі адамның жүрген жолы, сіңірген еңбегімен өлшенеді. Ондай азаматтың ғұмыры қашанда өнегелі.  Осы өмір керуенінде өзіндік ізімен танылған сұңғат бітімді бір тұлға бар. Ол-тұлға: қоғам қайраткері, зиялы қауым өкілі, бабалар аманатын арқалаған азамат – Жабал Ерғалиев. Оның  «Сөне көрме жұлдыздар», «Қазақтың Қарасай батыры», «Ұлтым менің, ұлысым менің», «Хан көтерген ел едік ер ұланын», «Бұлтты түнгі толған Ай», «Жол сапар жалғаса береді», «Қалам сыры», «Әлемді жүрегіне сыйғызған» тағы басқа да кітаптары оқырмандардан биік бағасын алды. Біз орайы келгенде жазушы-драматург Жабал ағамызды әңгімеге тарттық.

Жабал аға, сіз ұлағатты ұлан міндетіңізді дер кезінде ұғынған азаматтардың бірісіз. Ел мүддесі үшін еңбек көрігін қыздырып келесіз. Тәуелсіз елдің терегін мәуелетуге де орасан зор үлес қосудасыз. Бүгінгі әңгімені Республика күні төңірегінде өрбітсек.

Өзіңіз жақсы білесіз, биылғы жылдың  16 маусымы күні Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тарихи жадын жаңғырту мәселесін айта келіп, республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Мұны халық қолдады. Республика күні біздің мерекелердің ішіндегі ең ұлық мереке. Бұл Қазақстан күні. Бұл қазақ баласының тарихи күні.  Жастар санасына осындай ұғым қалыптастыруымыз керек. Жалпы қазақ баласы осы өркендеу жолында талай-талай тарихтан өтті ғой. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы жайлы түрлі әңгімелер өрбіп жүр. Ол әңгіменің бірін дұрыс деп қабылдасақ, енді бірі шындыққа жанаспайды. Бірақ, біз тәуелсізбіз ғой. Көк туымыз желбіреп тұр. Әнұрынамыз айқын. Елтаңбамыз елеулі. Ендеше, тәуелсіздікті  қазақ халқының жеткен ең биік шыңына балауымыз керек.                                                                                                                    

– Жабал аға, ел жүгін арқалау оңай емес. Ел сенімін ақтау ердің еріне ғана жүктелетін жауапкершілік... 

– Дұрыс айтасыз. Ел жүгі - ауыр жүк. Оны көтеру үшін қанша күш-жігер керек. Төрткүл дүниенің төбесінен қарап отырған алпауыт елдер санасатындай салихалы саясат қажет. Жаңа Қазақстанның ұстанымы осы. Рас, қалыптасқан жүйені жаңартып, тарихи шешімдер шығару оңай емес. Ең алдымен заңдық негіздер керек. Бүгінде халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жаңа реформалар басталды. Республика күні қарсаңында көңілге ұялайтын қуаныш Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының ашылуы.  Бұл тек сол өңірдегі тұрғындардың тілеуі ғана емес, барша қазақ баласының қуанышы. Бұл рухани жағымызда ірі  жеңісіміз.

Республика күні несімен құнды болуы керек?

– Бұл өте маңызды мәселе. Ең бірінші,  қазақ баласы өз елін даттауды доғарғаны дұрыс. Сыртта жүргені де жақсы сөзбен жарытып жатқан жоқ. Өзінің ішіп отырған суының құдығына түкіретіндер өзімізде де бар. Бұндай пиғылдан арылу керек.  Біз «Бір-бірін батыр» деген текті бабалардың ұрпағы емеспіз бе?! Ендеше елді мадақтау, кемшін тұсына кереге болу алдымен біздің міндетіміз. Әрине, қоғамда кемшіліктер бар. Болады да. Бірақ оны жатып алып, жаппай жамырап жамандаудың жөні бар ма? Республика күні ең әуелі халқымыздың жасампаздығымен, мына өркениетке  қосып отырған жағымды жаңалықтарымен құнды болуы керек. Мысалы, бір ғана Димаш Құдайберген өз әнімен де, сәнімен де, жеке басының тәрбиесімен де әлемді сүйсіндіріп отыр емес пе?  Қазақ осындай деген әлемдік ұғымды Димаш баламыз қалыптастырып келеді.  Ал, ол неге жалғыз болуы керек. Біз қайдамыз? Елім, жерім деп жүрген тұлғаларды аңдудан қолымыз тимейді. Оларға қолқанат болудың орнына етегінен тартамыз. Елдің жақсылығына теріс қарап, кемшілігіне кеуде қағамыз. Менің көзқарасымда туған жерін, елін жамандау ездік!

Қазіргі қазақтың ұлттық болмысы қандай? Келешекте қалай болу керек?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылы Жолдауында қазақ болмысын қалыптастыру керектігін айтқан болатын.  Бұған қоғам мойын бұрмады. Сол жолдауда айтылған ұлттық болмыс қағидасына Президент Абай мұраларын басшылыққа алуды ұсынғанды.  Өтірік, өсек, мақтаншақтықтан арылуды меңзеді. Ақиқаты сол, біз бүгінде өзіміздің жастарымызға туған елінің қадірін ұғындыра алмай отырмыз. Өйткені, ана тілді менсінбейміз. Салт-дәстүрді мойындамаймыз. Аузымыздан жақсы сөз шықпайды. Қайтып оңамыз. Ел боламыз десек жастарымызға жылы орта қалыптастыруымыз керек. Ол енді, аға ұрпақ біздердің міндетіміз. Несін жасырамыз, қарияларымыз есер сөзге әуес. Естілікті ұмыттық. Әлеуметтік желілеріміз жамандық айтып жарысуда. Жақсылық неге бұғып қалды? Неге керауыздардың сөзі өтімді? Жақсылықтың үні қайда? Алдымызда кезектен тыс Президент саулауы тұр. Бұл саяси науқан бірлікті талап етеді. Бірақ, ол науқанды да жүндей түтіп жатырмыз. Кімнің аузына қақпақ боласың. Айта берсін. Бірақ, бір нәрсені ұмытпайық.  Біз ертеңіне үміт артқан елміз. Ел дамуы үшін жаңа экономикалық бағыт керек. Интеграциялық үдерістерді үдету міндет. Алда бағындырар бірнеше белес, алынбаған қыруар асу бар. Осы межелерді еңсеру үшін енді екпінді еңбек қажет. Қазір ертеңі бітпейтін еріншектің заманы емес. Керісінше, темірді қызғанда соғатын шақ. «Береке түбі-бірлік» десек, алдымен ауызбіршілік керек, сонда ғана ырысымыз молайады. Ел болу жолынғады мақсатымызды айқындап алмай арбамыз алға жылжымайды. Мүддені ойлайық, елдің мүддесін ойлағын халықтың мұраты мұхит. Бір-бірімізді жау санамай келешекке кемелдікпен қарайық.

Республика күнінің ұлттық мәртебесін қалай көтеруіміз керек?

– Ел де, жер де қазақтыкі. Ендеше ұлттық мерекеге алдымен қазақ қуану керек. Біз қалай шаттанамыз Қазақстанда мекендеген  өзге ұлт өкілдері де қазаққа қарап бой түзейді. Болмағанымызды болдырамыз, толмағанымызды толтырамыз деп еңбек ету жұғысты.  Бүгінде төрт құбыласы түгел елдің өзі бөліне жүріп бөркін түзей алмайды. Яғни, оған әлемдік технологиялық үдеріске ілесудің өзі күш. Жалғыздың үнін, жаяудың шаңын шығармайтын қазіргі заманның талабы қатаң. Тартынғанды талатып, ағысқа қарсы жүзген өркениеттің кемесіне кедергі келтіреді. Сондықтан да, келісе отырып, келешекті кеңесе пішкен жөн. Ол үшін мақсатымыз ортақ, мұратымыз бір болу керек. Сондықтан да, өзімізге өзіміз сыншы болайық. Ана тілімізді ардақтайық. Елімізбен мақтанайық. Республика күнінің мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек етейік.

Жабал аға, еліміздің діттегені даму, көздегені кемелді келешек деп білейік. Әңгімеңізге рахмет. Республика күні халқымыздың құрмет тұтар ұлттық мерекесіне айналсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға