«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген екен түркі әдебиетінің көрнекті өкілі Әлішер Науаи. Расында, кітап оқитын қоғамның ой-өрісі кеңейіп, танымы тереңдейді. Алайда соңғы жылдары әлеуметтік желіге тәуелділік кітап оқу мәдениетіне кері әсерін тигізіп отыр. Қазақ қоғамында кітапқа деген қызығушылықты қайта ояту, жастарды әдебиетке баулу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және өзге де мәселелер жөнінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, халықаралық «TÚRKISTAN» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлымен әңгімелестік.
– «Кітап оқитын ұлт» жобасы республика бойынша қолдау тауып жатыр. Жалпы қазақ қоғамында кітап оқу мәдениеті қаншалықты қалыптасқан? Біз шынымен кітап оқитын ұлтқа айналып келеміз бе?
– Осыдан 30-35 жыл бұрын ғана біз қойшысына дейін етігінің қонышына «Жұлдыз» бен «Жалынды» салып жүріп оқитын ұлт едік. Кітап оқымайтын адам аз еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық, материалдық дүниені алға шығарған саясат бізді кітаптан бездірді. Одан кейін әлеуметтік желіге байландық.
«...әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады» деді Мемлекет басшысы «TÚRKISTAN» газетіне берген сұхбатында.
Демек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық шығаруы тегін емес. Соның арқасында «Кітап оқитын ұлт» жобасы дүниеге келді. Жобаның халық арасында ерекше қолдау тауып жатқаны қуантады. Егер осылай қолдау болып тұрса, біз қайтадан (!) кітап оқитын ұлтқа айналамыз деп ойлаймын.
– Жастар кітап оқымайды деп жиі айтамыз. Бірақ мәселе жастарда ма, әлде біз оларға ұсына алатын қызықты кітаптардың аздығында ма?
– Қазір жастардың арасында кітап оқу трендке айналып келе жатқанын байқаймын. Ал олар не оқып жүр? Кімді оқиды? Осы мәселеге үңілу керек. Жастарды кінәлағаннан гөрі оларды бағыттай білген абзал.
Бір түйесін бес мың басқа жеткізген кәсіпкер кітап жазды
– Өзіңіздің соңғы оқыған кітабыңыз не жайлы? Қазір психология, іскерлік бағыттағы сұраныс артты ғой. Бұл классикалық әдебиетке деген қызығушылықты азайтпай ма?
– Асқар Алтайдың «Каскад» деген романын оқып бітірдім. Қатты ұнады. Қазір Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндегі көкжалын» оқып жатырмын.
Іскерлік бағыттағы кітаптар мен классикалық әдебиетті оқитындар бір-біріне кедергі келтірмейді деп ойлаймын. Іскерлік бағыттағы кітаптар да керек. Әсіресе, жастарды құлшындыратын дүниелер қазақ тілінде жазылса, құба-құп.
Мысалы, жақында белгілі кәсіпкер, бір түйесін бес мың басқа жеткізіп, әлемдік нарыққа шыққан Сыдық Дәулетов өз өмірі туралы «Нар жолы» атты кітап жазып бітірді. Оқып шыққан адам кәсіпкер болудың оңай еместігін ұғынады. Ондағы әрбір тарау оқырманды құлшындырады, үміт сыйлайды, бойына сенім бітіреді.
Коучтар көбейіп, қазақтың отбасылық институтын ірітіп жатқанда, адал еңбекті насихаттайтын мұндай кітаптар керек-ақ.
– Алайда қазір психология жайлы немесе өз өмірі жайлы жазып, өзін жазушы деп атайтындар да бар. Олар жайлы қандай пікірдесіз?
– Жалпы кімнің жазушы, кімнің жазушы еместігін, қандай кітаптың жақсы немесе жаман екендігін сүзгіден өткізетін «елек» – халық болуға тиіс. Яғни оқырманның деңгейі жоғары болуы керек. «Кітап оқитын ұлт» жобасы сондай оқырман әзірлеуге көмектеседі деген ойдамын.
– Кітаптың мазмұны жақсы болғанымен, оның безендірілуі, мұқабасы мен жарнамасы да оқырман таңдауына әсер етеді. Бізде кітап маркетингі жолға қойылған ба?
– Жолға қойылып келеді. Қазір баспалар кітап безендіру ісіне қатты мән береді.
Әдеби дәрістің жөні бөлек
– Жақында «Кінәз» атты кітабыңыз жарық көрді. Бұл кітапты жазу идеясы қалай келді? Оқырман бұл шығармадан қандай ой түйеді?
– Мен әдебиетке тоқсаныншы жылдары келген, әдеби ортада «алтынкөпірліктер» деп аталған буын өкілдерінің әдеби портретін жасауға тырыстым. Әрине, бәрі туралы жазуға мүмкіндігім болмады. Бірақ өз қатарымның біразы туралы мақала жаздым. «Кінәз» – сол мақалалардың жиынтығы. Оқырман «алтынкөпірліктер» туралы көп жайттан хабардар болады деп ойлаймын.
– «Қаламгер ұстаханасы» жобасы арқылы жас авторларға жол көрсетіп жүрсіздер. Небір ұлт зиялылары осы жобаға қонақ болды. Жалпы ұстахананың мақсаты қандай?
– Біз Әкім Тарази, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов секілді классиктеріміздің әдеби дәрістерін жазып ала алмадық. Арамызда мәңгі жүре беретіндей көрдік. Сұхбат алдық, мақала жаздық, бірақ әдеби дәрістің жөні бөлек қой.
Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалына қызметке келгеннен кейін осы жобаны қолға алдық. Қазірге дейін 19 қаламгердің әдеби дәрісін жазып алдық. Оның бәрі «Әлқисса» YouTube-арнамызда тұр.
Бұл дәрістер жарты ғасыр, бір ғасыр уақыт өтсе де ұлт әдебиетіне қызмет етеді деп сенемін.
– «Әдеби куиз» ұйымдастырып жүргендеріңізді білеміз. Жастардың әдебиетке қызығушылығын осындай ойын форматында оятуға бола ма?
– Болады деп ойлаймын. Куизге қатысушылардың құлшынысын көріп, сондай ойға бекідім.
Жалпы, біз әдебиетке, кітап оқуға құлшындыратын барлық әдісті қолдануымыз керек деп есептеймін. Жақында «Ай кітабы» атты жобамызды іске қостық. Онда ай сайын бір кітап талқыланып, талданатын болады. Екі спикер сол кітаптың құпиясын ақтаруға тырысады.
Осы айда Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегінің» астарына үңілдік. Белгілі жазушы Айгүл Кемелбаева мен талантты ақын Ықылас Ожай тосын пікір, жаңаша көзқарастарымен қуантты. Шақырылған қонақтар да ерекше риза болып, қанаттанып шықты.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!