Биылғы оқу жылында 217 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері ОКҚ алаңында 2024-2025 оқу жылының қорытындылары жайлы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтеріне сәйкес, елімізде барлығы 8 мыңнан астам мектеп бар, онда 4 млн-ға жуық оқушы білім алуда.
Биыл 9-сыныпты 364 мыңнан астам бала аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ 217 мыңнан астам түлек 11 сыныпты тәмамдайды, - деді Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев баспасөз конференциясы барысында.
Оның айтуынша, мектептерде оқу мерзімі дәстүрлі түрде 34 аптаға созылады. 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы сабақ күні, 23 мамырда, «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-ші немесе 24-ші мамырда мектеп қабырғасында өткізіледі. Сондай-ақ, қорытынды мемлекеттік емтихандардың мерзімі де белгілі болды. 9-сынып оқушылары үшін емтихандар 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады. Мектеп бітіру аттестаттарын түлектерге тапсыру салтанатын 18-20 маусым аралығында өткізу жоспарланып отыр.
