Жаңалықтар

Биыл университеттерде оқу ақысы көтерілмейді

Жылдың басында баға дифференциациясы болған
Биыл университеттерде оқу ақысы көтерілмейді
Фото: El.kz 23.08.2022 10:55 1100

Мемлекеттік және Ұлттық университеттердегі оқу ақысына қатысты өзгерістер жайлы ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Айтуынша, кез келген жоғары оқу орнының оқу ақысының көтерілуі немесе төмендеуі ол директорлардың, құрылтайшылардың шешімімен жүзеге асады. Сондай-ақ бір ай немесе бір күнде емес, бірнеше айларды құрауы мүмкін. Себебі олар сол нарықтағы жағдайды, төлем қабылеттілігін, университеттің даму стратегиясын, бір сөзбен айтқанда нарықтағы жағдайдың бәрін елеп ескере отырып, нақты шешім қабылдайды.

«Бұл мәселенің бәрі ерте көктемде немесе жылдың басында қабылданған шешімдер болған. Шілде айында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекұлы оқу ақысының көтерілмейтіндігі туралы мәлімдеме жасады. Сол кезден бері ешқандай университеттердің оқу бағасы көтерілген жоқ. Ал оқу ақысы қымбаттады деген университеттерде министрдің мәлімдемесі жасалмай тұрып, жылдың басында баға дифференциациясы болған. Шілде айының басында жасалған мәлімдеме жоғарғы оқу орындарының барлығына нақты нұсқау ретінде айтылды. Сондықтан да университеттердің барлығы да министрдің тиісті нұсқауын назарға алды», - деді білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы.

Ол университеттердің бір күнде бағаны көтере алмайтынын айтты. Себебі студент пен білім мекемесінің арасында келісімшарт жасалған. Одан кейінгі мәселе баға дифференциациясы былтырғы түскен немесе алдыңғы жылғы оқуға түскен студенттерге байланысты болуы мүмкін.

«Бір жыл көлемінде баға саясатына ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Келісімшартта оқу жылы біткеннен кейін келесі оқу үрдісі басталмас бұрын көптеген келісімшарттарды мемлекеттегі инфляция деңгейіне байланысты бағаның дифференциациясы болуы мүмкін деген тармақ бар. Оның барлығы жылдың басында жүзеге асырылған. Қазіргі таңда олар сол баға саясатын қайта қарау бойынша да жұмыстар жүргізіп жатыр. Ата-аналардың қатты алаңдауына еш негіз жоқ. Бұл мәселенің барлығы министрдің жіті қадағалауында», - деді ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға