Жаңалықтар

Биыл үлкен әйелдерге үйленетін жас жігіттердің қатары көбейеді – нумеролог

Биыл үлкен әйелдерге үйленетін жас жігіттердің қатары көбейеді – нумеролог
Фото: instagram.com 06.04.2023 09:00 6027

Эстрадағы хитмен әншілер Ерке Есмахан Raim деген лақап атпен танымал Райымбек Бақтыгереевтің үйленуі қоғамда қызу талқыға түсті. Өйткені Еркенің сүйіктісі 12 жасқа кіші. Мұндай махаббатқа қатысты адамдардың пікірі екіге жарылды. Осы ретте El.kz тілшісі әйелдердің өзінен жасы кіші жігітке тұрмысқа шыққаны қаншалықты дұрыс деген сұраққа жауап іздеп көрді. 

Алдымен, бізге өзінен бес жас кіші жігітпен отау құрған Әдемі Мұқан пікірін білдірді. Ол ең бастысы махаббат пен түсіністік екенін айтады.

Біз кімге ғашық болатынымызды білмейміз. Жасы кіші жігітке күйеуге шығасың ба, жасы үлкен жігітке тұрмысқа шығасың ба, ол әр адамның тағдыры. Жасқа қарап тұрған ештеңе жоқ. «Махаббат жасқа қарамайды» деп айтып жатады ғой. Ең бастысы, түсіністік, - дейді кейіпкеріміз. 

Ол  күйеуім менен 5 жас кіші, бірақ махаббатымызға мұның еш әсері жоқ деп отыр.

Үйленгенімізге үш жыл болды. Бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Отбасында бірінші орында ер адам тұрады. Күйеуімді мен сеннен үлкенмін деп, өз сөзіммен жүргізуге тырысқан емеспін. Кез келген отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Алайда тез татуласып кетеміз. Әркім өз орнын білсе, бәрі жақсы болады, - дейді Әдемі Мұқан.

Ол күйеуі екеуі жақсы тіл табысқанымен, қоғам мұндай жағдайды жақсы қабылдамайтынын айтты. Өйткені оның ата-анасы «кіші жігітке не үшін шығасың?» деп, басында қарсы болса, күйеуінің дп ата-анасы «Басқа қыз табылмады ма?» депті.

Бірақ біз махаббатымызға сенімді болып тұрғаннан кейін бәрі қарсы болса да үйлендік. Біреудің жасы кіші болса да дана болуы мүмкін. Мысалы, менің таныстарым бар. 30-дан асса да кішкентай бала сияқты жігіттер бар. Менің күйеуіме қарап меннен кіші деп айту қиын. Ол өте сабырлы, байыпты, байсалды, кез келген шешімді қабылдағанда, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі, - дейді күйеуінен бес жас үлкен ару.

Ол күйеуінің қасында өзін кішкентай қыз сияқты сезінетінін айтады. ағыз арқа сүйер азамат. Ер азаматқа сай ер мінезді. Еліміздегі бақытты отбасылардың біріміз деп отыр.

Ал Әйгерім Саржанова есімді кейіпкеріміз жас жігітке тұрмысқа шыққысы келмейді. Ол ер азамат әйелінен 5-10 жас кіші болмауы керек деп есептейді.

Жасым 24-те. Әлі тұрмыс құрмадым. Бірақ негізі жас жігітке шықпас едім. Құрдас немесе жасы үлкен азаматпен отау құрғым келеді. Қазір қыздар арасында жас жігітке тұрмысқа шығу жиі болып жатқанын көріп жүрміз. Құрбыларымызбен осы тақырыптарды жиі талқылаймыз. Көп құрбыларымның көзқарасы оң. Мен де оларды кінәламаймын. Әркімнің өз тағдыры өз қолында. Мүмкін ғашық болып қалатын шығар, - деді Әйгерім.

Бірақ ол қанша ғашық болып тұрса да өзінен 5 немесе 10 жаса кіші жігітке тұрмысқа шықпайтынын айтты. Әрі кетсе 1-2 жастан аспау керек деп санайды. Жалпы ол патриархат қоғамды қолдайды. Отбасын ер адам басқаруы керек деп ойлайды. Ал кіші жігіттің сөзін жүргізіп, айтқанын орындата алуы қиын деген көзқараста.

Психолог осы сұрақ бойынша кеңес үшін келетін қыздардың көп екенін айтады. Ол мұндай қыздарды 2 топқа бөлді. Бірінші топ жігітті шын сүйетінін, бірақ ата-анасының неке құруға рұқсат бермейтінін айтады. Екінші топ бұған дейін отбасын құрып, ажырасқан қыздар. Олар басы бос жігіттерді іздейді. Ал 40 жаста басы бос жігітті табу қиын. Сондықтан жас жігіттерді таңдап жатады. 

Психолог Серікгүл Сәли мұндай құбылыстың жиі талқылануын қыздардың сенімділігінің артуы мен қоғамдық пікірге тәуелсіз бола бастауынан дейді.

Менің ойымша, мұндай жағдай жиілеп кеткен жоқ. Бұрында да бар болған. Қазір де олай тұрмысқа шығатындардың саны бұрынғы жылдармен шамалас. Тек ертеректе мұны жарияламайтын. Қазір ашық айтылып, көбісінде батылдық пайда болды. Ең алдымен мұны жариялап шығарған Ерке, қазақтың ерке қызы, - дейді психолог.

Ол Еркеден кейін бәрінде осыны айтуға батылдық пайда болды. Мұның екінші жағы да бар. Өзінен кіші жігіт танысқан кезде біздің қатарластарымыз, ата-анамыздың қатарластары арасындағы қыздар жасы кіші жігітпен танысуға өзіне рұқсат бермейтін. Онымен танысып, махаббат туралы әңгіме қозғауға тыйым қойып қоятын. Сен менен кішкентайсың. Қайдағы махаббат? Ауызыңнан сүттің дәмі кетіп алсын, өсіп ал деген сияқты көзқараста болатын. Ал қазіргі кезде қыздар бақытқа бөленуді, махаббатты бірінші орынға қоятынын айтты. 

Бұрынғы кездерде дәстүр, қағида сияқты құндылықтар бар еді. Қазір ондай құндылықтар жоқ. Бірінші орынға әркім өз бақытын, жүрек тыныштығын, қалауын қояды. Жас жігіттер махаббат жасқа қарамайды дегенге бейімделіп кетті. Жас жігіттер қыздарға өздерінің сезімін білдіріп, ойларын айтқанда, қыздар да ойланып қалады. Өйткені өздерімен қатар немесе үлкен жігіттер бере алмаған рухани тіректі жас жігіттер беріп жатады, - дейді Серікгүл Сали.

Ол салиқалы, салмақты ниетін байқаса, қыздар да оған көніп, келісіп, жақсы көріп, ғашық болып жатады. Бір жағынан қазіргі жастар өздерін үнемі дамытып отырады, олар психологиялық тұрғыдан өздерін жетілдірген. Ал мұндай жігіттермен одақ құру, серіктес болу ыңғайлырақ. Жайлы серік бола алады деп санайды. 

Қыздар ғана емес жалпы кез келген адам жасқа үйленгілері келіп тұрады. Ер адамдар да жас қыз алғысы келеді. Өйткені жүрек қартаймайды. Адамның физиологиялық жасы куәлікте өсе бергенімен жүрек әрдайым 18-де, жүрек әрдайым 25-те. Жас адамның қасында жүргенде кез келген адам өзін жас сезінеді. Жас қыздың жанында еркектер өзін қалай жас сезінсе, әйелдер де жас сезінеді, - деді психолог.

Ол бәрі адами сезімдерге байланысты екенін айтады.

Психолог маман ретінде осы құбылысты бақылап көрдім. Жасы 50-дегі әйелге сіздің жасыңыз 40-та ма десеңіз, ол кісі мәз болып қалады. Ол жағымды әсер алады. Сондай-ақ жастау жігіт келіп қырындаса, мен жастарға ұнайтын болып тұрмын ғой деп қуанады. Бұл адамның психологиясына тән қалыпты құбылыс, - деді Серікгүл Сали.

Маман жігіттердің үлкен қызға үйленуі қыздардың тәжірбиесімен байланыстырады.

Үлкен қыздардың ұсақ-түйек нәрсені проблема қылып отырмай, оларды айналып өтуі, көрегендігі ұнайды. Жас қыздарда ұшып-қонғандық, албырттық, тәжірбиесіздігінің кесірінен шолақ ойлау деген дүниелер болады. Мұндай дүниелер кейбір жігіттерге ұнамай, тіпті ызаландыруы мүмкін. Жасынан бұрын ер жететін адамдар болады. Жасы үлкендерге қызығады. Әйелдің даналығы, рухани жан дүниесіне қызығады. Өзіне сенімді жігіттер көбіне жасы үлкен қыздарға барады, - деді психолог.

Ал әлеуметтанушылар мұндай құбылыстың 3 себебі бар екенін айтады. Олардың айтуынша, ең бірінші себеп – махаббат, ғашықтық сияқты тәтті сезімдердің соңынан кету. Екінші себеп – есепке құрылған одақ. Ал үшіншісі теңдіктің орнауына байланысты.

Әлеуметтанушы Ғайнижамал Боранбаева жігіттердің мұндай қадамға баруының әлеметтік жағы да бар екенін айтады.

Бұрынғыдай қоғамда тек ерлердің пікірі ғана ескерілмейді. Әйелдер де ақша тауып, жоғары қызметтерге ие болып, пікір білдіру құқығына ие болған. Оның үстіне, қазір альфонстар көбейген заман. Патриархалды қоғам үшін жасы үлкен қызға үйлену ұят болып саналды. Қазіргі жігіттер жалқауланып барады, жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді, - дейді Ғайнижамал Боранбаева.

Ол кейбір жігіттер әлеуметтік-экономикалық проблемаларды өздері шеше алмағаннан кейін жағдайы бар жасы үлкен қызға үйлену арқылы шешкісі келеді деп айтты. Ата-аналарының проблемасын шешіп бергеніне үйреніп қалады да олардың орнын басатын адам іздейді. Ал қыздар альфонс жігіттерге алданып, махаббаттан басы айналып, шалыс басып жатады. Бірақ барлығы солай деп айтуға да болмайды. «Бес саусақ бірдей емес». Жасы кіші жігітке тұрмысқа шығып, бақытты отбасын құрып отырғандар да бар. Арасында шынайы махаббат пен түсіністік бар отбасылар да бар екенін айтады.

Нумерологтардың пікірінше, жас жігітке шығу немесе кіші жігітке шығу кеңістіктің есебімен болады. Нумеролог Радмила Ескендір жасы үлкен қыздар мен жасы кіші жігіттер бір-бірін энергетикалық тұрғыдан тартатынын айтады.

2023 жылдан бастап 2024 жылын қоса алғанда 35 жасқа дейінгі жігіттер 45 жасқа дейінгі әйелдерге үйленетін тенденция болып жатыр. Өйткені энергетикалары бір-бірін тартады. Мен өзім де 8 жас кіші жігітке тұрмысқа шықтым. Мен 1988 жылғы болсам, күйеуім 1996 жылы дүниеге келген. Бұрын өзімнен жас жігітке тұрмысқа шығам деп ойламадым. 2020 жылы отбасын құрдық. 2021-де балалы болдым. Энергия деңгейінде тартылыс болып тұр. Бұл қалыпты табиғи құбылыс, - дейді Радмила Ескендір. 

Оның ішінде, күйеуге шықпаған қыздардың энергиясы жас жігіттерді тартады деп отыр.

Қазір көп қой. Дуалап алды, басқа дейді. Ер адамдар бұрыннан өзінен жас қызды алады ғой. Сондықтан шок болатын ештеңе жоқ, - деді нумеролог.

10 жас кіші жігіт пен үлкен қыздың әйел мен ер ретіндегі тартылысы туралы сұрадық. Маман жігіт жас болған сайын энергетикалық сәйкестік жоғары болатынын айтады. Темпараменттері бойынша олар бір-біріне жақсы сәйкес келеді. Құрдастар бір-біріне үйленген кезде олардың арасында түсініспеушілік көп болады деп санайды.

Ал үлкен жігіт жас қызға үйленсе, жігітке қызықсыз болады. Өйткені жігіттің қалауы мен фантазиясын орындай алмайды. Сосын ол басқа әйелге кетіп қалады. Отбасын сақтап қалған күннің өзінде оларда 10 жылдан кейін әйелдің энергетикасы көтеріледі де ер адамның энергетикасы түсіп қалады. 26 жастағы ер адам энергетикасының шегінде тұрады. 35 жастан 40 жасқа дейінгі кез де әйел адамның энергетикалық шегі. Екеуі бір-біріне сәйкес келеді. Некеде ең маңызды энергетикалық тартылыс,- деді нумерлог.

Ол түсіністік жағынан жасы үлкен әйел мен кіші жігіт бір-бірін жақсырақ түсінеді. Үлкен қыздар қысым түсірмейді. Көп мәселелерге кешіріммен қарайды. Күйеуін көп бақылауға тырыспайды. Ер азамат үшін де, әйелі үшін де қолайлы деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға