Биыл «Балдәуренде» кімдер тегін демалады?

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Елімізде жазғы демалыс кезінде 11 135 демалыс орталығы жұмыс істейді. 3,2 млн балаға бос уақытын  тиімді өткізуге мүмкіндік бар. Үкімет отырысында жазғы маусымды ұйымдастыру жоспары талқыланды. 

Үздік оқушылар да тегін демалады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектеп жанындағы демалыс орталықтарында 3 млн-ға жуық бала демалады. 168 мың оқушы – маусымдық орталықта, ал 44 мыңнан астамын – жыл бойғы орталықтар қабылдайды. Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 53 мың бала демалыспен қамтылады.Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары демалады. Биыл олардың саны 5 мың балаға жеткен. Ал өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды балаға ұйымдастырылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық нысандарға полиция инспекторлары тағайындалды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жан-жақты дамуы мен қолайлы ортада демалуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты Президенттің 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебін, 50 балалар сауықтыру орталығын ашу туралы тапсырмасына сәйкес 3 жылда 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім ұйымы салынды. Жылдың соңына дейін 3 800 орындық 10 объектінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, осы кезеңде 2 800 орынға арналған 15 балалар сауықтыру орталығы ашылды және биыл 840 орындық 4 сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі,– деп атап өтті министр.

Жаңа қосымша білім беру ұйымдары робототехника кабинеттері, IT зертханалары, ойын алаңдары және балалардың бос уақытын тиімді қамтамасыз етуге арналған басқа да заманауи құралдармен жабдықталған. Балалардың жазғы демалысында ішкі туризм мен отбасылық саяхаттарды дамытуға басымдық беріледі. 

Түрлі іс-шара өтеді

 Ал Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов балаларды жазда қандай жарыс күтіп тұрғанын айтты. 

Осы мақсатта елімізде балалар мен ата-аналарға арналған спорттық, мәдени және туристік іс-шаралар ұйымдастырылады. Солардың бірі – «Бурабай-2026» жартасқа өрмелеу  республикалық фестивалі.

2026 жылға арналған оқиғалар күнтізбесі аясында жазда балалар мен жастарға арналған 20-дан астам ірі іс-шара өткізу жоспарланған.

Маусым айында: 

  • Алматы облысында «NomadFest»,
  • Қарағанды облысында «Balkhash Tour Fest», 
  • Ұлытау облысында «Көкмайса» фестивальдері өтеді.


Шілде айында: 

  • Астанада «Асыл Мұра» мәдени-отбасылық іс-шарасы,
  • Жетісу облысында «Алакөл толқыны» жастар жобасы, 
  • Атырау облысында экологиялық «Лотос фестивалі» ұйымдастырылады.

Тамыз айында:

  • халықаралық «Comic Con Astana» фестивалі, 
  • Алматы облысында «Байсерке аспаны» отбасылық авиациялық фестивалі  ұйымдастырылады.

Балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту аясында Kids Go Free бағдарламасы жалғасады. Бағдарлама балалардың әуе билеттерін субсидиялауға бағытталған. Бағдарлама іске қосылғалы бері 7 мыңнан астам бала тегін әуе сапарына шыққан. Биыл тағы 2 мыңға жуық бала осы мүмкіндікті пайдалана алады.

Балалардың каникул кезіндегі белсенді демалысын қамтамасыз ету үшін Ақмола облысындағы «Парус», Шығыс Қазақстан облысындағы «Сарыбел» және Абай облысындағы Алакөл демалыс аймақтарында сауықтыру-спорттық лагерьлер ұйымдастырылады.

Ереже бәріне ортақ

 Денсаулық сақтау министрлігі балалар лагерьлеріне санитариялық ережелердің сақталуына тексеру жүргізудің жаңа тәртібін іске қосады.  Осы жылдың жаз айынан бастап Қазақстанда бюджеттен қаржыландырылатын балалар мекемелерінің қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі енгізіледі. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша,  1 маусымнан бастап жаңа тәртіп аясында мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мектептерге мониторинг жүргізу басталады. Ал 1 шілдеден бастап аталған балық нысандарда жоспарлы тексерулер өткізіледі. Ерекше тәртіп жүйелік бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді, олардың арасында көбінесе бөлмелердің санитариялық-техникалық жағдайының тиісті деңгейде болмауы, ас блоктарындағы мәселелер және рұқсат құжаттарының болмауы анықталады. Жыл басынан бері санитариялық дәрігерлер 347 мектепті, оның ішінде 49 ас блогын тексерді.

Тасымалдау жеңілдейді

Полиция балаларды тасымалдауды бақылауды күшейтеді және лагерь қызметкерлерін тексереді

 Маусым айында Қазақстанның барлық қалаларында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Акция аясында полицейлер балаларды тасымалдау үшін көліктің техникалық жағдайын тексереді және жолдарда жүргізушілерді бақылауды күшейтеді. 

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың айтуынша, жазғы каникул қарсаңында білім беру ұйымдарында құқықтық тақырыптағы сабақтар, «Заң мен тәртіп» қағидатын түсіндіру жұмыстары, «жеке қауіпсіздік» сабақтары өткізілді, онда түнгі уақытта көшеде жүруге тыйым салу, жол қауіпсіздігін сақтау мәселелері бойынша ақпарат берілді. «Қиын жасөспірімдермен» мақсатты профилактикалық жұмыс жалғасуда.

Бұқаралық демалыс орындарындағы қауіпсіздікке ерекше назар аударылатын болады. 

Жаңа талаптар енгізілді. Енді, балалар лагерьлері – қосымша білім беру объектілеріне жатқызылды. Әкімдіктер оларды қысқа мерзімде өңірлік тізбесіне енгізу қажет. Өз кезегінде, ІІМ лагерь қызметшілерін тексеру, полиция қызметкерлерін бекіту, ұйымдастырылған балалар тасымалдауын сүйемелдеуді қамтамасыз етеді, – деп атап өтті министр.

 

Оқи отырыңыз