Жаңалықтар

Биыл Ақтөбеде 1500-ден астам шетелдік азамат жауапқа тартылды

Биыл Ақтөбеде 1500-ден астам шетелдік азамат жауапқа тартылды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 21.12.2023 17:38 639

Биыл Ақтөбеде 1500-ден астам шетелдік азамат жауапқа тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқарды. Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, жыл басынан бері облыста 5 мыңнан астам шетелдік азамат тіркеліп, оның ішінде 1686 шетелдік Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат рәсімген.

Бұл ретте, ел аумағында жүріп, заң бұзған шетелдіктер де полицейлердің қырағы назарынан тыс қалмаған: көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1511 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот органдарының шешімдерімен ел аумағынан 392 шетелдік шығарылған. Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтудің 4 фактісі анықталған. Халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы, әрі уақытылы қызмет көрсету – басты назарда. Осы жылы ПД көші-қон бөліністерімен 10 мемлекеттік қызмет түрі бойынша азаматтардың 204 мыңнан астам өтініші қаралған. Қазақстан Республикасының аумағында бұрын белгілі бір құқықтық мәртебесіз өмір сүрген 70-ке жуық адамға жеке басын куәландыратын құжаттар рәсімделіп, оның ішінде 59 адам Қазақстан Республикасының азаматы деп танылған.

Маусым айында Ақтөбе қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметіне Қазақстан Республикасының құқықтық мәртебесін беру туралы облыс тұрғынынан өтініш түсті. Ол Қазақстан Республикасына 1976 жылы келген. Кәмелетке толғаннан кейін 1974 жылғы үлгідегі паспорт алған, алайда кейінірек оны белгісіз жағдайда жоғалтқан. Бұл өтініш бойынша көші-қон қызметкерлері жан-жақты жұмыс атқарып, нәтижесінде аз уақыт ішінде аталған тұрғынға Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін ұсынды, – дейді Ардана Саймағамбетов.

Полиция басшылығының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде үйде қызмет көрсету кезінде оларға қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп, азаматтар тарапынан оң бағаланып отыр. Ел азаматтарымен қатар, шетел азаматтарының тарапынан жиі түсіп жатқан полицейлерге деген жылы лебіздер –мұның дәлелі.

Мысалы, жаз айында 88 жастағы Германия азаматшасы денсаулығы нашарлаған соң, Ақтөбе қаласында тұратын ұлының қасында тұруға келген. Виза мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеткер тиісті құжаттардың болмауына байланысты елде тұруға ықтиярхат рәсімдей алмаған, себебі Германиядан бірнеше құжаттар қажет болған. Олар Ақтөбедегі көші-қон полициянан көмек сұрады. Қызметкерлер мән-жайды мұқият зерделеп, қажетті құжаттарды шетелден өздері алдыра отырып, денсаулығы нашарлаған шетел азаматшасының үйне барып, жаңа визаны рәсімдеуге көмектесті, – деді департамент бастығының бірінші орынбасары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға