Жаңалықтар

Биыл 23 мыңнан астам астаналық жұмыспен қамтылады

Биыл 23 мыңнан астам астаналық жұмыспен қамтылады
Фото: zh-shugylasy.kz 02.03.2023 18:00 634

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас  ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек» деген еді. Сол тапсырманы орындау мақсатында елордада қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын анықтау үшін Астана қаласының әкімдігіне сұраныс жібердік.

Қазіргі таңда өзекті болып отырған жұмыс табу мәселесі бойынша жұмыспен қамту орталығының жастарға ұсынатын бірнеше ұсынысы бар.  Оның қатарына тұрақты жұмыс орындарына орналастыру, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, микрокредит беру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар, электрондық еңбек биржасында дағдыларды оқыту жатады. Сонымен қатар жұмыс берушілердің сұраныстары негізінде және жұмыс берушілердің жұмыс орнында  қысқа мерзімді курстарда кәсіптік оқыту,  Бастау Бизнес жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларын әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өткізуді атап кетуге болады.

Оған қоса жұмыссыздарды, оның ішінде жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы хабардар ету мақсатында мынадай жұмыстар жүрізіледі:

- Жұмыспен қамту орталығының мобильдік тобының жұмыссыз жастарды анықтау үшін қаланың жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарына, қалалық дүкендерге, сауда үйлеріне, адамдар көп жиналатын орындарға шығу;

- бос орындар жәрмеңкелерін ұйымдастыру,

- жұмысқа орналастыру бойынша кеңес беру және қызмет көрсету жұмыстары атқарылады.

Бүгінде жастар тәжірибесінің, еңбек өтілінің аздығынан жұмысқа орналасу мәселесіне тап болып отыр. Аталған мәселе толығымен мемлекеттік қолдау арқылы шешіледі. Жастар практикасы, Алғашқы жұмыс орны, Ұрпақтар келісімшарты  жобалары аясында субсидияланатын жұмыс орындары іске асырылады. Жұмыс кезеңі еңбек кітапшасына енгізіледі, ол жас мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Осы ретте жоғарыда атап кеткен бағдарламаларға тоқтала кетейік.

«Жастар практикасы»  –  алған мамандығы бойынша бастапқы тәжірибе алу үшін 29 жасқа толмаған колледждер мен жоғары оқу орындарының (2021, 2022, 2023 жылдары диплом алған) түлектеріне арналған. Қатысу ұзақтығы – 12 айдан аспайды. Жалақы мөлшері: 40 АЕК көлемінде.

«Алғашқы жұмыс орны» – колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне, оның ішінде 29 жасқа толмаған және алғаш рет жұмыс іздеп жүрген NEET санатындағы жастарға бағытталған. Қатысу ұзақтығы – 18 айдан аспайды. Жалақы мөлшері: 30 АЕК.

«Ұрпақтар келісімшарты»  –  жинақталған тәжірибе мен дағдыларды зейнеткерлік жас алдындағы жұмыс істейтін қызметкерлерден беру үшін арнайы құрылатын жұмыс орны. 6 ай өткеннен кейін жұмыссызға тұрақты жұмыс беріледі және ол зейнеткерлік жасқа толған қызметкерді алмастырады. Қатысу ұзақтығы – 6 ай. Жалақы мөлшері: 30 АЕК.

Ағымдағы жылдан бастап жастар үшін жылдық 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін шағын несиелеу көзделген:

1) микрокредит мерзімі – 5 жылға, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін;

2) микрокредиттің ең көп берілетін қаржысы – 5 миллион теңге шамасында;

3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды;

4) кепілмен қамтамасыз етудің болуы;

5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 аспайды;

6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркеудің болуы.

Қазіргі таңда «Электрондық еңбек биржасы» интернет-порталында 1 555 жұмыс берушіден 4 289 бос орны бар. Жұмысқа тұрғысы келетін адамға бос жұмыс орындары жеткілікті.

«2021-2025 жылға арналған Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы негізінде халықты, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту шаралары белгіленген. 2022 жылы 27,5 мыңнан астам адам, 17,9 мың жастар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылды. Атап айтқанда, 12,4 мың адам, 5 511 жас маман жұмысқа, оның ішінде 8,4 мың адам, 3407 жастар тұрақты жұмыс орнына орналасты. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 350 адамға гранттар берілді. Оның 204-і жастар және 146-сы адам халықтың әлеуметтік осал топтардан шыққан азаматтар», – делінген жолданған ақпаратта.

Астана қаласының әкімдігі Президент тапсырма бергеннен бастап 2022 жылы Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 17,9 мың жас жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылды дейді.

«5,5 мың жас жұмысқа орналастырылды, оның 3,4 мыңы тұрақты жұмыс орындарында қызмет етуде. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 204 жасқа 1,2 миллион теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар берілді. Ел арасында кеңінен таралған кәсіптерге, дағдыларға және Бастау Бизнес жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін 2,5 мың жас оқыды. 9 бен 11 сыныптың 9,7 мың оқушысы әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті», – делінген әкімдіктің жауабында.

2022 жылдан бастап «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» мен «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысушылардың жалақысының мөлшері 30 АЕК-ке дейін өсті.

Жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант мөлшері 400 АЕК-ке, яғни 1,2 миллион теңгеге ұлғайтылды.

2023 жылы жұмыспен қамту шараларымен 23 мыңнан астам адамды, оның ішінде 16 мыңнан астамы жастарды қамту жоспарда бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға