Жаңалықтар

Биыл 23 мыңға жуық шағын кәсіпкерге грант беріледі

Биыл 90 255 адам оқудан өтіп, сертификат алған
Биыл 23 мыңға жуық шағын кәсіпкерге грант беріледі
Фото: dalanews.kz 04.11.2022 18:07 2760

Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі бойынша экономикалық өсімді қалыптастыруда шағын және орта бизнес саласының басымдыққа ие екенін білеміз. Мәселен, осы салада жұмыс істейтіндер АҚШ-та – 53 пайызды, Жапонияда – 71 пайызды құрайды екен. Бұл елдердің бәсекеге қабілетті болуына дәл осы бизнес саласы шешуші рөл атқаруда. Қазақстан билігі де бизнес саласын дамытуға мән беріп, кәсіп бастауға ниетті адамдарды оқытып, гранттар мен жеңілдетілген несие беруді жолға қойды.

Біз «Бастау Бизнес» бойынша қанша адам білім алғанын, олардың кәсіпкерлікті дамытудағы белсенділігі туралы толығырақ білу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне хабарластық. Тиісті ведомоствоның мәліметінше, 2022 жылы шілденің соңынан қарашаның басына дейінгі аралықта 90 255 адам оқудан өтіп, сертификат алған.

Айта кететіні, бұған дейін бұл функцияны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атқарып келген-ді.

Бізді қызықтырған сұрақтың бірі – курсқа қатысушылар қалай іріктеледі және сертификат алу үшін неше күн оқу керек?  

«Барлығы өте қарапайым. Ең алдымен «Business.enbek.kz» порталында тіркеліп, оқуға қатысушыларға қойылатын талапқа сәйкестігін тексеру қажет. Ол үшін жұмыссыз, кәсібін енді бастаған, зейнет жасына жетпей жұмысынан айырылған, табысы күнкөріс дейгейінен төмен адамдардың қатарынан болу керек. Осы талаптарға сәйкес келетін қатысушылар «Skills.enbek.kz» порталына өтіп, оқуға кірісе алады. Оқудың ұзақтығы 14 күнді құрайды. Әр қатысушы курсты жеке-жеке меңгерумен айналысады», – деді министрлік өкілі Анара Шайкенова.

Білім алушы кәсіпкерлер 12 модуль бойынша сабақ өтеді. Әрбір модуль аяқталған соң аралық тестілеу болады. Келесі кезеңге өту үшін қатысушы тест сұрақтарының кемінде 70 пайызына дұрыс жауап беруі қажет.

Болашақ кәсіпкер қорытынды тестілеуді тапсыру кезінде дұрыс жауабы шектік пайыздан асқан жағдайда, оқудан өтті деп саналады. Ал тестілеуден өте алмағандар үшін 2 рет мүмкіндік беріледі.

Тұрғындар арасында тиісті талаптарға сай келіп, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған кәсіпкерлер де аз емес. Олардың бірқатары бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

«2020 жылдан бері қолдан шоколад жасай бастадым. Сөйтіп, 2021 жылдың сәуір айында «Бастау Бизнес» жобасына қатысу үшін құжаттарымды тапсырып, курсты оқып шықтым. Қантсыз жасалатын табиғи шоколад туралы авторлық жоба қорғап, шілде айында грантқа ие болдым. Маған 583 400 теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы берілді. Ол қаржыға асүйге қажетті техникалар сатып алдым. Бүгінде Астана қаласы бойынша 9 дүкен және 3 кофехана жұмыс істеп тұр», – деді кәсіпкер Махаббат Қозжанова.

Жұмыссыздықты азайтудың бірден-бір жолы – бизнес саласын дамыту.

Мәселен, Астана қаласы тұрғындарының 74,77 пайызы шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Олардың ішінде тіркелгендер саны 219,2 мың болса, жұмыс істеп жатқандары 190,8 мың.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2022 жылғы статистика бойынша 1 кварталға шаққанда шағын және орта бизнеспен 441 307 адам айналысады екен.

«Кәсіппен айналысатындар саны көбейіп келе жатқанын статистикалық деректер де дәлелдеп жүр. Өткен жылдың қазан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда, кәсіпкерлер саны 27,9 мыңға өскені байқалады», – дейді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.

Тұрғындар «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша сертификат алуға ынталы. Себебі, бағдарлама бойынша нарықтық қатынастарды меңгеріп, бизнесті дамытудың жолдарын үйренген азамат мемлекеттен грант алып, бизнесін бастауға және дамытуға мүмкіндік алады.

2017-2021 жылдары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша тұрғындарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылған. 5 жылдың ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан 184,9 мың адам өтсе, оның 150,7 мыңы өз бизнес жобаларын қорғап, оқудан өткендігі туралы тиісті сертификаттар алды. Сертификат алғандардың арасынан 56,7 мың адам шағын несиеге немесе грантқа ие болған.

Биылғы жылы кәсіптерін енді бастағандар үшін 22 962 грант беру жоспарланған болса, соның 21 040 грант иесін тапты. Бұл жылдық жоспардың 91,6 пайызын құрайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға