Жаңалықтар

Биыл 18 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген

Бұл туралы киберқылмысқа қарсы күрес орталығы мәлім етті
Биыл 18 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген
Фото: kk.unansea.com 29.11.2022 15:48 1840

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы “Орталық коммуникациялар қызметі” РММ баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Соңғы уақытта елімізде интернет алаяқтық кеңінен таралуда. Ағымдағы жылда оның саны 18 000-нан асқан.

Отырыста ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай интернет алаяқтықтың белең алып жатқан түрлерін атады.

«Алаяқтық көбіне тауарларды онлайн сатып алу жолымен жасалады. Мұндай әдіспен 6000 қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта банк, құқықтық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалған алаяқтық алаңдатушылық тудыруда. Жыл басынан бері 3000 қылмыс тіркелді», - деді Жандос Талғатұлы.

Сондай-ақ ол қарапайым тұрғындардың интернет алаяқтықтан қалай сақтануға болатыны жайлы кеңесін берді.

«Ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару немесе несиені рәсімдеу туралы өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың телефон арқылы нұсқаулықтарына құлақ түрмеу қажет. Құқық қорғау органдары арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейтінін есте сақтаңыздар. Өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластикалық карталардың нөмірлерін немесе SMS хаттардың кодтарын, құпия сөздерді хабарламаңыздар», - деді ол.

Оған қоса Жандос Сүйінбай белгісіз, тексерілмеген сайттарға, басқа желі көздері арқылы жеке деректерді енгізбеу керек екенін де айтты. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбей, тауарды алғаннан кейін барып ақшасын беру керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға