Бітіру кеші төңірегіндегі дау: Аймағамбетов мұғалімдерді қорғады

 El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Фото: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мектеп бітіру кешін өткізу мәселесі жыл сайын көтерілетінін айтып, оның түпкі проблемасы шешімдердің орындалмауында екенін мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, бұл тақырып жаңа емес. Әр жылдары білім саласын басқарған бірнеше министрдің тұсында да мектеп бітіру кешіне қатысты шектеулер енгізіліп, түрлі ұсыныстар айтылған. Алайда мәселе нақты бақылау мен талаптың орындалуына келгенде әлсіздік байқалады.

Бұл мәселе бұрын да талай рет көтерілген. Әртүрлі министрлер кезеңінде шешімдер қабылданды. Бірақ ең бастысы – сол шешімдердің іс жүзінде қалай орындалып жатқаны. Өкінішке қарай, бұл – жыл сайын қайталанатын тақырып, – деді ол.

Аймағамбетов ерекше назар аударған мәселенің бірі – мұғалімдерге түсетін артық жүктеме. Оның пікірінше, мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру педагогтердің міндетіне кірмейді.

Кеш өткізуге тыйым салынса да, ең маңыздысы – мұғалімдерді оған араластырмау. Бұрын мұғалімдерді тойханаларға барып, балаларды күзетуге дейін жұмсайтын жағдайлар болған. Бұл дұрыс тәжірибе емес, – деді депутат.

Мұғалімге жүк артылмауы тиіс

Ол мұғалімдердің түн ортасына дейін жауапкершілік арқалап жүруі заң тұрғысынан да, кәсіби тұрғыдан да негізсіз екенін атап өтті. Сондықтан бұл мәселеде негізгі жауапкершілік ата-аналарға жүктелуі тиіс.

Мұғалім түнгі уақытта тойхананы бақылап жүруге міндетті емес. Балалар мектеп бітіргеннен кейін олардың қауіпсіздігі мен тәртібіне ата-аналар жауап беруі керек. Неге бұл жауапкершілік мұғалімге артылуы тиіс? – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар депутат мұғалімдер ешқашан ата-аналарды артық шығынға итермелемейтінін жеткізді. Керісінше, педагогтер мектеп қабырғасында қарапайым форматтағы шараларды қолдайды.

Лимузин жалдау, қымбат  мейрамхана таңдау – мұғалімнің талабы емес. Бұл – ата-аналардың өз шешімі. Мұғалімдер әрдайым қарапайым әрі қауіпсіз форматты ұсынады, – деді Аймағамбетов.

Осылайша, депутат мектеп бітіру кешіне қатысты негізгі ұстаным – мұғалімдерді артық міндеттен босатып, жауапкершілікті ата-аналарға нақты жүктеу екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға болмайтынын ресми түрде мәлімдеген болатын. 

Оқи отырыңыз